Медицина • 07 Қыркүйек, 2020

Қарапайым медициналық көмекке мұқтаж

176 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында медицинаның дамуына тың серпін берілетінін атап өтті. Әсіресе, ауылдық елді мекендердегі тиімді денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге 3 жылдай уақыт қажеттігін айтты. Шын мәнінде, бұл – игі бастама. Мемлекетіміздің құндылығы – халық десек, халық үшін бастысы – денсаулық. Елді мекендердегі халық денсаулығы, әсіресе, өзекті.

Қарапайым медициналық көмекке мұқтаж

Мұны мен дәрігер ретінде ғана емес, ауылда туып-өскен, еңбек етіп жүрген азамат ретінде айтып отыр­­мын. Көптеген ауылдағы тұрғындар қарапайым медицина­лық көмекке мұқтаж. Оның үсті­не, дәрі­ханалардың жоқтығы қи­нал­тады.

Менің дәрігер ретіндегі арманым елді мекенде кабинет ашу болатын. Осыдан 4-5 жыл бұрын сол арманға қол жеткізіп, Қызылорда облысының Махамбет ауылынан кішкене ғана клиника мен дәріхана аштық. Өткенде ғана коронави­рус пандемиясының ушығып тұр­ған кезінде қаншама ауыл ада­мы дәрі іздеп жан-жақты шарлап кетті. Сол кезде халық үшін дәрі­ха­наның қажеттілігіне тағы бір көз жеткіздім.

Сонымен қатар Президент алыс елді мекендерде көліктік медицинаны жаңғыртуды қолға алуды атап өтті. Бұрын бұл сала жақ­сы дамыған еді. Қазір қайта жаңғыртар болса, нұр үстіне нұр болады.

Жалпы, мемлекетіміздегі би­лік­тің халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, заман ағымына сәйкес өзгере білуі қуантады.

Қазір республика деңгейінде денсаулық сақтау жүйесінің мәз емес екені баршаға мәлім. Әсі­ре­се, материалды-техникалық ба­за­ның жеткіліксіздігі, білікті ма­мандардың аздығы, медициналық қызмет сапасының төмендігі, ең бастысы дәрігерлер айлығының аздығы медицина саласына жаңа кадрлардың баруына кедергі.

Мысалы, АҚШ медицина саласына жылына ішкі жалпы өнімінің 16,4 пайызын жұмсайды, ал Швей­цария 12,1 пайызын бө­леді. Біздің еліміздегі бұл көр­сет­кіш 3,4 пайыз шамасында ғана.

Жалпы, кез келген елдің ден­саулық сақтау жүйесін сол ел­дегі адам өмірінің ұзақтығымен өлшейді. Бұл жағынан Қазақстан­ның жағдайы мәз емес. Адам өмірінің ұзақтығы бойынша еліміз әлемде 111-орында. Бұған адамға дер кезінде шұғыл көмек беру, ем­нің көптеген түрін жергілікті жерлерде көрсету, тағы басқа факторлар әсер етері сөзсіз. Әрине, ха­лықтың да өмір сүру салтына өз­геріс енгізу қажет. Саламатты өмір салты, таза ауа, дене шынық­тыру, дұрыс тамақтану – өте өзекті.

Мемлекет медицина саласы­ның инфрақұрылымын дамытуды, осы салаға мән беруді қолға алды. Ендеше, біз де өз тарапымыздан барынша қолдан келгенді аямайтын боламыз.

 

Махмұд ЕСЕНГЕЛДИЕВ,

дәрігер