Коронавирус • 08 Қыркүйек, 2020

Атырауда науқастар азайды, алайда...

324 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Соңғы күндері Атырауда қауіпті індеттің тіркелуі саябырсыды. Дегенмен облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің дерегіне сүйенсек, 31 тамыз – 6 қыркүйек аралығында коронавирус инфекциясымен 42, ал пневмониямен 200-ге жуық науқас тіркеліпті. Өңірдегі инфекциялық стационарларда 530 орын сақталды. Осындай стационарларда 70 науқас ем алып жатыр. Ал провизорлық стационарда бір науқас бар.

Атырауда науқастар азайды, алайда...

Осыған орай салалық басқарма өңірдегі ахуалды назарда ұстап отыр. Өйткені басқарма басшысы Нұрлыбек Қабдықапаровтың айтуынша, осы кезге дейін ауырған науқастарды оңалту шараларын жүргізудің маңызы зор. Сол себептен, жұмыс істей бастаған оңалту орталықтарында науқастарға физиотерапия, массаж, тыныс алу гимнастикасы секілді ем шаралары жүргізілуде.

– Оңалту орталығы – Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асып жатқан жоба. Онда қала аумағымен қоса аудан жұрт­шылығына да қызмет көрсетіледі. Денешынықтыру-спорт залдарына ем-домға қажетті жабдықтар әкелінді. Жоба мақсаты – коронавирус инфекциясы мен пневмония ауруына шалдыққан науқастарды оңалту. Бүгінде Атырауда 5 мыңға жуық науқас оңалту емдеу шарасын қажет етеді. Бұл мәлімет алға қарай өзгеріп тұрады. Тұрғындар жергілікті емхана дәрігерлерінің жолдамасы арқылы орталықтың қызметіне ақысыз негізде жүгіне алады. Оңалту орталығында реабилитолог, психолог мамандарымен қоса медбикелер, кәсіби спорт­тық жаттық­тырушылар қызмет көр­сетеді, – дейді облыстық денсау­лық сақтау басқармасының басшысы.

Орталыққа келудің өзіндік тәртібі бар. Мәселен, №3 Атырау қалалық емханасының бас дәрігері Айман Өтегенова науқас сыр­қаты­ның күрделілігіне қарай жат­тығу­лардың маман кеңесімен таға­йын­далатынын айтады. Себебі инфекциялық аурулардан кейін ағза қалпына келуі үшін біраз уақыт керек. Соның ішін­де коронавирус инфекциясын жұқ­тырған созылмалы ауруы бар нау­қас­тардың ем-домы өзіндік тәртіп­пен жүргізіледі. Өйткені кейбір жаттығулардың науқас ағзасына кері әсері ескеріледі.

– Стационарлық емделу аяқтал­ғаннан кейін сауыққан адамдар орта­лықта оңалту шарасынан өтуі қажет. Біріншіден, инфекция­дан қабынған өкпені дәрі-дәр­мек­сіз қалпына келтіру үшін ты­ныс алу жаттығулары өтеді. Жа­т­­­ты­ғулар салқын түскенге дейін ашық алаңқайларда жасалады. Кейін­нен спорт залдарының ішін­де жүргізіледі. Екіншіден, ағза оңалуы үшін кем дегенде 7-14 күн­дік кешенді ем алуы керек, – дейді №3 Атырау қалалық емха­насының бас дәрігері.

Қазір Атырау қаласында 6 дене шы­нықтыру және спорт зал­дары­ның әрқайсысында жеке спорт нұсқаушысы бар. Олар дәрігерлермен келісілген жатты­ғу­ларды жүргізеді.

– Бір топта 15 адамға дейін жаттығады. Оңалту жаттығуының уақыты – 15-20 минут. Спорт зал­дарына ыңғайлы спорттық киім­дерімен келеді, – дейді қала­лық бұқаралық спортты дамыту клубы­ның директоры Алмас Имашев.

Сондай-ақ қауіпті індетке шал­дыққандарды емдеген медицина қызметкерлеріне үстемемақы төлеу жүргізіліп жатыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Н.Қабдықапаровтың мәліметінше, медицина қыз­мет­керлеріне үстемеақы әртүрлі кө­лем­­де есептелген.

– Мемлекет басшысының тап­сыр­масына орай беріліп жатқан бұл қаржылай ынталандыру көмегі ме­ди­цина саласының мамандарына үл­кен қолдау болды. Денсаулық сақ­тау министрлігінің бұйрығына сәйкес, тек өткен айда 2082 медици­на қызметкеріне 800 млн теңгеден ас­там сомаға үстемеақы төленді. Со­ның ішінде дәрігерлерге 850 мың теңге, орта буын медицина қыз­меткерлеріне 450 мың теңге, кіші буын сала мамандарына 250 мың теңгеден наурыз айынан бастап ай сайын үстемеақыны төлеу жүзеге асырылды, – деді Н.Қабдықапаров.

Қауіпті індет індеген тұста төрт ай үйіне бармаған мейірбикенің бірі – Аққаным Садығұлова №2 об­лыстық инфекциялық ауру­хана­ның жансақтау бөлімінде жұмыс істейді. Өзі де коронавирус инфекциясын жұқтырып, қауіпті сәтті бастан кешті.

– Шынымды айтсам, бастап­қыда қатты уайымдадым. Өзіме де, отбасыма да қиын болды. Бірақ бұл – өзім таңдаған мамандығым. Сондықтан бәріне дайын болу қажеттігін түсіндім. Оның үстіне ел алдымен медицина мамандарына үміт артып отыр. Көрер жарығым бар екен. Ауруханадағы әріптестерімнің көмегімен індеттен емделіп шықтым. Кейін өзім оқшауланып, карантинде болдым, – деп қиналған сәтін еске алды ол. Қауіпті індеттен толық айыққаннан кейін тамызда жұмысқа қайта қосылды. Жақында оған 2 млн тең­ге көлемінде өтемақы төленді.

– Бұған қоса жалақымызға ай сайын 850 мың теңге үстемеақы төленіп отыр. Мәселе қаржыға тіре­ліп тұрған жоқ. Медицина ма­мандарының өз ісіне адалды­ғының нәтижесінде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар емделіп шықты. Дегенмен әр тұрғын жақы­нына жанашыр болып, шектеу шара­ларын қатаң сақтаса ғана бұл індетті бірге жеңеміз, – дейді мейір­бике А.Садығұлова.

 

Атырау облысы