«Даму» қоры Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры Нұрсұлтан Абдолланың айтуынша, биыл елорда кәсіпкерлерінің 82 жобасы субсидиялау түріндегі қолдауға ие болған. Сондай-ақ 92 жобаға қордың атынан кепілдік берілді. Бұдан бөлек «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде екі жыл ішінде 19 жобаға 19,3 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілген. Қаражатты шартталған түрде орналастыру бағдарламасы аясында 35,66 млрд теңгеге 403 жоба қаржыландырылыпты.
– Қазір қор негізінен төрт мемлекеттік қолдау шарасын ұсынуда. Атап айтқанда, кепілдік беру, субсидиялау, жеңілдетілген несие және консультация қызметі, – дейді Нұрсұлтан Абдолла.
«Дамудың» қолдауына ие болған компаниялардың қатарында астаналық «ТАЛ Инжиниринг Қазақстан» ЖШС бар. Компания аулалар мен көшелерге төселетін тас плита өндіреді. Сондай-ақ экологиялық тұрғыдан таза пакет өндіретін «Eco Friend» ЖШС мен сабын және жуғыш заттар шығаратын «Арко Групп 2011» компаниясы да «Даму» қорының игілігін көруде. Үш кәсіпорын қор тарапынан берілген қаржыға өндірісті ұлғайтып, қызмет көрсетуді одан әрі жетілдіруге мүмкіндік беретін жаңа жабдықтар сатып алған.
Бетоннан түрлі тас плита өндіретін «ТАЛ Инжиниринг Қазақстан» ЖШС 2018 жылы «Даму» қорынан қолдау сұрай келіпті. Дәлірек айтсақ, компания басшысы осыдан екі жыл бұрын тас плита өндіретін жаңа зауыт ашу үшін банкке жүгінеді. Оған өңдеу өнеркәсібі саласындағы шағын және орта бизнес субъектілерін қолдау бағдарламасы бойынша несие беріледі. «Даму» қорының қолдауымен жылына 6 пайыздық мөлшерлемемен несиеге берілген өтінімі мақұлданады. Сөйтіп бетон өңдейтін заманауи бұйымдар мен ғимараттардың қасбетін жасайтын жабдықтар кешені сатылып алынған.
Нұр-Сұлтан қаласында сабын және жуғыш заттар өндіретін жалғыз кәсіпорын бар. Ол – «Арко Групп 2011» ЖШС. Компания бірнеше жылдан бері «Даму» қорының жеңілдетілген несиесінің игілігін көріп келеді. Серіктестік қол жуатын сұйық сабын, сусабын, ыдыс, еден, әйнек жууға арналған құралдардың бірнеше түрін шығарады. Кейін компания өнімдері елорда супермаркеттеріне, мейрамханаларға, химиялық тазарту орталықтарына, тұрмыстық химия дүкендері мен автокөлік жуатын орындарға жеткізіледі.
– Төртінші жыл қатарынан «Даму» қорының қолдауына ие болдым. Атап айтқанда, айналым капиталын қаржыландыру, БЖЗҚ қаражаты есебінен шағын және орта бизнес қарыздарын қайта қаржыландыру, «Даму Аймақтар III» және «Бизнестің жол картасы-2025» шағын және орта бизнес субъектілерінің өңірлік жобаларын қаржыландыру бағдарламаларының игілігін көрдім. Берілген қарыз бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялай отырып, төмендетілген сыйақы мөлшерлемесімен жеңілдетілген несие алдым. Сондай-ақ қарыздарды ресімдеу кезінде кепілдік базасының жеткіліксіздігіне байланысты кепілдік беру құралын пайдаландым. Жақын уақытта технологиялық конвейерлік желіні автоматтандыру үшін жабдықтар сатып алуды жоспарлап отырмыз. Өнімді сақтау үшін суытылатын қойма ғимаратын салуға тағы да «Даму» қорына жүгінбек ойымыз бар, – дейді «Арко Групп 2011» ЖШС директоры Аслан Смаилов.
«Eco Friend» ЖШС «Даму» қорының 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша жеңілдікпен алғаш рет несие алыпты.
– Жыл басында өндірістік қуатты ұлғайтып, бұрын ішінара қолмен реттеліп келген процестің бүкіл циклын автоматтандыру үшін тұрмыстық және санитарлық-гигиеналық мақсаттағы қағаз өнімдерін өндіруге қосымша жабдық қажет болды. Біз «Даму» қорының астаналық филиалына жүгініп, мемлекеттік бағдарлама бойынша несиеге өтінім бердік. Осылайша, 5 жылға жылына 6 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен 20 млн теңге қарыз алдық. Кепілдік базасы жеткіліксіз болғандықтан, қор несие сомасының 85 пайызына кепілдік берді, – деді «Eco Friend» ЖШС басшысы Қуаныш Жапақов.
Компания шығаратын өнімнің шикізаты толықтай целлюлозадан тұрады және бірнеше рет қолдануға, өңдеуге жарамды. «Eco Friend» өнімдерін елорда супермаркеттерінен табуға болады. Астаналықтардан бөлек, биопакеттерді Павлодар және Алматы халқы да тұтынуда.
«Даму» демеген елордалық компаниялардың жұмысында ілгерілеушілік байқалады.