31 Қазан, 2013

Тікелей эфирде... жарты сағат

308 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Атырауда аудан әкімдері бұқарамен дәл осылай байланыс жасайды

Атырау облыстық әкімдігі мен «Қазақстан-Атырау» телеарнасы жаңа бір жобаны қолға алды. Бұл – аудан әкімдерінің облыстық телеарна арқылы тікелей эфирге шығуы. Әр апта сайын берілетін жарты сағаттық тікелей эфирге алдымен Махамбет ауданының әкімі Ерлан Жаңабаев шақырылды. Ең жас әкімнің бірінен саналатын ол бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне өзі басқаратын ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігі, іске асырылып жатқан жобалар жөнінде айтып берді.

Махамбет – өңір орталығына ең жақын орналасқан, сонымен бірге, негізінен ауыл шаруашылығы кеңінен дамыған аудандардың бірі. Соған қарамастан, ауданда негізгі капи­талға 22 миллиард 237 миллион теңге салыныпты. Соңғы үш жылда ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі 11,4 миллиард теңгеге ұлғайып, биылғы тоғыз айда 2,7 миллиард теңгеге жеткен. Биылғы күзгі жиын-терін маусымында 3174 тонна картоп, 10045 тонна көкөніс, сондай-ақ, 5054 бақша өнімдері жиналған. Ауыл шаруашылығы өнімдерін жылыжайларда өсіруге де ден қойылып отыр. Төрт түлік саны арта түскен.

Бұл ауданда қолға алынған маңызды жобалардың өзі ауыл шаруашылығын өркен­детумен байланысты болып отыр. Нақтылай айтқанда, «1 Мамыр» серіктестігінде голландиялық технологиямен жабдықталған тауарлы-сүт фермасының құрылысы жүр­гізілуде. Бұл кешенде тәулігіне 10 тонна сүт өнімі өңделмек. Осыған байланысты аталған шаруашылыққа шетелден сүт бағытындағы 500 голштино-фриз асыл тұқымды мүйізді ірі қара әкелінбек. Сондай-ақ, «Розметов» шаруа қожалығы 600 бас ешкі өсіріп, осы түліктің емдік сүтін өңдейтін кешен құрылысын бастады. Мұның бәрі ауыл адамдарының тұрақты жұмыс табуының, өңір тұрғындарын сапалы да арзан ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтудың жарқын мысалы болмақ.

– Біздің ауданның табиғаты төрт түлік мал өсіріп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге қолайлы, – деді аудан әкімі Ерлан Жаңабаев. – Сол себептен, осы саланы жаңа бағытта өркендетуге баса көңіл бөліп отырмыз. Тамшылатып суару әдісімен ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіруге ден қоюшылар қатары көбейіп келеді.

Қазір Махамбет ауданы арқылы өтетін Атырау – Индер бағытындағы көлік жолы күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Бұл осы жолдың бойында орналасқан елді мекен тұрғындарының көңіліне серпін берді. Енді, таяу арада Жайық өзенінің қос жағалауын жағалай қоныстанған Махамбет ауданының орталығы тұсынан жаңа көпір құрылысы да басталмақ.

Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,

«Егемен Қазақстан».

Атырау облысы.