Саясат • 14 Қыркүйек, 2020

Кадрлық резерв – мемлекеттің маңызды бастамасы

349 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елорда төрінде Президенттік жастар кадрлық резерві мүшелері еліміздің бірқатар министрімен кездесіп, Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауын талқылап, саяси жүйеге қатысты ой-пікірлерімен бөлісті. Жиынға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәлік Мырзалин, Президент көмекшісі Ерлан Қарин қатысты.

Кадрлық резерв – мемлекеттің маңызды бастамасы

«Президент Жолдауы жүйелі транс­формацияның кешенді шараларынан тұрады. Ал оны жүзеге асыру үшін мемлекет пен қоғам бірлесе жұмыс істеуі керек. Ең бастысы, қоғамға Жол­даудың негізгі аспектілерін, оны іске асырудың нақты жоспарлы шараларын жеткізе білген абзал. Бұл бағытта Жолдауды түсіндіру жұмыстары қызу жүр­гізіліп жатқанын атап өту керек. Бүгінге дейін БАҚ-та Жолдауға қатыс­ты 5 мыңға жуық материал жарық көріп, сарапшылардың пікірі жария­лануда. Жолдауда көтерілген 11 бағыт­тың барлығы бүгінгі қоғам үшін өзекті. Бұл қоғаммен тығыз қарым-қаты­нас орнағанын көрсетеді», деді Аида Балаева.

Сонымен бірге министр қоғам­дық бақылау институттарының маңыз­дылығын атап өтті. «Пандемия кезінде қоғамдық бақылау институтының қаншалықты маңызды екеніне көзіміз жетті. Қазіргі таңда қоғамдық кеңестер қоғамдық бақылау функциясына ие. Алайда уақыт бұл функцияға ие ұйымдардың тізімін кеңейту керектігін көрсетіп отыр. Себебі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қоғамдық бақылау функциясын міндетіне алған белсенділер жұмысының үйлестірушісі болды. Дәріханалардағы дәрі-дәрмек бағасының ала-құлалығы, гуманитарлық көмекті бөлу мәсе­лесі, медициналық ұйымдардың жұмы­сына қатысты қаншама мәселе туын­дағаны белгілі. Міне, осы ретте біз белсенділерге қолдау білдірдік.  Бұ­ған еліміздің кез келген азаматы қаты­са алады. Осы орайда «Қоғамдық бақы­лау туралы» заң жобасы әзірленіп жатқанын, жұмыс тобы құрылғанын айтқым келеді. Ал сіздер, Президенттің кадрлық резервіндегі жастар бұл жұмысқа араласып, жұмыс тобының мүшесі бола аласыздар», деді министр.

Министрдің айтуынша, заң жобасын әзірлеуге қатысып жатқан жұмыс тобына Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері кірген.

Одан әрі министр онлайн-петиция институтының қажеттілігіне де тоқталды. «Қазақстанда қоғам өкілдері онлайн-петиция институтын заңнамалық тұрғыда бекіту бастамасын бұған дейін бірнеше рет көтерген болатын. Елімізде ол институт жұмысын бастау үшін онлайн-петициялар бо­йынша платформаны әзірлеуі керек. Бірақ ең бастысы қажетті нормативті-құқықтық база болуы тиіс. Осыған ба­йланысты қазіргі уақытта біз заңнамаға енгізілетін өзгерістер мен түзетулерді әзірлеудеміз», деді Аида Балаева.

 Осы орайда министр ең алдымен халыққа петиция ұғымын түсіндіру керектігіне тоқталды. «Екіншіден, петиция жіберу, мемлекеттік органдардың петицияларды модерациялау мен қарау тәртібін реттеген абзал. Үшіншіден, мемлекеттік органдардың петицияны міндетті түрде қарауы үшін қанша адамның қолы қажет екенін айқындап алған жөн», деді министр.

Ал Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Жолдауға қатысты өзі басқарып отырған министрліктің жос­парымен бөлісті.

«Президенттің Жолдауына құжат күйінде ғана қарамау керек. Себебі Мемлекет басшысының бұған дейінгі айтқан сөздері мен көтерген бастамалары осы Жолдауды толықтырып тұр. Біздің министрлікке қатысты, ең бастысы, цифрландырудың барлық реформаның базалық элементіне айналуы керек екені баса айтылды. Әртүрлі саладағы межелерге жету, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту секілді салаларда цифрлы мақсаттар бар. Ал біздің мақсат – шынында да бүкіл реформалар процесін жеделдететін базалық элементке айналу. Жалпы, Мемлекет басшысы бізге жүктеген процестерді жеделдететін базаны құруымыз керек», деді ол. Министр Мемлекет басшысының онлайн-петициялар туралы бастамасын әзірлеуге Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірге атсалысатынын жеткізді. Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Мәлік Мырзалин Президенттік жастар кадрлық резервіндегілермен кездесу барысында жергілікті мәслихаттардың рөлі мен қызметі туралы пікірін біл­дір­ді. Оның айтуынша, мүмкіндігі көп мәс­лихаттарды депутаттар тиімді па­йдаланбауда. Жолдауда мәслихаттың қол жинай алатыны туралы айтылғанын еске сала келе, жергілікті бюджеттің жұмсалуына араласа алатынын да тілге тиек етті. 

Ал Мемлекеттік қызмет істері агент­тігінің төрағасы Анар Жайылғанова Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес,  Президенттік жастар кадрлық резерві екінші рет өткізілетінін атап өтті. Агенттік басшысының айтуынша, резервтің келесі легі 50 адамға ғана негізделеді. Осы орайда Анар Жайылғанова Жолдауда айтылған мемлекеттік қызметкерлер санын қысқарту мәселесіне де тоқталып өтті. 

«Президенттің Жолдауда көрсеткен тапсырмасын орындау үшін жақсы  стратегия қажет. Яғни, қызметкерлер санын қысқарту заң шеңберінен шықпай, қызметкерлердің жаңа жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету арқылы орындалуы тиіс. Бұл тұрғыда агенттік келесідей жұмысты жүзеге асыратын болады. Биыл қызметкерлердің 10 па­йызы, 2021 жылы 15 пайызы қыс­қарады. Қысқартулар ең алдымен бос орындар есебінен жүргізіледі.  Бәрінен бұрын, қызметінен босатылған маманға басқа жұмыс ұсынуды қолға аламыз. Мә­селен, әкімдіктер ведомствоға қарасты ұйымдардан, квазимемлекеттік сектордан орын ұсына алады. Қысқарту болғанымен, бір де бір  қызметкер жұмыс­сыз қалмауы керек. Ал мемле­кеттік қызметкерлерге жаңа жұмыс ұсынылып, олар аталған қызметке келіспеген жағдайда, заң бойынша, 4 жалақы көлемінде өтемақы төлеуіміз шарт»,  деді Агенттік басшысы.

Қазақстан Республикасы Прези­ден­ті­нің көмекшісі Ерлан Қарин кадрлық резервтің Мемлекет басшысы үшін маңызына тоқталды. «Президенттік кадрлар резерві Мемлекет басшысы үшін үлкен маңызға ие. Бұл тек байқау ғана емес, нақты әлеуметтік саты. Осы жылы резервтегілердің жартысын жұмыспен қамту міндеттелді, біз оны орындадық. Қазірдің өзінде біліктілігін дәлелдеп жатқан жастарымыз жетерлік. Жобаның алғашқы нәтижелері көңіл қуантады», деп түйіндеді ол сөзін.

 

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше