Театр • 08 Қыркүйек, 2020

Театр онлайннан басталады

1120 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түркістан облысының Қоғамдық даму басқа­рмасы Жастар ресурс­тық орталығы және М.Әуезов атын­­дағы Мемлекеттік акаде­мия­лық драма театры «Үлкен сах­на­дан» атты онлайн онкүндік өткізді.

Театр онлайннан басталады

Аталған жобаға бастамашы болған облыстық Жастар ресурстық орталығы жоба арқылы жастарды өнер мен әдебиетке баулып, олардың театрға деген қызығушылығын оятуды көздейді.

Онкүндік аясында елге танымал театр және кино актерлері тікелей эфирде Түр­кі­стан жастарымен тіл­десіп, театр мұ­ра­ғатындағы үздік қойылым­дар­ды тамашалады. Театр майтал­ман­­дары күн сайын тікелей эфирге шығып, өздерінің жастық шағының есте­­лік­­терімен бөлі­сіп, қазіргі жас буын­ның көзқарасы мен танымы туралы әңгімелесті.

Тағылымды жобаның алғашқы қонағы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал актер Ерлан Біләл болды. Ол «Мен жас кезде ешқандай ұсы­ныс­тан бас тартпауға тырыстым», деп жас­тарды қайсарлық пен табандылыққа шақы­рып, өмірлік тәжірибелерімен бөліс­ті. Ал Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, театр және кино актрисасы Данагүл Темірсұлтанова Түркі­стан өңірінде театр мен өнердің қалып­тасуында өзіндік сара жол, өшпес із қалдырған қайын атасы Райымбек Сейтметов туралы естеліктерін айтты.

Түркістандық жастар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Асылбек Боранбай, театр және кино актрисасы Гүлшат Тұтова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шынар Жеңісқызы мен Шынар Асқаровалармен тілдесті. Олар жастарға тағылымды естеліктер айтып, театр тақырыбында ой қозғап, өз тәжірибесімен бөлісіп, тілек-ниеттерін білдірді.  Тікелей эфирде салмақты әңгімелермен қатар, әдемі ән мен жарасымды әзілдер де болды. «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты, кино және театр актрисасы Зарина Кармен көпшіліктің сұрауымен сөзін М.Шаханов жазған «Махаббат майданы» әнін орындаса, белгілі театр және кино актері Ғалымбек Оспанов ауылдағы әжеге пародия салып, жастарды күлкіге кенелтті. Ал «Адам шынайылығымен әдемі» деген ойын білдірген актриса Ажарлым Мағзұмқызы сұрақтарға жауап беріп қана қоймай, өлең оқып, кешті әйгілі  композитор Ш.Қалдаяқовтың «Сыған серенадасы» әнімен тәмамдады.

Онкүндік аясындағы актерлермен сұхбат жүргізген Түркістан облыстық Жастар ресурстық орталығының басшысы Амалбек Өміртай да қызықты сұрақтар қойып, актерлерді жаңа қыры­нан таныта білді.

Бұл жоба түркістандықтардың көңілінен шығып, қызығушылығын оят­қанын әлеуметтік желідегі пікір­лер­ден де байқауға болады. Олар әр кейіп­­керге арнайы сұрақ дайындап, асыға күтетіндерін жазып жүрді. Жастар ресурс­тық орталығы алдағы уақытта да мұн­дай рухани демалыс сыйлайтын жо­б­алар жалғасын табатынын жеткізді.