Ғылым • 26 Қараша, 2024

Жас ізденушілер конгресі

116 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыда аса көрнекті ғалым Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына орай Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясында кейінгі толқын ізденушілердің «Жас сәтбаевшы» атты I конгресі өтті. Онда қазақ ғылымының бастауында тұрған академиктің ғылымдағы ісі мен отандық ғылымды дамытудағы өлшеусіз еңбегі туралы айтылып, қазіргі ғылым жетістіктері, өзекті мәселелері талқыланды.

Жас ізденушілер конгресі

Конгресте Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің, министр Саясат Нұрбектің құттықтауын оқып берді. Ал Парламент Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова Сенат, Мәжіліс төрағаларының құттықтауын жеткізіп, жылы ле­бізін білдірді. Бүгінде білім мен ғылымның астанасына айналған Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков жас зият­керлерге үлкен сенім артып, осы бағытта жігерлене жұмыс істеуге шақырды.

Жас ғалымдар кеңесінің төр­ағасы, PhD Мақсат Жабағин аталған кеңестің атқарған жұмысы жайында баяндады. Жарғыға сәйкес жас ғалымдар кеңесінің жұмысын Пре­зидиум басқарады. Оған Президент жанындағы Ұлттық құрылтай және Ғылым және техника жөніндегі ұлт­тық кеңестің мүшелері, респуб­ликадағы жас ғалымдар ұйым­да­рының төрағалары, Ұлттық ғы­лы­­ми кеңес мүшелері, жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу институттары жас ғалымдары кеңестерінің төрағалары, беделді жас ғалымдар енген. Мұның өзі еліміздегі ғылымды дамытуға жастардың белсенді кіріскендігін айғақтайды.

Қазіргі таңда Президент пәр­менімен жаңа мәртебеге ие бол­ған академия даму бағытын анық­тап, ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын анық­тау, ақпа­раттық-талдамалық сүйемелдеу, ғылыми әлеуеттің жай-күйін баға­лау, ғылыми зерттеулерді іске асырудың үздік халықаралық тәжі­ри­­бесін енгізу, пәнаралық ғылыми-техни­калық бағдар­ламаларды әзірлеу, ғылыми сыйлықтар мен сти­пендиялар беру бойынша ко­н­курстарды ұйым­дастыру бағы­тын­дағы қанатқақты жобаларды іске асырып келеді.

«Академияда Жас ғалымдар кеңесі­нің құрылуы – жүзеге асқан іргелі бас­тамалардың бірі болды. Ұлттық Ғылым академиясы­ның құрамында осындай орган алғаш рет құрылып отыр. Кеңес жұмысы арқылы жас ғалымдар елдегі ғылымды дамыту бойынша басты шешімдерді дайындауға сындарлы түрде қатыса оты­рып, өз пікірлерін жоғары деңгейде жеткізуге толығымен мүмкіндік алды. Жас ғалымдар кеңесі жақында құрылғанына қарамастан, ғылыми ортаны жақсарту бойын­ша бірнеше рет маңызды ұсыныс жасап, сәтті қорғап шықты. Талантты жас­тар академияда жүзеге асып жатқан баста­маларға айтарлықтай үлес қосып келеді. Ақмола, Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында академия президиумының көшпелі отырысы барысында «Қуатты ғылым – қуатты өңір» бастамасы іске қосылып, өңірлік филиалдары құрылды. Отандық ғылымның нақты жай-күйін бағалау үшін академия жанынан талдау орталығы жұмысын бас­тады», деді ҰҒА Басқарма президенті, академик Ақылбек Күрішбаев.

Халықаралық ынтымақтас­тықты кеңей­ту, жас ғалымдар диаспорасының жұмы­сын дамыту мақсатында АҚШ, Қы­тай, Ресей, Түркия елдерінің  және Еуропа мен ТМД-ның бірқатар мемлекеттерінің ғылым акаде­мияларымен байланыс орнады. Осы­ған байланысты Ұлттық ғылым ака­демиясында Қазақ-Неміс ғылы­ми-зерттеу ынтымақтастық орта­лығы және Қазақстан-Қытай ғылы­ми-техникалық инновациялық орталығы ашылып, форсайттық зерттеулер бойынша Қазақстан-Корея ғылыми-тех­никалық инно­вациялық орталығын құру бойын­ша келіссөздер жүріп жатыр. Еу­ро­палық ядролық зерттеулер орталы­ғы­ның (ЦЕРН) өкілдігі де жұмысын бастамақшы.

Биыл алғаш рет Ғылым жөнін­дегі Ұлттық баяндама мазмұнына «Қазақ­станның жас ғалымдарының жетістіктері» бөлімі енді. Алдағы уақытта бөлім жас ғалымдардың кәсіби мүмкіндіктерін кеңейту, талантты жастарды ғылымға тартуға ықпал ететін болады.

 

АЛМАТЫ