Экономика • 10 Қыркүйек, 2020

Мал шаруашылығын кеңейтті, сүт өнімін көбейтті

151 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда «ҚазАгро» холдингі атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарын жариялау һәм нақты істерді насихаттау мақсатында журналистер үшін баспасөз турын ұйымдастырды. Осыған орай Нұр-Сұлтан қаласындағы бірнеше БАҚ өкілі таңмен таласа жолға шықтық. Бағытымыз Ақмола облысы, Астрахан ауданы, Камышенка ауылы. Мақсатымыз – сол ауылдағы «Камышенка» шаруа қожалығының жұмысымен танысу.

Мал шаруашылығын кеңейтті, сүт өнімін көбейтті

Жүз шақырымды жүзіп өткендей бір сағаттың бедерінде діттеген жері­мізге жеттік. Біз барғанда шаруа­шылық қожайыны Дүйсембай Қожасұлы кеше ғана Украинадан әкелінген мал маңында жүр екен.

«Биылдан бастап біз мал басын көбейтуді жоспарлап, «Аграрлық несие корпорациясынан» 505 млн теңге не­сие алып, оған 400 бас сүтті бағыт­та­ғы сиырлар сатып алдық. Сиыр санының өсуімен біз де сүт өндіруді ұлғайтамыз. Бұған дейін күніне 6-6,5 тонна сүт саусақ, енді 12-13 тон­наға жеткіземіз деп ойлаймын. «Аг­рар­лық несие корпорациясының» қар­жы­лай қолдауымен кәсібімізді ке­ңей­тіп, құрылыс жұмыстарын қар­қын­ды жүр­гізіп жатырмыз. Мұндай мүм­­кін­дік біз сияқты шаруашылықтар үшін өте қо­лай­лы. Аталған корпорациядан несиені 6%-бен 10 жылға алдық», дейді ол.

Өз өндірісін өркендетіп қана қой­май, жүзден аса отбасын жұмыспен қамтып отырған «Камышенка» ЖШС-ның атқарушы директор Айбек Сәкен­ұлы алдағы жоспарларын да ақтарып салды.   

Мемлекеттің шағын шаруашы­лық­тар­дың шашбауын көтеріп, қаржылай қолдауы қай салаға болсын қанат бітірері сөзсіз. Бұл ретте «ҚазАгро» ҰБХ Қазақстанда жыл сайын 100 мың тоннадан астам сүт өндірісін қаржы­ландырғанын айта кеткен абзал. 

«Сүт тапшы­лығын жабуға бағытталған жобаларды қаржы­ландыру – «ҚазАгро» хол­дингіне қарасты «Аграрлық несие кор­порациясы» АҚ жеңілдікпен несие­лендірудің басым бағыттарының бірі. Бүгінде «Аграрлық несие корпорация­сы» сүт өндірудің жылдық жалпы қуаты 101,7 мың тоннаны құрайтын 29 сүт фермасын қаржыландыр­­ды. Соны­мен қатар агроөнеркәсіп­тік кешен­ді қаржыландыруда көшбас­шы фер­мер­лерге сүтті малдың асыл тұқым­ды малын сатып алуға, жаңа ауыл­шаруа­шылық техникаларын, сүт фермалары жаб­д­ықтарын және басқа бағыттарды са­тып алуға несие береді. 2019 жылы жеңіл­детілген несие алған шаруа қожалықтарының сүт өндірісіндегі үлесі 24,8%-ды құрады», деді «Аграрлық несие корпорациясы» Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Әсет Көшкембаев.