Сөйтіп, жыл сайын біз «...өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді» деп Сәкен Сейфуллин баға берген, қазақ әліпбиінің негізін салған ұлы ғалымның туған күнінде Тіл мерекесін тойлап келеміз.
Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы есесі кеткен жылдардың жоқтаушысы, болашаққа батыл қадамның басқышындай дүниеге келген ұйым деуімізге болады.
Орталық еліміздегі тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру, яғни қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі толыққанды қызметін қамтамасыз ете отырып, латын графикалы әліпби негізінде қазақ тілін жаңғыртуға, тіл мәдениетін одан әрі арттыруға және тілдік капиталды дамытуға бағытталған үйлесімді тіл саясатын жүргізу жолына бел шешіп кірісті.
2017 жылы Үкімет қаулысымен қазақ әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңімен көшірудің мақсатты жоспары құрылған-ды. Жоспарды іске асырудың ғылыми негіздемелерін әзірлеу үшін еліміздегі беделді филолог, тілші ғалымдардан, тарих саласының, терминология мен ономастика, лингвистика, шетел тілдерінің сарапшыларынан, ІТ мамандардан тұратын жұмыс топтары жасақталды.
Орфографиялық, Әдістемелік, Терминологиялық, Сараптама-техникалық жұмыс топтарының жұмыс бағытын басты мақсатқа лайықтап, олардың қызметін үйлестіру де «Тіл-Қазына» ұлттық орталығына міндеттелді.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдары әліпби мен емле ережесінің жобасын әзірлеп, біздің орталық ғылыми-ұйымдастырушылық міндеттерін атқарды.
Латын графикасына көшіру үдерісіндегі Нұр-Сұлтаннан басталған ғылыми-ұйымдастырушылық міндеттер өңірлердегі Тіл басқармалары, тіл оқыту орталықтары, ЖОО, өзге де білім беру мекемелерінде жалғасын тауып отырды. Латын графикалы қазақ тілінің бірнеше әліпбиінің нұсқалары әзірленді. Бұл күрделі шаруаға қоғам болып атсалысты. «Тіл-Қазына» ұлттық орталығы 40-тан астам әліпби нұсқасын жоғарыдағы жұмыс тобы мүшелерінің талқысына салып, түрлі байқау сынақтарын өткізді. Алайда ақпараттық технологиялардың жедел дамыған заманында кейбір тілдің әуезділігі, шетелдік сөздердің бейімделуіне байланысты жазу ережелері бойынша сұрақтар туындап отыр. Ғалымдардың осы мәселелерде ортақ шешім табу жолында ғылыми ізденістері жалғасуда. Еліміз бойынша байқау сынақтары, сауалнамалар шараларына үш жарым миллиондай адам қатысып, қатысушылардың басым бөлігі латын графикасына көшуге дайындығын білдірді.
Қазақ тілінің бәсекелестікке қабілеттілігін арттырудың тағы бір жолы – ол ақпараттық кеңістікке тілді бейімдеу, яғни кез келген ақпараттық қосымшалар, платформалар, интернет қосымшалары, мобильді қосымшалар, тілді меңгеруге қажетті бағдарламалар қазақ тілін «түсінетін, қабылдайтын» болуы керек. Ол үшін қазақ тіліндегі түрлі стильдегі барлық мәтіндерді бір «ортақ қазанға», яғни қорға жинақтау қажет болады. Бұл бағытта алғашқы нәтиже баршылық. Десек те, әрбір дамыған елдерде өз тілінің өміршеңдігін сақтау мақсатында тілдік корпус қалыптастырған.
Сол тілдегі барлық сөздер, сөз тіркестері, мәтіндер, олардың түсіндірмесі, мәтіндердегі әрбір сөздің тіл құрылымындағы орны, тілдің орфографиясына сәйкес бөлінуі сияқты толық ақпарат осы қорда жинақталады. Мұндай қор тілдің ақпараттық технология заманында кез келген тілдік материалдарды өңдегенде, пайдаланғанда бағалы қазына болады.
Бізде де қазақ тілінің ұлттық корпусын дайындайтын уақыт жетті. Бұл бағытта жұмыстар басталып та кетті.
Қазақ тілін ақпараттық кеңістікке бейімдеу мақсатында түрлі сайттар, мобильді қосымшалар жасалып, қолданысқа енгізіліп отыр. Солардың бір парасына тоқталып өтуімізге де болады.
Жасанды интеллект технологиясы бойынша қазақ тілін өз бетінше үйренуге арналған www.tilqural.kz порталы – қазіргі таңда тіл үйренуге ынталы адамдарға жақсы мүмкіндік. Аталған портал қазақ тілін 5 деңгей (қарапайым, базалық, орта, ортадан жоғары және жоғары) бойынша меңгеруге жол ашады. Порталдың функциясы әрбір қадам сайын тіл үйренушінің әрекетіне, оның қарым-қабілетіне, тілдік білімінің даму динамикасына қарай әртүрлі сценарийде оңай және қысқа уақытта материалды меңгеруіне көмектеседі. Әр сеанс сайын тіл үйренушінің келген жерінен жалғастырып, тіл үйренушінің сөздік қорын жетілдіру арқылы, грамматикалық бірліктерді меңгеруге және сол арқылы, тыңдап, яғни естігенін түсіну, оқығанын түсіну, сөйлей білу мен жаза білу қабілеттерін күн санап арттыра береді. Соңында тілдік тест тапсыру арқылы тіл үйренушінің қай деңгейде қазақ тілін меңгергендігін растап бере алады.
Сөздер мен сөз тіркестерінің мазмұнын, мағынасын, жаңа сөздер мен көнерген сөздердің мағынасын анықтайтын жаңа портал www.sozdikqor.kz қолданысқа енгелі бері тіл мамандары мен журналистер, қаламгерлер, мақала әзірлеуші мамандар, мемлекеттік қызметтегі құжатайналым мамандары мен жалпы тілге қызығушылар тарапынан жақсы пікірлер естілуде. Осы порталдың Telrgram бот каналы да іске қосылды.
Қазақ терминінің өзекті проблемаларына арналған www.termincom.kz сайты кез келген азаматқа жаңа терминдерді талқылауға, сараптамадан өткізу шараларына қатысуға мүмкіндік береді. Ақпараттық алаңда кез келген термин жобасына пікір білдіруге болады.
Ономастикалық атауларды іздеу, олардың тарихы, жер-су атаулары, көше атауларын анықтайтын www.atau.kz сайтының да елжанды азаматтардың көңілінен шығары даусыз. Кез келген елдің өткені мен бүгінінің сабақтастығы оның жер-су атаулары арқылы көрініс табатыны белгілі. Сол секілді қазақ елінің жер-су атаулары да халықтың сан ғасырлық тарихынан сыр шертеді. Биылдан бастап Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстары бойынша ономастикалық атауларды тарихи-диахрондық әдіс арқылы зерттеу басталды. Бұл ретте жобаны орындауға, іс-шараның өзегі ғылыми ізденістер болғандықтан, құрамында алты ономаст-ғалым бар жұмыс тобы құрылды.
Қазақ әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру үдерісі де ақпараттық қолдауды қажет етеді. Осы мақсатта www.qazlatyn.kz арнайы порталы әзірленіп, интернет желісіне қосылып, қазір ол үздіксіз қызмет істеп тұр. Порталға бір графикадан екіншісіне және керісінше аударатын конвертациялау функциясы қосылған.
Осының бәрі айтқанға оңай болғанымен, іс жүзінде ғылыми негізді ауқымды шаруаларды қамтиды.
Сонымен бірге ақпараттандыру және коммуникация саласындағы қазақ тілінің қолданылуын жетілдіру, мәдениет пен халыққа қызмет көрсету, БАҚ және бизнес саласында мемлекеттік тілдің қолданысын реттеу, әлеуметтік беделін арттыру бағытында қыруар іс атқарылып жатқанын айту парыз.
Халықаралық коммуникацияда қазақ тілінің қолданылуын кеңейту, Қазақстан азаматтарының тілдік капиталын дамыту мәселелері заманауи тәсілдерге жүгінгенде ғана жоғары нәтижеге қол жеткізеді. Осы ретте біздің мамандар да ғылым мен техника жетістіктерін барынша пайдалануға тырысуда.
Орыс тілінің коммуникативтік-тілдік кеңістікте қолданылуы, этностық топтардың тілдерін дамыту, қазақстандықтардың лингвистикалық капиталын арттыру мәселесі де назарда ұсталуда.
Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті жоғарыда көрсетілген міндеттерді іске асырушы орталық мемлекеттік атқарушы орган ретінде «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығына тікелей тапсырма мен тапсырыстар беріп келеді.
Тек биылдың өзінде ғана бірқатар ауқымды шаралар атқарылды.
Соның ішінде шоқтығы биік шара ретінде Үкімет жанындағы Республикалық Терминология және ономастика комиссиясының жұмысын қамтамасыз ету қызметін атап өткен орынды. Турасын айту керек, терминология – бүгінгі таңда көпшіліктің көңілін алаңдатқан өзекті мәселенің бірі. Сондықтан осы бағытта биыл нақты бірнеше іс-шаралар жасалды. Лингвистикалық сараптама жүргізу жүйелі түрде қолға алынды.
Мауысым айында дәстүрлі «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауы өткізілді. Елу алты журналистен 116 материал келіп түсті. Қазақ тілінің проблемаларын айшықтап айтатын, оның шешу жолдарын нұсқайтын ғылыми-публицистикалық «Тіл және Қоғам» электронды альманағы жыл сайын жарыққа шығады.
Қазақ тілін насихаттаудың аса тиімді тәсілі – телевизиялық бағдарламалар әзірлеп, көрермендерге ой салу. Жылма жыл түрлі сценарий бойынша телебағдарламалар әзірленіп, көрерменге жол тартады. Бұл жобалардың мазмұны тілдік ахуалға, тілдегі жүріп жатқан реформаға байланысты өзгеріп отырады. Биылғы тележоба «1 минут» деп аталады.
Одан бөлек, «Ілеспе аударма: теориялық негіздері мен практикасы» курсы бойынша қазақ тілінен ағылшын және орыс тілдеріне ілеспе аударма жүргізу дәрістері ұйымдастырылды. Бұған дейін қазақ-орыс, орыс-қазақ тілдеріне аударушыларға арналған курстар ұйымдастырылса, бұл жолғы шара тұңғыш рет, мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтату мақсатында қазақ-ағылшын, ағылшын-қазақ тілдері мамандарына арналды.
«Тіл-Қазына» орталығы қазақ тілінде сөйлеудің мәдениетін арттыру, мерейін көтеруге бағытталған түрлі республикалық шараларды ұйымдастыруда. «Тіл шебері», «Абай оқулары», «Тіл-дарын», «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы», «Мен қазақша сөйлеймін», «Қазақстан халқы тілдері» және т.б. түрлі республикалық байқаулар, конкурстар мемлекеттік тілді әртүрлі жастағы азаматтар арасында насихаттауға бағытталады. Мұндай іс-шаралардың мазмұны мен мақсаты жүйелі үйлестірілгенде ғана нәтиже берері белгілі. «Тіл-Қазына» орталығы жыл сайынғы конкурстарға мониторинг жасап, өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, заман талаптарына сай оларды жетілдіріп отырады.
Биылғы тағы бір жаңалық – ол Қазақстанда және шетелдерде қазақ тілін үйрету және ілгерілетуге арналған «Абай институты» жобасы. Бұл жоба шетелдердегі қазақ қандастарымыз үшін және шетелдік азаматтар үшін қазақ тілін үйрету, мәдениетін, тарихын, дәстүрлері мен ұлтымыздың бүтін ел ретіндегі болмыс-бітімін насихаттауға арналған. Биыл Германия, Франция, Түркия, Иран және Ресей мемлекеттерінде қазақ тілін оқыту курстарын жүргізу таңдап алынып отыр. Әлемде мұндай тәжірибе бар. Оны көріп те, естіп те жүрміз. Мысалы, Германияда әйгілі Гете институты, көршілес Ресейде атышулы Пушкин институты, Испанияда атағы жер жарған Сервантес институты бар. Сол секілді түрік бауырларымызда Юнус Эмре институты бар. Бұл институт бүкіл әлем бойынша 25 мемлекетте түрік мәдениеті орталықтарын ашып, жұмысын үйлестіріп отыр. Орталықтарда Түркияның мәдениетімен, өнерімен және тарихымен танысады, сонымен қатар түрік тілін үйретеді. Лондонда орталықтың ашылуына Түркия президенті А.Гюль қатысып, былай депті: «Ұлы державалар тек дипломатияның көмегімен ғана емес, мәдени капиталдың көмегімен де танылады. Сондай-ақ «Юнус Эмре атындағы Түрік мәдениеті орталықтары – Түркияның «көрінбейтін» күші. Біздің мәдени мұрамызды сақтау – мемлекетіміздің ең үлкен күші». Мұндай ұлттық орталықтардың маңызы туралы бұдан асырып айту қиын.
«Абай институты» жобасын іске асыру серіктестігіне білім, ғылым мәдениет салалары ғана емес, экономика, қаржы, саясат, сауда-саттық сияқты басқа да салаларда жұмыс істейтін отандық және шетелдік мекемелер мен ұйымдар, сондай-ақ қауымдастықтар, қорлар, орталықтар кіре алады. Қазақстанның консулдықтары бар елдерде қазақ тілін үйрену үшін жағдай жасау бойынша шаралар іске асырылуда. Ғылым және білім беру саласында, тіл теориясы, елімізде және шетелдердегі әлеуметтік-қоғамдық, саяси-экономикалық және ғылыми-техникалық салалардағы қазақтың әдеби тілін қолданудың әсерлілігі мен ерекшеліктері бойынша әртүрлі тақырыптарға онлайн-курстар мен бейнедәрістер өткізу жоспарланып отыр. Ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы мен идеяларына арналған іс-шаралар, конкурстар ұйымдастырылатын болады. Қазақ диаспоралары мен ирриденттеріне қазақ тілін, әдебиеті мен фольклорын үйренуге контент қалыптастырмақшы, ұлттық мәдениет пен өнеріміз насихатталады. Әлемдік тілдер, әріптес елдердің тілдері бойынша Елшіліктер жанынан тілдесім клубтары, кітап клубтары, оқыту курстары ұйымдастырылады.
Қазақстан халқы тілдері мерекесіне орайластырылып жыл сайын қыркүйек айы түгелдей тіл шаралары, тіл фестивалі ретінде өңір-өңірлерде кеңінен аталып өтіледі. Еліміз бойынша семинарлар, конференциялар, дөңгелек үстелдер, байқаулар, конкурстар, сұхбаттар, теле, радиобағдарламалар, марапаттаулар, құттықтаулар түрінде жүздеген шаралар ұйымдастырылмақшы. Нақтылап айтсақ, облыстық, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалық тілдерді дамыту басқармалары барлығы 485 іс-шара, өңірлік тілдерді оқыту орталықтары – 130-дан астам іс-шара өткізуді жоспарлап отыр.
Бұл айтылғандар – «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы атқарып жатқан сан-салалы қызметінің негізгі бағыттары ғана.
Әлібек АСҚАР,
Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры