Бұл Жолдауда Президент халық алдында тұрған өзекті де өткір мәселелерді көтерді. Бұл – үлкен стратегиялық маңызы бар құжат. Ендігі мәселе – осы тапсырманы жүзеге асыру. Қ.Тоқаев әр сала бойынша не істеу керегін көрсетіп берді. Оны жүзеге асыру халқымыздың ұйымшылдығы мен іскерлігіне байланысты.
Мемлекет басшысы ғылымды дамыту мәселесіне ерекше назар аударды. Ғылымды қаржыландырудың және қолдаудың маңызды көзі – ірі кәсіпорындардың, әсіресе шикізат саласындағы компаниялардың қаражаты. «Тапқан табыстың 1 пайызын ғылым мен технологияны дамытуға беру туралы қолданыстағы норма талаптары сақталмай отыр. Көп жағдайда бұл қаражат компаниялардың ішінде бөлініске түсіп кетеді. Үкіметке осы қаражатты жинақтау ісін орталықтандыруды және оны бюджет арқылы жалпыұлттық ғылыми басымдыққа сай бөлінуін қамтамасыз етуді тапсырамын», деді Президент.
Осы тұрғыдан алғанда, біз, отандық ғылым өкілдері ірі жетекші компаниялардың және жекеменшік кәсіпорындардың ғылым саласына нақты үлес қосуы қажет деген Мемлекет басшысының ұсынысын қызу қолдап, қуаттаймыз. Шындығында бүгінгі таңда елдегі жеке бизнес өкілдерінің ғылымды дамытуға қосып отырған үлесі 20 пайыз ғана. Ал әлемнің дамыған елдерінде бұл көрсеткіш 70-80 пайызды құрайды.
Жолдауда ғылым саласын дамыту туралы Мемлекет басшысы бірқатар мәселені алға қойды. Бұл салада бізге тың көзқарас пен жаңа тәсілдер керегін айтты. Сондай-ақ халықаралық тәжірибеге арқа сүйеу қажет деді. Үкіметке жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1 мың грант бөлуді тапсырды.
Ғылым саласын дамыту үшін Мемлекет басшысы алға қойған маңызды шараларды жүзеге асыру бағытында біздің институт ұжымы ауқымды іс атқарады. Алдымызда жастарды ғылым саласына тарту, ынталандыру секілді міндеттер тұр.
Бұл Жолдауда «Жауапты мемлекет, жауапты қоғам, жауапты адам» деген тұжырымдама көпшіліктің көңілінен шықты. Бұл қағиданы жүзеге асыру – халқымыздың іскерлігі мен жауапкершілігіне байланысты. Басты мәселе – әрбір істің нәтижесі болуы тиіс.
Қазіргі сын сағатта ынтымағы жарасқан халқымыз орын алған ауыртпалықты лайықты көтере білді. Дағдарысқа қарсы шаралар қабылданып, індетті жеңуге қыруар қаржы бөлінді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша індет әлі екі жылға созылуы мүмкін. Демек, еліміз бұл жағдайға дайын болып, қандай ауртпалық болса да қиындықты жеңуге қарсы шараларды қолға алуымыз керек. Сондай-ақ жаңа нарыққа дайын болу керек. Мемлекет тарапынан әлеуметтік-экономикалық салаға алдағы үш жылға 1 трлн теңге бөлінбек.
Бұл Жолдау – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің берік негізі.
Ақан БИЖАНОВ,
Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі, саяси ғылымдарының докторы, профессор
АЛМАТЫ