Қоғам • 14 Қыркүйек, 2020

Қазақстан мен Словакия арасындағы ғылыми ынтымақтастық нығая береді

202 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Братиславада Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы мен Словак ғылым академиясы арасындағы ғылыми ынтымақтастық туралы келісімге қол қою рәсімі өтті. Қазақстандық тараптан құжатқа Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Журинов, Словакия жағынан СҒА президенті − Павол Шайгалик қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан мен Словакия арасындағы ғылыми ынтымақтастық нығая береді

Келісімнің жасалуы Қазақстан мен Словакияның ғылыми қоғамдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, соның ішінде іргелі және қолданбалы зерттеулер саласында әр түрлі бағытта бірлескен зерттеулер жүргізуге, PhD деңгейінде оқу және қазақстандық ғылыми қауымдастықтың өкілдеріне постдокторантурада жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық жөніндегі перспективалық іс-шаралар бірлескен жобалар, жобалық қолдау негізінде ғылыми-зерттеу қызметі мен ғалымдармен алмасу түрінде жүзеге асырылады.

Екі ғылым академиясы арасында келісім жасасу идеясы алдымен Қазақстанның Словакиядағы Елшісі Роман Василенко мен СҒА президенті П. Шайгаликтің ағымдағы жылдың 19 мамырында болған кездесуінде талқыланды. 

«Біз бұл келісімге қол қою қойнауында Менделеевтің бүкіл периодтық жүйесі бар Қазақстанның ғылыми және экономикалық әлеуетінің арқасында болашағы зор ынтымақтастық жолындағы тек алғашқы қадам деп санаймыз», − деді П. Шайгалик. «Коронавирус пандемиясы салдарынан туындаған шектеулер алынып тасталғаннан кейін, алғашқы мүмкіндік пайда болған сәтте жүзбе-жүз кездесулерімізді қуана ұйымдастыратын боламыз». 

Өз кезегінде Қазақстанның Словакиядағы Елшісі Роман Василенко, «Мен, академиялардың басшыларын, Мұрат Журинов пен Павол Шайгаликті, екі елдің ғылыми қоғамдастығын осы маңызды қадаммен шын жүректен құттықтағым келеді», - деп атап өтті. «Әдетте, ғылым адамдары өзінің іс-әрекеттерінде жылдамдықты қаламай, іргелі және байсалды шешім қабылдайды. Бірақ екі ғылым академиясының келісім жасау туралы шешім қабылдауы мен оны түбегейлі және сапалы түрде дайындау жылдамдығы бұл мифті жоққа шығарып, терең құрмет сезімін тудырып, бізге лайықты үлгі болды. Мен ынтымақтастықтың өзі де бұдан әрі дәл осылай тез, мұқият және өзара тиімді негізде дамиды деп сенгім келеді».

Словак академиясы құрамында әр түрлі профильдегі 3 мыңға жуық қызметкер жұмыс істейтін 45 тәуелсіз ғылыми-зерттеу институттары бар. Академия білім беру үрдісіне белсенді қатысып, оның қабырғасында 500-ге жуық PhD докторанттар оқуда, оның ішінде 35 шетелдік азамат бар.

Қазіргі уақытта Еуропалық Одақтың «Horizon-2020» бағдарламасы аясында Словак Ғылым Академиясының Геотехника институты мен Назарбаев Университетінің Жану мәселелері институты арасында нанопорозды және наноқұрылымдық материалдарды медициналық салада қолдану жобасы бойынша ғылыми ынтымақтастық жүзеге асырылуда.