Қоғам • 16 Қыркүйек, 2020

Енжарлық елдік мәселеге айналды

338 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бүгінде еңбек нарығы, оқу жүйесіне қатысты NEET (ағл. Not in Education, Employment or Training) жастар дегенді жиі естіп жүрміз. Оқу мен еңбектенуге құлқы жоқ, азаматтық белсенділігі мен жауапкершілігі төмен жастардың бұл тобы елдің экономикасын тежеп, халықтың әлеуметтік жағдайына да әсер ететінін түр­лі зерттеу институттары мен сарапшылар жарыса жазып жүр.

Енжарлық елдік мәселеге айналды

Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды

Біздің елде де құлықсыз жас­тардың саны артпаса, кемімей тұр. Осы орайда жастардың әлеу­мет­тенуіне мемлекеттік бағдар­ламалардың әсері қандай, жастар орталықтарының жұмысын дұрыс жолға қою арқылы бұл санаттағы жастардың санын қысқарту мүм­кін бе деген сұраққа жауап іздеп көрген едік.

Соңғы жылдары құлықсыз жас­тардың қоғамдағы үлесінің артуы мемлекеттік, тіпті әлемдік мәселе деңгейіне көтеріліп, қызу талқыланатын тақырыптың біріне айналды. Тіпті Дүниежүзілік банк­­тің осы саладағы зерттеулері NEET санатындағы жастардың жалпы халық санындағы үлесі ұлттық экономикалардың дамуы­на, сондай-ақ әлемдік еңбек нарығына да елеулі әсер ететінін аңғартып отыр. Қалай дегенде де, білім алу мен еңбек­тен қаш­­қақ­тайтын азаматтар түрлі әлеу­­меттік және қоғамдық мәселе­лер­дің пайда болуына да әсер етеді.

Аталған топтың пайда болуы әр елдің экономикалық-әлеу­меттік және рухани дамуы­мен байланысты. Қазіргі уақытта жал­пы Еуропа елдерінде осы са­наттағы жастар жалпы халықтың 14,7%-ын құрайды. Бұл топтағы жастарды жұмыс пен оқуға ынта­ландыруға экономикасы озық мемлекеттердің де шамасы жетпей жүр. Мәселен, Ұлыбритания үкіметі NEET мәселесіне әлі күнге дейін ше­шім таппай әлек. Оны елдегі ескір­ген білім бе­ру жүйесімен және еңбек нары­ғындағы үлкен өзгерістермен байланыс­тырады.

Ал Күншығыс елінде NEET жастар­дың алдын алу мақсатында мектептерде оқушыларға оқу бітір­геннен кейін не істеу керек­тігін түсінуге мүмкіндік бере­тін, бағыт көрсететін арнайы бағ­дар­лама оқытылады. Сондай-ақ Токио университеттері студент­тердің әлеу­меттік дағдыларын дамытуға ықпал ететін кез келген жобаларды белсенді түрде қолдайды. Жапон қоғамы үшін NEET тақырыбының өзектілігі сон­шалық, құлықсыз жастар та­қырыбы заманауи жапон әде­­бие­тінде де қозғалып жүр. Жазушылар 15-34 жастағыларды негіз­гі аудитория ретінде белгі­леп, шы­ғар­маларын соларға негіз­деп жазады.

Мұхит асып, АҚШ және Ла­тын Аме­ри­касы елдерін қарар бол­сақ, NEET жас­тар мәселесі бұл аймақ­тарды да айналып өтпеген. Мұндай әлеуметтік құбылысты АҚШ-та «жертөле тұрғындары» деп атайды екен. Бұл топты негі­зінен оқу орындарын енді аяқ­та­ғандар құрайды. Осы орайда тағы бір мәселе көтеріледі. Оқу құ­­нының өсуі көптеген жасты жо­­ғары білімнен бас тартуға мәж­бүр етеді. Ал ол сәйкесінше әлеу­мет­тенудің сәтсіздігіне әкеліп соқ­тырады.

Бұл проблема Латын Амери­касы елде­рінде де өзекті. Өйткені Мексика зерттеулеріне зер сал­сақ, ел аумағында есірткі кар­тель­дерінің арбауына ең көп ұшы­райтын және есірткі саудасы мен оған қатысты қылмысқа баратын осы топтың өкілдері екен.

Көршілес Ресей жерінде NEET жас­та­рының үлесі 15-24 жас аралығын­дағы барлық жас­тардың шамамен 15%-ын құрайды. Жастардың NEET жағ­дайына түсу қаупі негізінен білім беру сапасының төмендігінен не тіпті білімнің жеткіліксіздігімен байла­ныс­ты. Үндістанда 15 жастан 24 жас­қа дейінгі ұлдардың 6,4%-ы NEET қатарында, ал осы жас тобын­дағы қыздардың үлесі 44,9%-ды құрай­ды. Үн­ді мәдениетінде өзін өзі асы­рай алатын, тәуелсіз қыз отба­сы­­ның ауырт­палығы саналады, сондықтан қаржылық тәуел­сіздікке қол жеткізбеу үшін оны жұмысқа жіберуден гөрі үйде ұс­тау қауіпсіз деп санайды.

Бұл проблема біздің елімізде бар. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы халыққа Жолдауында жыл сайын мектеп түлектерінің 21 мыңға жуығы оқуға түсе алмайтындығын, кө­бі жұмыссыз қалатынын және со­ның салдарынан жастардың теріс бағытқа түсіп кету қаупі жоғарылайтынын айтып, оларды жұмыспен қамту мәселесіне ай­рықша көңіл бөлу қажеттілігін атап өткен болатын.

2019 жылғы ресми статисти­калық деректерге сәйкес, жалпы елдегі NEET жастардың үлесі 7,4 пайызды құрайды. Өңір­лердегі халық санының өзге­руі мен жұмыссыздық секілді әлеу­меттік ахуалға байланысты үлес көр­сеткіші түрленіп отырады. Аталған көр­сеткіштердің ең тө­менгі межелері Қарағанды, Түркіс­т­ан облыстарына тән екенін атап өткен жөн.

Түркістан облысындағы NEET жас­тар­дың үлесі 2019 жылдың көрсет­кіші бойынша, 10,7% құ­рап отыр. Бұл 2018 жылғы көр­сеткішпен салыстыр­ғанда 2,6%-ға төмендеген. Ал 2020 жыл­дың І жартыжылдығының ресми ста­тис­тикалық көрсеткіші облыс бо­йын­ша 6,7%-ды құрап, 31 201 жасқа теңестірілді.

Қазіргі уақытта осы көрсет­кішті ба­рынша төмендету және жастардың белсенділігін арттыру жолында мемле­кеттік бағдар­ламалар мен гранттар шеңберінде жастарды жұмыспен қамту шаралары қолға алынып, шағын және орта бизнесін бастауға көптеген мүмкіндік берілген. Атап айтар бол­сақ, «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында жас кәсіп­керлер, 14 пен 28 жас аралығындағы жұмыссыз жастарға арналған 555 600 теңгені құрайтын қайтарымсыз негіздегі гранттар ұсынылуда.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті да­мытудың 2017-2021 жылдарға ар­налған «Еңбек» мем­лекеттік бағдарламасы шеңберінде 2020 жылы жұмыспен қамту шаралары аясында 29 жасқа дейінгі жас­тар қатарынан 30 639 адамға қолдау көрсетілу жоспарлануда. Бүгінгі күні нақты 13 198 адам жұмыспен қамту шараларына қатысты.

«Дипломмен – ауылға!» жобасы аясында 2020 жылдың I жар­тыжылдығында 422 маман жұмысқа орналасты. Олардың 285-і білім беру, 100-і денсаулық сақ­­тау, 57-сі агроөнеркәсіптік ке­шен, 10-ы спорт, бесеуі мәде­ниет, алтауы әлеу­мет­тік қамсыз­дан­­дыру саласы бойын­ша қызмет етіп жүр.

«Жасыл ел» еңбек жасақтары бағдар­ламасы бойынша 2020 жы­лы мамыр-маусым айларынан бастап қараша айына дейін 1 275 жұмыс орнынан тұра­тын еңбек мау­сымы басталады. Қазір төтенше жағдайға байланысты жұмыс жос­пары кешігуде. Осы жоба аясында жүргізілген талдауларға сәйкес, Түркістан облысында «Жа­сыл ел» еңбек жасақтары бағдар­ламасының өңірге жыл сайынғы бөлінетін лимит санын 1 275-тен 1 500-ге арт­тыру жолға қойылып отыр.

Қазіргі таңда пробация есебін­дегі жастар мәдени-руха­ни, спорттық шара­ларға, үйірме­лер­ге тұрақты қатыс­тыры­лып, қадағалануда және NEET жас­тар арасында «Келеңсіз жағ­дай­лар мен жат қылықтардың, деструктивті мінез-құлықты (құ­қық бұзушылық) алдын алуға ба­ғытталған психологиялық ағар­ту жұмыстары» тақырыбында 83 кездесу және мотивациялық семинар-тренингтер ұйымдастырылып, бүгінге дейін 752 жаспен жұмыс жүргізілді.

Сонымен қатар жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақ­сатында «Жас кәсіпкер», «Көш­басшылық мектебі» тақырып­тарында оқыту тре­нингтері мен үйірмелер жүргі­зілуде. Бұл іс-шаралар легі жастардың бизнесті басқа­руға, жеке бизнес-жоспарын дайындауға, өз кәсібін ашу­ға, дұрыс әлеуметтенуіне ба­ғыт­талуда. Атқарылып жатқан осы жұ­мыс­тар NEET жастардың қа­та­рын азайтады деген сеніміміз бар.

Жастар орталықтары мен ұйым­­дары ең алдымен осы санат­тағы жастармен жұмысты көбей­туге маңыз беруі керек. Жас­тармен жұмыс істейтін бірлес­тіктерде креативті көзқа­рас­тың бол­мауы жастардың жауапсыз және деструктивті ағымдарға тү­суіне алып келеді. Жастар ор­та­лықтарына деген сенім аза­маттарымыздың, әсіресе жас­тар­дың жетілуіне ықпал етуі керек. Жастар қозғалыстарының барлық іс-шаралары тек белгі үшін ғана емес, мақсатты сипатта болуы өте маңызды.