Қоғам • 07 Қыркүйек, 2020

Мемлекеттік қызметтерді үйден алатындар көбейді

140 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Егер бұрын халыққа қызмет көрсету орталығының мамандарын үйлеріне ерекше қажеттіліктері бар, 1-2 топтағы мүгедектер мен Ұлы Отан соғысының ардагерлері ғана шақырта алса, енді 65 жастан асқан азаматтар да мемлекеттік қызметтерді үйден ала алады. Бұл Қазақстанда бірқатар шектеу шараларының енгізілуіне байланысты қолға алынды. Өйткені карантин кезінде 65 жастан асқан адамдардың қозғалысына шектеу қойылған болатын.

Мемлекеттік қызметтерді үйден алатындар көбейді

Мемлекеттік корпорация қызметкерін үйге шақырту үшін азамат немесе оның қамқоршысы 1414 нөмірі бойынша бірың­ғай байланыс орталығына қоңырау шалып, қызметке сұраныс қалдыруы керек. Бұдан кейін Азаматтарға арналған үкіметтің мамандары өтініш қалдырушымен байланысып, құжаттардың толықтығын нақты­лайды және үйге барып мемлекеттік қыз­мет көрсетудің күні мен уақытын белгілейді. Айта кететіні, қызметкерлер өтінішті қа­был­­дағаннан кейін қызмет алушыға 7 жұ­мыс күнінен кешікпей баруы керек.

«Азаматтарға арналған үкімет» мем­ле­кеттік корпорациясының басқарма төрайымы Әсемгүл Балташеваның айтуынша, биыл 7 айда мемлекеттік корпорация қызметкерлері үй-үйге барып 22 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсеткен.

«Мобильді топты үйге шақыру кезінде халықты құжаттандыру қызметін көші-қон полициясының қызметкерлері жүзеге асыратынын ескеру қажет. Сондықтан егер жеке куәлікті жарамдылық мерзімі аяқталуына байланысты ауыстыру қажет болса, үйге бару және құжатты дайындау уақытын ескере отырып, өтінішті кем дегенде 2 апта бұрын қалдыруға кеңес береміз», деп атап өтті Ә.Балташева.

Естеріңізге сала кетейік, үйге шақырту барысында алынатын ең танымал қыз­меттердің ішінде төлқұжаттар мен жеке куәліктер беру, мүгедектерді сурдо-тефло­техникалық және міндетті гигиена құрал­дарымен қамтамасыз ету, мүгедек­терге протездік-ортопедиялық көмек көрсету үшін тиісті қағаздарын дайындау сияқты қызметтер бар.

Мемлекеттік корпорация қызметкерлері коронавирус пандемиясы жағдайында қызметтерді барлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып көрсетеді. Барлық маман маска мен антисептиктермен қамтамасыз етілген. Қызмет алушылармен байланысты азайту үшін ХҚО мамандары дәлізден ары өтпей, әлеуметтік қашықтықты сақтайды.