Үстіміздегі жылдың басында Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдары ерлігі тарихта алтын әріптермен әдіптелген, әлемге аты аңыз болып кеткен Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың сүйегі Монаковадағы мемориалдық кешенде жоқ екен деген елді елең еткізерлік хабар таратқаны белгілі. Мұны еліміздегі теледидарлар мен басылымдар да «жерден жеті қоян тапқандай» іліп ала жөнелді. Халықтың бұл қалай болғаны деп жүргенінде, үстіміздегі жылдың шілде айында Шығыстың қос шынарының бірі Әлия Молдағұлованың жерленген жерін іздеуге қазақстандық екі іздеушілер отряды Ресейдің Псков жеріне аттанды. Біріншісі – Алматыдан, екіншісі – қазақтың қайсар қызы туып-өскен Ақтөбеден барды. Осы іздеушілер тапқан кеңес солдаттарының сүйектерін қайта жерлеу рәсіміне Ақтөбеден облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нәзира Табылдинова және Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың ерлік жолдарын көп жылдардан зерттеп келе жатқан «Қос Шынар» Әлия-Мәншүк» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Байдербесов, Әлияның туыстары Сапар Молдағұлов, Әрия Хабиева барып, қатысып қайтты. Сол екі ортада Әлияның сүйегі табылды деген хабар да тарап кетті. Біз Әлия туралы әртүрлі алып-қашпа әңгіменің қаншалықты шындыққа жанасатындығын, жалпы батыр апамыздың сүйегі қайда жерленгені және табыла қалғанда, оны елге әкелудің қаншалықты қажеттігі туралы ойын білмек үшін «Қос Шынар» Әлия-Мәншүк» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Байдербесовқа жолығып, сөзге тартқан болатынбыз.
Үстіміздегі жылдың басында Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдары ерлігі тарихта алтын әріптермен әдіптелген, әлемге аты аңыз болып кеткен Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың сүйегі Монаковадағы мемориалдық кешенде жоқ екен деген елді елең еткізерлік хабар таратқаны белгілі. Мұны еліміздегі теледидарлар мен басылымдар да «жерден жеті қоян тапқандай» іліп ала жөнелді. Халықтың бұл қалай болғаны деп жүргенінде, үстіміздегі жылдың шілде айында Шығыстың қос шынарының бірі Әлия Молдағұлованың жерленген жерін іздеуге қазақстандық екі іздеушілер отряды Ресейдің Псков жеріне аттанды. Біріншісі – Алматыдан, екіншісі – қазақтың қайсар қызы туып-өскен Ақтөбеден барды. Осы іздеушілер тапқан кеңес солдаттарының сүйектерін қайта жерлеу рәсіміне Ақтөбеден облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нәзира Табылдинова және Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың ерлік жолдарын көп жылдардан зерттеп келе жатқан «Қос Шынар» Әлия-Мәншүк» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Байдербесов, Әлияның туыстары Сапар Молдағұлов, Әрия Хабиева барып, қатысып қайтты. Сол екі ортада Әлияның сүйегі табылды деген хабар да тарап кетті. Біз Әлия туралы әртүрлі алып-қашпа әңгіменің қаншалықты шындыққа жанасатындығын, жалпы батыр апамыздың сүйегі қайда жерленгені және табыла қалғанда, оны елге әкелудің қаншалықты қажеттігі туралы ойын білмек үшін «Қос Шынар» Әлия-Мәншүк» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Байдербесовқа жолығып, сөзге тартқан болатынбыз.
– Біздің білетініміз, бұл хабар шыққан кезде туысқандар зиратына қазба жұмыстары жүргізілгені айтылған жоқ. Тіпті, солай болған күннің өзінде де, Әлияның сүйегі сол маңда жерленгендігі, туысқандар зиратына арналған ескерткіштің одан кейін орнатылғаны ескерілмеді. Батыр қыздың сүйегінен гөрі, оларды ескерткіштің астында болмағаны қызықтыратын сияқты болып көрінді маған.
Осы ескерткіштің жанында Әлиядан басқа төрт Кеңес Одағының Батыры жатыр. Олар түрлі ұлттың өкілдері. Қан-қасап қырғында қыршын кеткендердің құрметіне орнатылған ескерткішті жергілікті халық қаншама уақыт бойы құрметтеп, қасиетті де киелі орын санап келеді. Мен ол мекенге он мәрте бардым, соның талай куәсі болдым. Енді не болып қалды? Олардың ойлары не? Маған осы жасалып жатқан әрекеттердің төркінінде бір үлкен ойын бар сияқты көрінеді де тұрады.
«Айқын» газетінің осы жылдың 31 шілдесі күнгі санынан «Батыр қыздың сүйегін елге әкеледі» деген мақаланы оқыдым да өз көзіме өзім сенбедім. Бұл Әлия жайлы біраз мағлұматым бар мені таңғалдырды. Шынын айтсам, бұл мақала менің көзіме арада он күн өткен соң түсті. Сондықтан бұл мақалаға қатысты ойымды кештеу болса да жазып, сол басылымда жарияладым. Мұндағы ойым асығыс пікір білдірген журналисті мұқату емес, батырға қатысты жаңсақтыққа жол бермеудің қамы болатын. «Құлаққа өкпелеп жүргенде, мүйіз шықты» дегендей, мұны бұл қалай деп жүргенде ғаламтор « Әлияның сүйегін таптық» деген хабарды таратқанда өз көзіме өзім сенбедім. Тым тез, тым асығыс.
Орыс газеттерінде Монаковада «Әлияның сүйегі жоқ екен» деп жазылып еді. Оны біз тауып алайық деп, газеттерде хабарлағанындай, Алматыдан бірінші топ, Ақтөбе қаласынан екінші топ Ресейдің Псков жеріне аттанды да кетті. Және бір қызығы, сол барғандар араға аз ғана күн түскенде ұшты-күйлі жоқ сүйекті тауып ала қойды. Бұл, бұл ма, оның алдында батыр қыздың сүйегін елге әкеледі деп хабарлап та қойған.
Алайда, мемлекеттік дәрежеде шешілетін бұл мәселе аяқ астынан қалай жеңілдеп кетті деген ой ешкімнің де миына кіріп-шықпады. Ресей Федерациясы қаласақ алып кетіп, қаламасақ апарып тастайтын қоңсымыз емес қой, деген ой ешкімнің қаперіне кірмеді. Кедендік еркіндік болғанымен, шекаралық еркіндік бар деп кім айта алады? Халықаралық тәртіп бойынша шетелден өсімдіктің тұқымын да алып шығуға рұқсат алуың керек қой. Ал бұлар орыстың ит тұмсығы өтпейтін қалың орманынан жетпіс жыл бұрын шейіт болған Әлияның сүйегін қалай тез таба қойды және қалай елге әкеліп жерлеу мәселесін оп-оңай шеше қойды. Жарқыным-ау, бүгінде екі ауылдың арасындағы моладан да екінші қауымға апарып сұраусыз жерлей алмайсың ғой. Мұны бақылайтын екі мемлекеттің де ресми орындары қайда қарап отыр деп ешкім бас қатырмады. Біздіңше, Әлияның сүйегі табыла қалған күнде де, оны елге әкеліп туған топырағының қойнына беру мәселесі мемлекеттік деңгейде шешілетін іс. Бұған Қазақстан Үкіметі, Сыртқы істер министрлігі араласпаса, екінің бірі бітіре қоятын ауыл-үйдің арасындағы шаруа емесі айдан анық. Бұл екі адамның, тіпті пікірлес топтардың шеше салатын мәселесі емес қой. Екі мемлекет үшін де елдік маңызы зор мәселе екенін түсінбеуіміз қалай?
– Сіздің әңгіме ауаныңызға қарағанда, бұл тұжырымдармен келіспейтін сыңайлысыз. Сонда алға тартар қандай уәжіңіз бар?
– Ұлы Отан соғысы күні кешегі тарихымыз емес пе? Әлияның мүрдесін өзінің алма бағына алғаш жерлеген Бойков деген кісі, ал оның қызы 12 жастағы Уситова күні кешеге дейін өмірде болған адам. «Новосокольниках земля опаленная войной» кітабының авторы, өлкетанушы жазушы Ю. Алексеев, ұрыстан кейін қаза тапқандарды жинайтын взвод командирі болған Галпершин мұны растайды. Бұл арада келіп олардың пікірлері де есепке алынбайды. Олардың да бәрі осы Монаковада қайта жерленгенін айтады. 1944 жылы қазақтың майдангер жазушысы Жекен Жұмаханов Бондуров деген Әлияның командирінен сұрағанда ол картадан Монакова деген жерді көрсетіп, «тірі қалсаң ауылыңа айтып бар, Әлия осы жерде жерленген» деп айтқанын жазған «Майдан дәптері» деген шығармасында. Батальон командирі Ф.Мойсеев, Әлияның өзімен бірге оқу бітірген мерген қыз Зинаида Полякова, өзінің егізі Н.Матвеева, зерттеуші-журналист Сейілхан Асқаров, Ленинград мектебінің оқу ісінің меңгерушісі, зерттеуші, музей ұйымдастырушы Синицин, кинорежиссер Б.Шәмшиев және басқалары да осы деректердің дұрыстығына күмән келтірмейді. Қазіргі алып-қашпа әңгімелерге «май құюшылықты», жасалып жатқан әрекеттерді өрескел қате деп ойлаймын. Сондықтан, антропологтардың зерттеуінсіз, қорытынды шешімінсіз елге әкеліп, «мынау Әлияның сүйегі» деп жерлей салуға қарсымын. Егер бұлай жасалатын болса, мұны тарих кешірмейді. Сол себепті Әлияның сүйегі ескерткіштің астында бар ма, жоқпа, сүйегін елге әкеліп жерлеу керек деген әңгімелерді тоқтату керек.
– Сіздің Әлияның ерлігін насихаттап, оған қатысты басқа мәселелерді тиянақты зерттеп келе жатқаныңызды білеміз. Ата-анасының кім болғанын халыққа жете түсіндіріп, анасы Маржанның көп жылдар бойы табылмаған зиратын тауып, басына ескерткіш белгі қойған имандылық істеріңіздің өзі неге тұрады!? Тым әрі кетсек, Әлия Молдағұлова ескерткішін ашып, оны кешегі егемендіктің елең-алаңындағы күрделі кезеңде жабылуға жібермей сенімді басқаруда өз қаражатыңызға 5 жыл ұстауыңыз, кейін жағдай түзелген соң Үкіметке қайтып беруіңіз, батыр қыздың туысқандарымен байланысыңыз нағыз азаматқа тән іс екені даусыз. Дегенмен, мұндай кесімді пікіріңізді неге сүйеніп айтып отырсыз?
– Енді мен Әлия Молдағұлованың сүйегінің тап сол ескерткіш маңында аударылып жерленгені туралы мұрағаттық құжаттарға сүйеніп, әңгімемді өрістетейін. Бұл мәселе алпысыншы жылдары үкіметтік деңгейде көтерілген. Онымен Камал Смайылов бірінші хатшы болып тұрғанда Қазақстан Республикасының комсомол комитеті айналысқан. Орталық әскери мұрағаттарға арнайы қатыныс жіберіліп, сұрастырылған. Генерал-майор Подольский, подполковник Федеренко қол қойған мұрағат құжатына сүйеніп жазылған қатынаста былай деп жазады:
«Әлия Молдағұлованың тағдыры туралы төмендегідей мәліметтерді анықтадық:
4-ші бөлек атқыштар батальонының 54-ші бөлек атқыштар бригадасының мергені, Кеңес Одағының Батыры, ефрейтор Молдағұлова Әлия Нұрмұхамбетқызы 1925 жылы туған, Ақтөбе қаласы, Овражная көшесі, 6-үйдің тұрғыны, ВЛКСМ мүшесі, Псков облысының Новосокольнический ауданы Казачиха деревньясы үшін болған шайқаста қаза болды. 1960 жылы сәуірде Казачиха, Починки және басқа көршіліс елді мекендердегі қаза болған жауынгерлердің сүйектері, сүйектерінің қалдықтары Новосокольнический ауданының Монакова деревньясының оңтүстік-батыс шетіне туысқандар зиратына қайта жерленді. Туысқандар зираты Псков облысының Велики Лукиге Нарва арқылы Локииге дейінгі жолдың биігінде.
Әлия Молдағұлова Псков облысының Новосокольнический ауданының Монакова деревньясындағы туысқандар зиратының бірінде жерленген. Әлия Молдағұлованың жерленген Монакова зиратынан оның моласын көрсету мүмкін емес». Әскери мұрағаттың басшылары қол қойған бұл құжат 1963 жылы 19 маусымда жазылған. Бұл қатынас құжаттың көшірмесі еліміздің мұрағат қорында бар. Көшірмесі біздің де қолымызда тұр. Орыс тілінен аударып беріп отырмыз.
Бұдан белгілі болып отырғанындай, Әлияның сүйегінің жүздеген қаза болған жауынгерлермен бірге Монаковадағы туысқандар зиратына жерленгені анық. Бірақ мүрденің қай жерде екенін анықтау мүмкін емес. Мен мұндағы ескерткішті көзіммен көрдім. Кеңес Одағының бес батырына есімдері жазылған бөлек мрамор тақтайшалар орнатылып, аты-жөні ғана тұр. Бұдан шығатын қорытынды, Әлияның сүйегін табамын деу бос әурешілік. Бұл – қажетсіз іс. Ол біздің ұрпақтардың есінде қазіргі қалпында қалуы керек. Оның ерлігін ұлықтаған ескерткіштер Ресейде де, Қазақстанда да тұра берсін. Сүйегі жерленген жер белгілі емес пе? Халық сол жерге тағзым етеді. Батырдың аруағын мазаламайық.
– Бұл ұсыныңызды аруақты сыйлап өскен иісі қазақ қолдайтынына шек жоқ. Дегенмен, Монаковадағы ізшілер тапқан кеңес солдаттарын қайта жерлеуден кейін солардың арасынан моңғол тектес әйел адамның бас сүйегі табылыпты-мыс. Сол қабірден адамның кейбір мүшелері елге әкелініпті, енді генетикалық зерттеу жүргізіледі екен деген де қауесет желдей есіп кетті. Бұған не айтар едіңіз?
– Шыны керек, бұл шараны ерлікке тағзым етудің үлгісі деп ойлаймын. Қазақстандық және псковтық ізшілер отрядының жұмысына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Мұндай ризашылық сезімін қайта жерлеу рәсімінде сөз алған Новосокольнический ауданының басшысы Виталий Соловьев те білдірді.Осы шараға Әлияның туысқаны Сапар Молдағұлов пен Әрия Хабиева да бірге барып, апасы ерлік көрсеткен жерді көрді, батыр қызға деген ресейліктердің шынайы көңілін естіп қайтты. Құран бағыштадық, бауырластар зиратына гүл шоқтарын қойдық. Шыны керек, өз жерлерін қасық қаны қалғанша қорғап, шейіт болған көпұлтты кеңес солдаттарына деген сол жердегі халықтың құрметі мықты екенін көріп, сүйсіндік. Мен Әлия Молдағұлованың ерлік жолдарын қырық жыл зерттеген адаммын, сол жөнінде қазақ-орыс тілдерінде қаншама деректі кітаптар жаздым. Батыр қызымыздың ерлігін ұлықтаған ескерткіштер орыстың бірнеше қаласында тұр. Атында көшелер бар. Есімі мектептерге берілген. Мәскеудің өзінде ескерткіші тұр. Санкт-Петербургте мұражайы да, ескерткіші де бар. Олардың бәрінің бас-аяғын түгендеп айтып отыруға газет беті көтермес. Ал енді осындай орыс халқы үшін де құрметті, ерлігіне тағзым жасалып отырған адамды бір күнде тарих бетінен сыза салуға бола ма?
Ал, Әлияның сүйегі болуы мүмкін дегенге келсек, тағы да айтамын, әзірге бәрі құр болжам, сәуегейлік қана. Ізшілердің ішінде антрополог болмағандықтан, бас сүйегіне қарап, моңғол тектес, еуропалық деп айыру қиын деп ойлаймын. Сол орыстардың ішінде арғы ата-тегі моңғол тектілерден шыққандары толып жатқан жоқ па? Сол адамның кейбір мүшелерінің сүйегін алып келіп, генетикалық зерттеу жүргізіліп анықталып жатса, қане. Әзірге бәрі мүмкін-ау дегеннен әрі аса алмауда. Сондықтан, менің айтарым, арзан сенсация қуудың қажеті шамалы. Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова қаза тапқан жер белгілі, онда ескерткіші тұр, елде де ескерткіштері жеткілікті. Енді оны анда жерленген, мұнда жерленген дей берудің қажеті шамалы. Қай жерде де халықтың батыр қызына деген махаббаты ешқашан суымайтынына көзіміз жетті. Тарих үстірттікті, асығыстықты көтермейді. Соған абай болған жөн дер едім.
Әңгімелескен
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.