Пікір • 04 Қыркүйек, 2020

Әлеуметтің әл-ауқаты маңызды

182 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының Парламент палаталарының біріккен отырысында жариялаған Жолдауын мұқият тыңдадым. Биыл оны қоғам өкілдері, мемлекеттік органдар ғана емес, сонымен қатар азаматтар және бизнес өкілдері аса қызығушылықпен күтті. Олар Жолдауды өмірдегі өзекті сұрақтардың жауабын естіп, алдағы уақытта бизнес қалай жұмыс істейтінін, экономикалық және әлеуметтік күрделі мәселелерді шешу жолында мемлекет қандай саясат жүргізетінін білу үшін күткен еді.

Әлеуметтің әл-ауқаты маңызды

Бұл – заңдылық. Себебі пан­де­мияға байланысты карантин ке­зінде біздің отандық бизнес айтар­лықтай шығынға батты: тәуел­сіз зерттеулердің дерек­теріне қара­ған­да, кәсіпкерлік субъек­ті­лерінің 80%-ы табысын төмендетіп алған. Оның ішінде әрбір алтыншы кәсіп­кер табысының 80%-ына дейін жо­ғалт­са, 50%-ы тіпті де түсімсіз қал­ған екен.

Ел Президентінің панде­мия ке­зін­де Ұлттық банктің несие­лен­діру, бизнесті мемлекетке және ква­зимемлекеттік секторға қарайтын ғимараттарды жалға алу ақысынан жылдың соңына дейін босату сынды шұғыл қабылданған шараларын жыл аяғына дейін сақтау жөніндегі ұсынысын өте маңызды деп санаймын. Салықты дифференциациялау, салықты әкімшіліктендіруді оңай­лату тұрғысынан Салық кодексін қайта қарау туралы шешімді дер кезінде қабылданды деуге болады. Кәсіпкерлер шығынын төмендету тұрғысынан алғанда, жылдың со­ңына дейін еңбекақы төлеу қоры бо­йын­ша бюджеттік емес қорларға тө­лемді жылдың соңына дейін бол­дыр­мау жөніндегі шешім де құп­тау­ға тұрарлық. Сондай-ақ панде­мия кезінде мейлінше зиян шек­кен шағын және орта бизнес­ке ар­налған несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін 6%-ға дейін төмен­детудің де оң шешім болғанын айта кету ләзім.

Сонымен қатар агроөнеркәсіп кешенін қолдау саясатының жал­ғасын тапқанын да атап өткім келе­ді. Неге десеңіз, экономиканың бұл секторы еліміздің азық-түлік қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету бойынша аса зор миссияны атқарып қой­май, дәл қазіргі қалыптасқан жағ­дайда банкротқа ұшыраған және жабы­лып қалған кәсіпорындардың босап қалған еңбек ресурсына қатыс­ты жұмыспен қамту мәселесін шеше отырып, ауылшаруашылық өнім­дерін қайта өңдеу, құрылыс, көлік жә­не басқа салаларды дамыту үшін жағ­­дай туғызып, бүкіл эко­но­мика­мыз­­дың өзіндік драйвері бола алады.

Инвестициялық бағдар­ла­ма­лар­ды, жоғары технологиялық өндірісті, көліктік-транзиттік секторды, ақ­ша-несие саясатын дамытуға бағыт­талған осы және басқа да бірқатар шаралар құқық қолдану практикасына сай жағдайда, яғни мемлекеттік органдардың іркіліссіз, артық бюрократиясыз, сыбайлас жемқорлық сұлбасынсыз тиімді жұмыс істеген жағдайында ғана жүзеге асады.

Әріптестерім үшін бизнестің және барлық тұрғындардың мүддесі үшін қазіргі заңнаманы жетілдіру бойынша жұмысқа, сонымен бірге, мемлекет тарапынан қолға алынбақ жүйелік іс-шараларға мониторинг және қоғамдық бақылау жасауға бел­сен­ді түрде қатысуды маңызды деп са­наймын. Сонда ғана 2025 жылы шағын және орта бизнестің үле­сін­де төрт миллионға жуық адам­ды жұмыспен қамти отырып, еліміз­дің ІЖӨ-нің 35%-ына жеткізу жөнін­дегі өр мақсатты міндет арман бо­лып қалмай, шынайы жүзеге асады деп сенімді түрде айтуға болады.

 

Гүлнәр ҚҰРБАНБАЕВА,

Қарағанды облысы кәсіпкерлер қауымдастығының президенті

 

ҚАРАҒАНДЫ