Парламент • 15 Қыркүйек, 2020

Сенаторлар "СҚ-Фармация" қоймаларын тексерді

175 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында отандық медицинаны дамытуға және осы саладағы өзекті мәселелерді шешу жұмыстарына қатысты нақты тапсырмалар берді. Саладағы проблемаларды анықтау мақсатында сенаторлар дәрі-дәрмекпен және медициналық жабдықтармен қамтамасыз етуші кәсіпорындарға барды, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Сенаторлар "СҚ-Фармация" қоймаларын тексерді

СҚ-Фармация қоймаларын аралау кезінде компанияның  Басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев сенаторларға атқарылған жұмыстар туралы ақпаратпен бөлісті, жоспарлар мен жобалар туралы айтып берді. Сондай-ақ, ол депутаттардың елімізде індет өршіген маусым, шілде айларында дәрі-дәрмектің жетіспеу себептері, осы бағыттағы проблемаларды шешу жолдары, ауруханаларға қажетті медициналық өнімдерді дер кезінде жеткізу, бағалар балансы туралы сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ, СК-Фармация короновирустың екінші ықтимал толқынына дайындығын көрсетті. Сенаторлар гуманитарлық жүктің аймақтарға жеткізілу мәселесі, ауруханалардың КВИ мен пневмония дертіне шалдыққандарды емдеуге арналған жабдықтардың түгелдігін сұрады.

Сонымен қатар Мұрат Бақтиярұлы СҚ-Фармация ЖШС-ның қоймаларына қатысты мәселеге тоқталып өтті. Сенатордың пікірінше,  қоймаларды жалға алу үлкен бюджеттік шығындарға алып келеді.

«Қоймалардың көпшілігі, аймақтардағы дәрі сақтайтын орындар жалға алынады. Бұл өте көп қаражатты қажет етеді. Сондықтан артық шығынның алдын алу үшін «СҚ-Фармацияның» өз қоймалары болғаны дұрыс. Өйткені әкімшілік шығын үшін бір жылға 2 миллиард теңге деген өте көп», - деді сенатор.

Депутаттар жаңадан ашылған өкпені жасанды желдету стационарлық аппараттарын құрастыратын «Қазақстан Аселсан инжиниринг» кәсіпорнына және бас қаладағы дәріханаларға барды. Жасанды желдету аппараттарын құрастыратын кәсіпорында Сенат депутаттары жаңа қондырғылардың сапасына және оларды тарату жұмыстарына баса мән берді.

Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан дәріханаларды аралау кезінде сенаторлар дәрі-дәрмек қорына, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасына, карантин ережелерінің сақталуына ерекше назар аударып, келушілермен және медициналық қызметкерлермен сұхбат құрды.

Бұл шараға Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшелері Мұрат Бақтиярұлы, Бақытжан Жұмағұлов, Нұртөре Жүсіп, Динар Нөкетаева, Ақмарал Әлназарова, Айгүл Қапбарова және Алтынбек Нұхұлы, сондай-ақ, денсаулық сақтау министрлігінің вице- министрі Людмила Бюрабекова, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің вице министрі Талғат Жанжүменов қатысты.  

Айта кетейік, 10 қыркүйекте өткен Сенат отырысында Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Мұрат Бақтиярұлы Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдап, отандық медицинадағы негізгі мәселелерді нақты атап көрсеткен еді. Депутат өз сауалында: «Емдеу орындарында 4 мың дәрігер-реаниматолог, рентгенолог, пульмонолог және осы секілді сала мамандарының тапшылығы қатты білінеді. Ірі орталықтардағы және өңірлердегі ауруханалар мен емханаларда 800-ден астам инфекционистің орны бос тұр. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен 2018 жылы ауылдық жерлерге барған 706 (15%) жас маманның тек 355-іне ғана (50%) көтерме ақы төленген, 102 дәрігерге тұрғын үй бұйырды. Қазірде дәрігер кадрларымен қамтамасыз ету қалада 56,8% болса, ауылда бұл көрсеткіш 16,1% құрайды», - деді.