Конференцияда қазіргі этносаясат саласындағы, мәдениет пен жаһандану кезеңінде толеранттылықты қалыптастыру мәселелері бойынша халықаралық іс-қимылдың өзекті мәселелері, Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық жұмыс нәтижелері мен 2025 жылға дейінгі ҚХА даму тұжырымдамасын жүзеге асырудағы перспективалар талқыланды.
Ассамблея жұмысына қатысты пікір білдіргендер арасында Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі (ТМЫК) Бас хатшысының орынбасары, Қырғызстанның халық жазушысы С.Раев, Парламент Мәжілісінің депутаты С.Абдрахманов, ҚХА Төрағасының орынбасары, «Астана қаласының өзбек этномәдени орталығы» ҚБ төрағасы Ш.Полатов, Ресей халықтарының Ассамблеясы Кеңесінің төрағасы С.Смирнова, Қазақстанның Оңтүстік Африка Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Қанат Тұмыш болды.
Ассамблея Төрағасының орынбасары Ж.Түймебаев алғысөзінде Елбасы Н.Назарбаевтың «Біздің барлық жетістігіміз бен жеңісіміздің мызғымас тұғыры – татулық пен тұтастық. Түрлі ұлт өкілдері бір шаңырақтың, бір тудың астынан табылып, бүгінгідей еңселі ел, іргелі мемлекет атандық», деген сөзін еске салып, «Қазақстан мемлекеті өзінің тұтастығы мен тұрақтылығын сақтай отырып, әлеуметтік-экономикалық дамуы жағынан еңселі белестерді бағындырды», деді.
Сонымен қатар конференцияның Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы аясында өтіп жатқанын айтып, оның еліміз үшін ауқымды және маңызды белес екенін атап өтті.
«Көпэтносты Қазақстан үшін этносаралық келісімді қамтамасыз ету аса маңызды басымдықтардың біріне айналды. Біріншіден, мемлекет Конституциясында этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласын реттейтін түбегейлі нормалар бар. Біздің еліміз әуел бастан-ақ мәдениеттердің, тілдердің, дәстүрлердің сан алуандығын тани отырып, азаматтық қауымдастық құру жолын таңдады.
Мемлекет ұлттық саясаттың ойластырылған стратегиясын іске асыра отырып, этносаралық қатынастар саласындағы тұрақтылықтың кепілі ретінде дәйекті түрде әрекет етеді. «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заң, Қазақстан халқы Ассам-
блеясының 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы және басқа да құжаттар қабылданды.
1995 жылы құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы – іргелі институт. Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күнінен бастап маңызды қоғамдық инфрақұрылым қалыптастырып, біріктірді. Этностардың мәдениетін, тілдері мен дәстүрлерін дамыту үшін жағдайлар жасалды. Ұлттық театрлар, этностық БАҚ жұмыс істейді. Қазақстандық этностардың мәдениетін, дәстүрлерін және тілдерін дамытуға қолдау көрсету мақсатында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бөлінеді», деді ол.
Ж.Түймебаев Қазақстанда этносаралық келісімді қамтамасыз етудің тиімді саяси-құқықтық және институционалдық-басқару жүйесі қалыптасқанын мәлімдей келе, Ассамблеяның бастамасымен жүзеге асқан бағдарламаларға да тоқталды.
«Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін қалыптастырудағы және бірегей қоғамдық институт – Қазақстан халқы Ассамблеясын құрудағы рөлі», «Біз – Қазақстан халқымыз» (этносаралық саладағы мемлекет саясатының негізіндегі «Бірлік көптүрлілікте» қағидасы) және «Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған, Қазақстанға жер аударылған халықтардың тағдыры» тақырыптарын қамтыған конференцияда тарихшылар мен жас ғалымдар баяндама жасап, этносаралық қарым-қатынас пен саясат төңірегінде ойларын ортаға салды.