Қазақ топырағында ежелден елге мәлім болған сүйіспеншілік, ғашықтық хикаялары ұлттың ауыз әдебиетінің алтын қорын қалыптастырған дүниелер. Ғасырлар бойы ауыздан ауызға көшіп келген туындылардың бірқатары кейіннен ұлттың ұлы тұлғаларының еңбегімен хатқа да түсіп, халықпен қауышты. Жалпы, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» хикаясы Қарабай мен Сарыбайдың құда болмаққа анттасуынан басталып, кейіннен екеуінің перзенттері Қозы мен Баянның бір-біріне деген сүйіспеншілігімен жалғасып, ақыры қос ғашықтың қайғылы өлімімен аяқталады. Ашық аспан астындағы спектакльде Қозы мен Баянның бейнесі бірден жарқырап көрінді. Театр әртістері Елжан Жармұхамедов пен Нұрай Қаражанова көп жағдайда жаттанды сөзден гөрі қос ғашықтың бір-біріне деген алғаусыз сезімін, адалдығы мен тұрақтылығын қимыл-қозғалысы мен көзқарасы арқылы әсерлі жеткізе білді. Ал Шер шайқы болса жырдағы негізгі оқиғалар мен құбылыстарды үнемі дауылпазын даңғырлатып жеткізіп жүруімен ерекшеленді. Сонымен қатар жырдағы барлық іс-әрекеттер сол оқиғаға қатысы бар басты кейіпкерлердің орындауымен көрерменге жеткізілді. Яғни әрбір оқиға көрерменге кейіпкерлер ойыны арқылы ұсынылды. Қойылымдағы бір ерекшелік – көпсөзділік жоқ. Кейіпкерлер арасындағы диалогтар тым қысқа. Бірақ әрбір кейіпкердің мінез-құлқын, жалпы болмысын әртістер негізінен ишара арқылы алып шыққан. Мәселен, Қарабайдың (әртіс Руслан Оразалиев) шектен тыс пайдакүнемдігі, перзентіне де жылуы жоқ кейпі көпшілікті түрлі ойға жетелегені анық. Ал Баянға ынтық Қодардың (әртіс Жандар Қырықбаев) даңғойлығы мен әпербақандығы да оның қимыл-әрекетінен-ақ көзге ұрып тұрды деуге болады. Сол сияқты үнемі бәріне жақсы көрінуді ойлап, Қарабай мен Қодардың арасына от салып жүретін Жантықтың болмысы да нанымды. Жантықтың екіжүзділігі, оған Қарабайдың да, Қодардың да сеніп қалуы, ақырында Қозы мен Баянның құрбан болуы да сенімді шыққан. Шер мен Жантықтың бейнесін бірдей сомдаған театр әртісі Мәмбет Қожалиевтің шеберлігін айта кеткен жөн. Аталған қойылым көрерменді лирикамен басталып, трагедиямен аяқталғандығына сендіре білді.
Спектакль соңында келушілер әртістерге құрмет көрсетті. Ал Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры Болат Бекжанов «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» қойылымы араға бірнеше жылдар салып театрсүйер қауыммен қайта қауышып отырғанын, махаббатқа адалдықты, сезімге беріктікті ту еткен бұл туынды тәрбие тағылымы екенін де айта келіп, келген көпшілікке алғыс білдірді.
Жамбыл облысы