Білім • 10 Қыркүйек, 2020

Оқулық шығару тәртібі өзгерді

246 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің мәлімдеуінше, Мемлекет басшысы берген тапсырманың аясында оқулықтарды әзірлеу жүйесі толығымен өзгерді.

Оқулық шығару тәртібі өзгерді

Оқулықтарды басуға қа­тыс­ты баяндама жасаған А.Айма­ғам­бетов министрліктің аппарат жиналысында:

«Оқулық – сапалы білім алудың маңызды құралы. Осы ретте оқулықтарды шығару тәртібі өзгертіліп, бұл туралы нормативтік-құқықтық актілер Әділет министрлігінде тіркеліп, өзгерістер күшіне енді. Бұдан былайғы оқулықтардың сапасы мүлдем бөлек болады. Ай­талық, оқулықтардың форматына қатысты ортақ талап енгізілді. Өздеріңіз білетіндей, оқулықтардың біреуі – үлкен, біреуі – кішкентай. 1-сыныптың оқушыларына арналған қазіргі оқулықтар тым көлемді бол­ған­дықтан, мұғалімдер екі баланың бір партаға кітаптарын сыйғыза алмай қиналатынын жеткізді. Оқулықтар тек шрифт, дизайн, жалпы безендіру мәселесіне ғана емес, білім алушылардың жас ерекшелігіне сай әзірленуі тиіс. Содан кейін кейбір оқу­лық­тардағы тапсырмаларда ин­тернетке сілтемелер беріле­ді. Бірақ оқушылардың бәрін­де бірдей интернет жоқ екені ескерілмеген. Жоғарыда енгі­зіл­ген өзгерістерде оқулықтардың мазмұнында осындай шала тапсырмалардың болмауын қа­растырып отырмыз», деді.

Ал республикалық ғылыми-практикалық «Оқулық» орта­лы­ғының директоры Ғани Бек­тайұлы соңғы бірнеше жылдан бері биыл бірінші рет 3 млн-нан аса оқушының оқулықтармен 10 пайыз қамтамасыз етілгенін айтты.

«Бұл пандемия жағдайында оқушыларға жасалған мем­ле­кеттің қолдауы деп білген жөн. Оқулықтарды әзірлеудің жаңа тәртібіне келсек, кітаптарды сараптамадан өткізуге пси­хо-лингвистикалық және көр­­кем әдебиет тұрғысынан тексе­ріс­ті қостық. Бұл біздің мәде­­ние­тімізге, қалыптасқан дәс­түрі­мізге, дінімізге қайшы келе­тін ақ­параттарды баспау үшін керек. Көркем әдебиет тұрғы­сы­нан тексеріс авторлық құқық­ты бұзудың алдын алу мақ­сатында енгізілді», деді Ғ.Бек­тайұлы.

Орталық басшысының баян­дауынша, оқулық авторлары бұдан былай оқулықтарды әзірлеу курстарынан өтіп, сертификат алады. Оқулықтарды шығару ісімен тек осындай сертификаты бар авторлар ғана айналыса алады. Бұл талап пен курс оқулық сарапшыларына да қатысты болып отыр. Сонымен қатар авторлар мен сарапшылар құрамында тек ғалымдар емес, әдіскерлер мен білікті мұғалімдер де болуы тиіс. Бұдан бөлек сарапшыларға тексе­рістен өткізілетін оқулық­тар­дың авторы мен баспасы көр­сетілмей бері­леді. Бұл өз кезегінде ашық­тық пен әділдіктің болуын қамтамасыз етеді. Баспаларға да қа­тысты бірқатар өзгерістер бар. №91 бұйрыққа сәйкес, енді үлкен қателіктер кеткен жағ­дай­да баспа оқулықтарды толы­ғы­мен өз қаржысына қайта басып шығарады. Сондай-ақ баспалар өздері басатын оқулықтарға баспаішілік сараптама жүргізуге міндетті.