Пікір • 07 Қыркүйек, 2020

Бәскелестік экономиканы жылдам дамытады

335 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент Жолдауда ұзаққа созылған мұнай дәуірінің аяқталып келе жатқанын айтты. Мұны тура мағынасында түсінудің қажеті жоқ. Мемлекет басшысы мұнай бағасы барреліне 150 доллар болған тұстағы деңгейге енді қайтып келмейтінін, әлемдік нарықтың жаңа ахуалына дайын болу керектігін меңзеп отыр. Демек, ендігі жол – әртараптандырылған және технологияға негізделген экономика құру.

Бәскелестік экономиканы жылдам дамытады

Мұнай саласындағы сарапшылар­дың пікірінше, алдағы 30-40 жылда «қара алтынға» деген сұраныс артпаса, кемімейді. Мұнай нарығындағы ірі ойыншылардың жасап отырған қадамдарынан да осыны аңғаруға болады. Қазір іргемізде жатқан Қытай мен Ресей де, алпауыт АҚШ та мұ­най­шыларын қолдауда. Әлемде мұ­най­­дың үш үлкен тұтынушысы бар. Ол – Үндістан, Қытай және АҚШ. Аталған мемлекеттер де алдағы жос­­парларын мұнаймен байланысты­рып отыр.

Мемлекет басшысы мұнайға иек артуды доғару керектігін аңғартты. Бұрынғыдай «қара алтыннан» осыншама түсім түседі деп, арқаны кеңге сала­тын уақыт өтті. Мұнайдың баға­сы жоғары болған тұста Үкімет өзіне әлеу­меттік жауапкершілікті көп алып қойды. Халық та соған бой үй­рет­ті. Өз әлінше әрекет етпей, мем­ле­кет­ке жалтақтайтындары да сондықтан.

Президенттің квазимемлекеттік секторды реформалау ісін жалғас­тыру­ды ұсынуы да құптарлық қадам. Квазимемлекеттік сектор қаржылық топтарға қолайлы болғанымен, мемлекетке тиімсіз. Сондықтан ірі компанияларды жекешелендіру ісін жалғастыру керек. Иә, кейбір компаниялар стратегиялық тұрғыдан маңызды. Бірақ оларды қаптаған еншілес ұйымдардан арылтуға болады деп есептеймін. Бәрін бәсекелестік ортаға жіберу керек. Бәсекелестік жоқ жерде жауапкершілік те болмайды. Сондықтан мұның бірнеше пайдасы бар. Біріншіден, бәсекелестік экономиканы жылдам дамытады. Екіншіден, қызмет сапасы артады. Үшіншіден, мемлекет қаржысы үнемделеді.

Квазимемлекеттік секторға қажет­­ті тағы бір дүние – ашықтық. Әкім­дер мен министрлер халық алдында есеп бере бастағалы қоғамның оларға деген көзқарасы, қарым-қатынасы өзгерді. Сол секілді ұлттық компаниялар да халық алдында есеп беріп отыруға тиіс. Біздің елде есеп беру деген түсінік саясат сахнасында ғана қалып қойған. Экономикаға мүлдем қатысы жоқтай. Мүлдем олай емес. Ілгерілеушіліктің бәрі халық пен билік арасындағы ашық диалогтан басталады.

Мұнайға оралар болсақ, инвес­торлар «қара алтын» нарығы­ның дамуына қаржы салмай отыр. Әзірше ешқандай жаңа жоба қолға алынған жоқ. Дәл қазір инвестиция тарту тиімсіз. Себебі мұнай нарығы тұрақсыз болып тұр. Баға әзірше тұ­рақ­талмайды. Осы жылды барреліне 50 доллар көрсеткішпен түйіндесек те жаман болмас. Ал келер жылы мұнай бағасының барреліне 60-70 долларға дейін көтерілуін көріп қалуымыз ғажап емес.

Дағдарыс бізде ғана емес, тұтас әлемде орын алып отыр. Мәсе­лен, Ұлыбритания экономикасын 20 п­айызға құлдыратып алды. Іргеміз­дегі Ресей экономикасы 7 пайызға төмендеді. Қазақстанның да экономикасы шамамен 4-5 пайызға әлсіреді. Біз әлі 2019 жылдың екпіні­мен келе жатырмыз. Енді біртін­деп тоқырау басталады. 2021 жыл қиын тиюі мүмкін. Ал 2022 жылы пандемиядан біржола құтылып, адам­дардың коммуникациясы қал­пына түседі. Тиісінше экономика да дамудың жолын табады. Осы кезде елдер 2020-2021 жылдары жіберіп алған пайданы қуалап жету қамына кіріседі. Экономика кәдімгідей күш алады. Сол кезде мұнайға деген сұраныс та өседі.

Мұнайды алмастыра алатын ба­ғыт­тарды қарастыру керек. Соның бірі – бизнес. Біз бизнеске салық тө­леу­ші құрал ретінде қараймыз. Асы­­лы­нда бизнес жүйе құраушы салаға айналуға тиіс. Президенттің тапсыр­ма­ларынан да осыны аңғарып отырмыз.

 

Рашид ЖАҚСЫЛЫҚОВ,

Қазақстанның мұнай сервистік компаниялары одағының төралқа төрағасы