Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Мәселен, Ван Гог, Леонардо да Винчи, Микеланджело, Рафаэль, Пикассо деп таңдай қағамыз да, шеберлігі аталған дарын иелерінен артық болмаса, титтей де кем түспейтін Әбілхан Қастеев есімдері назардан тыс қалады. Болмаса, Лучано Паваротти, Пласидо Доминго, Роберто Алания, Марселло Альварез деп тамсанып жүріп, Күләш Байсейітова, Жүсіпбек Елебеков, Амангелді Сембин, Жәнібек Кәрменов сынды даланың тума таланттарын санадан сырт шығарамыз. Сол секілді Голливуд пен Болливудтың өнімдеріне өрекпіп, Сергей Безруков пен Екатерина Гусеваны, Брэд Питт пен Анджелина Джолидi, Шахрук Хан мен Айшвария Райларды пiр тұтып, жылтырағанына мәз болып жүріп, Шәкен Айманов, Қасым Жәкібаев, Нұрмұхан Жантөрин сынды ұлттық өнердің майталмандарын ойға алуды жиі ұмытып жатамыз. Әрине, егер сөзіміз бен ісіміз бір жерден шығып, талғамымыз дәл жоғарыда аталған дарындардың деңгейімен дөп түсіп жатса, онда ештеңе демес едік. Алайда сөзбен таудай қылып бастаймыз да, нақты іске көшкенде соңын қылдай қылып аяқтаймыз...
Бұлай деуімізге себеп – күнұзын экран алдында тапжылмай отырып тамашалайтын заманауи кино өнімдері мен құлақ құрышын қандыра тыңдайтын әуенге, жалпы өнерге деген көзқарасымыздың деңгейінің төмендеп кетуі. Талғам мен деңгейді былай қойғанда, сол шетелден толассыз тасымалданып жатқан өнімдердің қазақ танымымен қаншалықты қабысып, тоқайласып жатқандығы да көңілде алаң тудырады. Жат менталитеттің санамызды жаулап та, улап та жатқаны және рас. Сондықтан болар, жаһандану ғасырындағы шетелдік құндылықтардың санамызды жаппай жаулауынан өзімізше іштей сақтануға тырысамыз. Баламыз ізгілік пен мейірім нұрынан ада, жауыздықтан өзге берер титімдей тағылымы жоқ анимациялық өнімдерді көргенше, ұлттық құнарға бай қазақ ертегілері негізіне құрылған мультипликациялық фильмдерді көрсе, жастарымыз даңғыр-дұңғырдан көз ашпайтын дүбәра музыка мен әңгүдік киноны тыңдап, тамашалағанша, қазақы қалыпқа сай қайнардан қанып ішсе деген ізгі үміт әрқайсымыздың ойымызда оралып тұрғанымен, бәрібір арзан дүниеге әуес келеміз. Өйткені біз үшін шетелдің қандай болсын өнімі – классика саналады. Дұрысын да, бұрысын да мінсіз деп қабылдап, өзіміздің төл өнерге менсінбей қарауға бейілдіміз.
«Қазақтың Пушкині», «Қазақтың Витасы» деп әсіре таңдай қағу да біздің табиғаттан алшақ емес көрінеді. Бұл жердегі жалғыз-ақ түсініксіз жайт: неге біз өз дарынымызды өзге ұлттың өлшемі аясында бағалауымыз керек? Және біздің Мағжан неге екінші Пушкин болуы керек? Болмаса Төлеген неге екінші Лермонтов болып өзгенің көлеңкесінде қалуға тиіс? Біз тамсана таңдай қағар сол шетел қай ұлысын өзге елдің талантына теліпті? Бәрі де өздерінікі! Осы бір қағидатты санаға сіңіріп, айналасына мойындата алғаны үшін де, біз ұлылықты сол шеңберде өлшейміз? Әйтпесе, Абай, Мағжан, Ахмет, Әлихандарды кім ұлы емес дейді? Өзіңде бардың қадіріне жете білгенде ғана, өзгеге де бағалы болатынымызды неге есімізден жиі шығарып ала береміз осы? Бүгінде бір өнерпаз шетелге бағын сынауға кетті дегенді естісек: «Е, дұрыс. Ел көріп, жер көріп қайтқан жақсы ғой» – деп, әзіл аралас пікірімізді білдіріп, сөзбен шығарып салып жатамыз. Сол өнер майталмандарының тек өзінің жеке басының мүддесі үшін емес, күллі алаштың абыройын арқалап кеткендігін, бойындағы бар мүмкіндігін сарқып беріп, қазақ атын әлем жұртшылығына мәшһүр етуге, сан қырлы өнерімізбен жатжұртты мойындатып жүргенін тіпті де ескергіміз келмейді. Ал бізде қазақ атын әлемге әйгілеп жүрген ондай таланттар жетерлік.
Мәселен, кезінде сонау 1925 жылы Парижде өткен Дүниежүзілік көрмеде болған этнографиялық концерттерге қатысып, ән шырқап, талай жұртты өнерімен табындырған Әміре Қашаубаев салып кеткен сара жол сол Францияны бүгінде бұлбұлдай үнімен баурап жүрген Майра Мұхамедқызының әсем әуенімен өз жалғасын табуда. Әлемді әнімен әлдилеген дүлдүл Димаштың даралығы өз алдына бір төбе. Құбылыс!
Димаштың музыкадағы даңғыл жолы енді басталса, ерек үнімен шартарапты мойындатып жүрген Майра Мұхамедқызының өнеріне шетелдік тыңдарман талайдан тамсана қол соғады. Сұрағандарға «Шетелдегі менің екінші атым – Қазақстан!» деп жауап беретін әншінің шығармашылық өміріндегі айтулы кезеңі Францияның Гранд-опера театрымен (Opéra National de Paris) келісімшарт жасауынан басталады. Әлемдік опера аренасына Пуччинидің «Богемасындағы» Мюзетта рөлімен дебют жасап, опера жұлдыздары тенор Роберто Аланья, Марселло Альварез қатарлас әншілермен бірге ән салған қазақтың қараторы қызы әлемдік классикалық операның үздік үлгілеріне қатысып, жетекші партияларды орындап, бүгінге дейін талай белесті бағындырып келеді. 2005 жылы Майра Мұхамедқызы әйгілі опера жұлдызы Пласидо Домингоның шақыруымен АҚШ операсының биігіне көтерілді. Вашингтон ұлттық опера театрында П.И.Чайковскийдің «Орлеан бикешінен» Агнесс Сорель партиясын орындап, аты аңызға айналған әлемдік опера жұлдызы Мирелла Френимен бір сахнада ән салу бақыты да осы бір қазақ қызына бұйырыпты. Керемет орындаушылық шеберлігіне қоса, табиғат берген ажары мен өнері астасқан дарынды әншіні бүгінде дүние жүзі танып, мойындайды. АҚШ-тың беделді басылымдарының бірі «The Washington Times» газетіндегі: «Тамаша дауыстың иесі Майра Керей бірегей дарынымен, табиғи қуатты, ашық таза, жағымды да әдемі дауысымен көрермендер жүрегін жаулап алды. Майра Керей Вашингтон операсына үлкен рөлдермен қайта оралатынына кәміл сенеміз», деген пікір де жоғарыда аталған ойымызға дәлел бола алады.
Әлемнің талай алпауыт елдерін ғажайып даусымен, ән құдіретімен мойындатқан бір жан – Майра Мұхамедқызы болса, қылқаламның қуатымен де қазақтың қарымын, қолтаңбасын танытуға болатынын дәлелдеп жүрген және бір талант – Ерболат Төлепбай десек артық айтқандық емес. Қазақ суретшілерінің арасынан алғаш болып туындыларын Мәскеудегі Третьяков галереясының төріне ілген де осы ағамыз екен. АҚШ, Испания, Франция, Жапония, Түркия, Сингапур сияқты 40-тан астам өркениеттi елдерде болып, ұлтымыздың мерейiн үстем етіп, ұлттық өнердi ұлықтап жүрген қылқалам шеберінің туындыларына әлемдік сурет сыншылары да жоғары бағасын беріп, мойындап үлгерді. Суретшінің рухани дүниесі – қазақ өнерінің қазіргі тынысының көрінісі. Демек Ерболат есімі арқылы да қазақ өнері жат елдерде де мойындалып жатыр деп сенімді түрде айта аламыз.
Қазақ киногерлерінің арасынан да әлемдік аренаға суырылып шыққан кино мамандары жеткілікті. Солардың ішінде өзіндік режиссерлік қолтаңбасымен ерекшеленіп жүрген Сатыбалды Нарымбетовтің орны айрықша. «Сегіз ұлым бір төбе, ер Төстігім бір төбе» дейтініміздей, Сатыбалды Нарымбетовтің де шығармашылығындағы өзге туындылары бір төбе, «Мұстафа Шоқайы» мен «Аманаты» бір төбе деп ерекше атап өтуге болады. Сол секілді режиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жолы» да жер жүзін аралап, қазақ өнерін әлемге әйгілеп жүр. Бұл қатарға авторлық фильмдерге жиі баратын Дәрежан Өмірбаев, Әмір Байғазин сынды таланттар шығармашылығын және қосып қоюға болады.
Кезінде кино өнерi қайраткерлерінің бiрi Мәжит Бегалиннің: «Мен фильмдi өзiмнiң қазақ көрермендерiм үшiн түсiремін. Ең әуелi менiң фильмiмдi өз елiм қабылдауы керек. Содан кейiн өзге елдер мойындасын» деген пiкiрін бүгінде нақты ісімен дәлелдеп жүрген өнер майталманының бірі – осы Сатыбалды ағамыз. Режиссер Сатыбалды Нарымбетов түсірген «Мұстафа Шоқай» кинокартинасы бүгінде тек қазақ қана емес, АҚШ пен Ұлыбритания көрермендерінің де аса жоғары бағасына ие. Түркі дүниесі даңқты күрескерінің қасиетті де қасіретті ғұмырынан сыр шертетін аталған кинокартинаның әлем руханиятынан алар орны да елеулі екенін айта кетуіміз шарт. Демек, әлем «Мұстафа Шоқай» арқылы қазақты танып, мойындап жатса – халқымыз үшін үлкен абырой, режиссер еңбегінің, бастысы – Алаш мұратының ақталғаны.
ТҮЙІН:
Егер өзінің зорын қор тұтпайтын, өзгенің қаңсығын таңсық көрмейтін ел бола алсақ, бізге жаһанданудан қорқатын түк те жоқ. Себебі, біз қаласақ та, қаламасақ та – жаһандану бар, оны тежеу қолдан келер шаруа емес. Қазір «Жаһандану деген – мен» деп кеуде керіп, осынау дүбірге именбей енген елдер көп. Бұл – бір аламан, өзіңе керектісін, пайдалысын елден бұрын ал, өзгеге керектіні екшеп бер. Өзге мені жаһандандырады деп емес, өзгені мен жаһандандырам дейтін өрлік керек біздің ұлтқа. Мәдениетіміздің мәйегін, дәстүріміздің дәйегін қаузасақ, өзіміз соған сай болсақ, ұтылмасымыз анық.