АҚШ сенаты Германия канцлері Ангела Меркельге қатысты жүргізілген электронды барлау мәселесін талқылады. Бұл туралы ИТАР-ТАСС хабарлады.
Аталмыш мәселе сенатта қаралған соң, АҚШ президенті көмекшілері мен Германия канцлерінің кеңесшілері АҚШ арнайы қызметінің Еуропада жүргізген электронды барлау әрекеттерінен туындаған дау-дамайға байланысты кездесу өткізді.
Ақ үй баспасөз хатшысының орынбасары Джошуа Эрнест мәлімдегендей, АҚШ тарапынан кездесуге президенттің ұлттық қауіпсіздік және терроризммен күрес жөніндегі көмекшілері Сюзан Райс пен Лиза Монако, ұлттық барлау басқармасының директоры Джеймс Клэппер мен ұлттық қауіпсіздік агенттігі басшысының бірінші орынбасары Крис Инглис қатысты. Ал Германия тарапынан бұл кездесуге канцлердің сыртқы саясат жөніндегі кеңесшісі Кристоф Хойсген мен үкіметтің барлау мәселелері жөніндегі үйлестірушісі Гюнтер Хайсс арнайы келген болатын.
Джошуа Эрнесттің айтуы бойынша, кездесу барысында жақында Германия канцлері Ангела Меркель мен АҚШ президенті Барак Обаманың арасында телефон арқылы болған әңгімеге байланысты мәселе көтерілді. Шарада АҚШ-тың электронды барлау әрекетінен туындаған дау-дамайды реттеуге байланысты келіссөздер жүргізіліп, екіжақты қарым-қатынасты нығайту мәселесі көзделді.
Айдар Өрісбаев.