Оқиға • 10 Қыркүйек, 2020

Азаматы бар болса, ауыл азбайды

403 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қостанай облысына қарасты Меңдіқара ауданында жергілікті кәсіпкерлер көпбалалы Арзамасовтар отбасына үй алып беру үшін қаржы жинап жатыр. «Біз біргеміз!» акциясы аясында қолға алынған қайырымдылық шараға элиталы бидай тұқымын өсіретін «Қарқын» агрофирмасы да атсалысты. Серіктестік басшысы Еркін Бұқанов көпбалалы отбасына 1 млн теңге табыс етті.

Азаматы бар болса, ауыл азбайды

Аудандағы Харьков елді ме­кенінің әлеуметтік мәселесі де түгелдей осы серіктестіктің мойнында. Мұн­дағы қазақ-орыс сыныбы аралас Сосна орта мектебінде 180-ге жуық шәкірт білім алады. Таяуда ғана серіктестік бұл мектепке құны 1,5 млн теңге тұратын IT-кабинет жасақтап берді. Бұл сыныпта 11 компьютер, 1 ноутбук және принтер бар. Кабинет толықтай веб-камерамен, интернетпен қамтылған. Серіктестік мектепті жыл сайын жөндеуден өткізіп отырады.

– Спорт залымыздың шаты­рын жөндеп, бүкіл есіктерді жа­ңар­тып берді. Биыл бүкіл те­ре­зе­лерді ауыс­тырып берейін деп отыр. Қысқы маусымда мек­­теп ғимаратын жылытатын отын түсіріп береді. Көктемде ста­дионға табиғи газон тұқымын сеуіп қойды. Бұл келесі жылы ауылдың жас спортшылары та­биғи жасыл шөп төселген заманауи стадионда жаттығады деген сөз. Мектебімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық дәстүрлі музыканы насихаттайтын Жетіген сыныбы ашылды. Бұл да «Қарқын» серіктестігінің қаржысы арқылы жүзеге асып отырған игі жоба, – дейді мектеп директоры Жандос Кеңесбаев.

Ауылдың балабақшасы мен Мәдениет үйі де серік­тестіктің мен­шігінде. Тоқсаныншы жылдары аукционға түскен бұл ғима­раттарды базбір пысықайлар бұ­зып, қалаға құрылыс материалы ретінде тасып ала ма деп қауіптенген «Қарқынның» сол кездегі басшысы Сайран Бұқанов өз меншігіне сатып алып, аман алып қалған. Кейін күрделі жөн­деуден өткен екі ғимарат та бү­гінде ауыл тұрғындарының игі­лігіне қызмет етуде. Ауыл ба­ла­бақшасында екі топ бар. Бірін­шісі балаларға қазақ тілінде, екін­шісі орыс тілінде тәрбие бе­реді. Сәбилердің барлығы тегін тамақ­танады. Балабақшаға керекті төсек-орын, төсеніш, ыдыс аяқ, оқу-тәрбие, ойын құралдарының бәрі серіктестік қаржысына сатылып алынған.

– Әкем маған: «Ең алдымен халықтың жағдайын ойла. Қара­мағыңда жұмыс істеп жүрген қа­рапайым жұмыскерді құрметте. Со­ның жағдайын жаса. Маңдай терімен тапқан еңбекақысын ла­йықты төле!» деп үнемі айтып оты­рады. Өзі де солай жасады. Бұл – біздің агрофирманың айнымас заңы. Осы 22 жылдың ішінде әкем тұрмысы төмен отбасылардан таңдап алып, 3 баланы Қарағанды медициналық университетіне дәрігер мамандығына оқытты. Жеті жыл бойы әрқайсысының оқу ақысын төлеп отырды. Қазір сол балалардың біреуі бізде, біреуі Қарағандыда, біреуі Тобыл қаласында жұмыс істеп жатыр. Бәрі де қазақ балалары ғой. Олар­дан бізге ештеңенің керегі жоқ. Тек шарт қоямыз. Бірінші, Қазақстанда жұмыс істеуі керек. Шетелге кетіп қалмауы тиіс. Екіншіден, дертіне шипа іздеп алдына келген ауыл адамының бетін қайтармай, жылы қарсы алып, шын ниетімен емдеуі керек. Басқа ештеңе талап етпейміз, – дейді Еркін Сайранұлы.

Бұл ауылдың ырыс-берекесін арттырып, ырыздығын еселеп отыр­ған қамба толы дән де, төс­кей толы мал да көктен түскен жоқ. Барлығы табанды еңбектің, ерте көктемнен сары күзге дейін төгілген маңдай тердің арқасында келген игілік.

 

Қостанай облысы