Өңірде 5 қыркүйектен бастап күзгі аңшылық маусымы басталды. Бекітілген аңшылық алқаптарында аң аулаудың күзгі маусымы 30 қарашаға дейін жалғасады. Жалпы, аумақтық инспекцияның мәліметінше, үйрек, қаз, шіл, шалшықты бөдене, көгершін құстарын аулауға 5 қыркүйектен 30 қарашаға дейін, борсық пен қабан аулауға 5 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін, қоян, қарсақ аулаудың қысқы маусымы 1 қарашадан 15 ақпанға дейін, сібір елігін 20 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін алуға рұқсат беріледі.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің 2020 жылғы 5 маусымдағы бұйрығына сәйкес, 2020 жылғы 1 шілдеден бастап 2021 жылғы 1 шілдеге дейінгі кезеңде өңірде сібір елігі, қабан, суыр, су тышқаны, түлкі, қарсақ, борсық, қаз, үйрек алуға арнайы лимиттер бекітіліпті.
Қазір өңірде сүтқоректілердің 20 түрі және құстардың 60 түрі мекендейді. Қабан, елік, қасқыр, қоян, түлкі, қарсақ, дала сасықкүзені, борсық, суыр, су тышқаны, үйрек, қаз, қасқалдақ, шіл, құр, бөдене аулауда аңшылық жолдамада көрсетілген жануарлардың санына ғана рұқсат беріледі. Әрине әр нәрсенің өлшемі бар. Табиғат байлығын қорғау, тыныштығын сақтау – міндет. Ережеге бағынбай, аң аулау тәртібін бұзушыларға жауапкершілік жүктеледі. Яғни, аңшы куәлігі, жануарлар дүниесін пайдалануға берілген рұқсатнама, аңшылық шаруашылығы нысанының жолдамасы, жеке аңшылар үшін қару мен оқтарды сақтауға және алып жүруге рұқсатнама, жыртқыш құстарды аулау кезінде төлқұжат болғанда ғана аң аулауға рұқсат беріледі.
Жалпы, облыстағы аңшылық алқаптардың жалпы ауданы 9,8 млн гектарды құрайды. Өңірде 38 аңшылық шаруашылық болса, 6 аңшылық пайдаланушыға 33 аңшылық шаруашылығы бекітілген.
– Аң аулау үшін 33 аңшылық шаруашылығы ашық болады. Ал резервтік қордағы бекітілмеген Ертіс, Бозшакөл, Жамбыл, Қызылжар, Майқайың аталатын аңшылық шаруашылықтарында аң аулауға рұқсат жоқ, – дейді инспекция басшысы Руслан Төлепбаев.
Павлодар облысы