Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Әлемнің 116 тіліне аударылған роман-эпопея 200 томдық «Әлем әдебиеті кітапханасы» сериясында 134-135 том болып тұр. Мәскеу мен Санкт-Петербург қалаларының өзінде роман-эпопея жиырмаға жуық қайта басылып шығыпты. Соңғы рет белгілі жазушы, аудармашы Анатолий Кимнің жаңа, тың аудармасымен басылды. Сондай-ақ тәуелсіздік жылдары түрік, иран тілдеріне аударылды.
Әлемге әйгілі қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов: «Мен мұны қазақ халқының жалпы адамзаттық көркем ой парасатының маржанына қосқан тікелей үлесі деп бағалаймын. «Абай» эпопеясы – бұл біздің көркемдік және әлеуметтік энциклопедиямыз, ол біздің ортақ мандатымыз...», деген еді.
Халқымыздың ұлы тұлғаларының бірі – Қаныш Сәтбаев жарты ғасырлық «қазақ өмірінің энциклопедиясы» деп бағалаған роман-эпопеяда Абай өмірінің саналы жарты ғасыры қамтылып, халық тұрмыс-тіршілігінің, салт-ғұрпының тұтас көркем бейнесі жасалған.
Халқымыздың асыл текті тұлғаларын қынадай қырған 30-жылдарғы қуғын-сүргін жазушылық жолға жаңадан түскен М.Әуезовті де айналып өтпеді. Сол нәубеттің тауқыметімен шарпыса жүріп, жазушы өз өмірінің басты кітабы – «Абай жолы» эпопеясына аса тыңғылықты дайындалды. Алдымен Абай шығармаларының екі томдық толық жинағын шығарды. Ақын туралы деректерді тынбай жинастырды, оның өмірбаяндық, шығармашылық жолын ғылыми тұрғыдан бір ізге түсірді. Болашақ эпопеяның алғашқы тарауы «Татьянаның қырдағы әні» деген тақырыппен жарық көрді. Осыдан бастап М.Әуезовтің қалған барша саналы ғұмыры тек кемеңгер Абай тұлғасын жан-жақты бейнелеуге арналды. Сұңғыла суреткер тарих пен тағдыр берген мүмкіндікті шебер пайдалана отырып, табиғи болмыс-бітіміндегі қаламгерлік қарым-қабілетті, ақыл-зейінді, таным-түйсікті, өмірлік және көркемдік тәжірибенің барлық күш-құдіретін «Абай жолына» сарқа жұмсады. Соның нәтижесінде туған ғажайып роман-эпопея арқылы халқымыздың тарихи зердесін қайта қалыптап, көшпелі жұрттың тіршілігін жаңаша жаңғыртты.
Тынымсыз еңбек, терең ізденістің, зор шығармашылық қажыр-қайраттың нәтижесінде дүниеге келген төрт томдық эпопея дүниежүзі әдебиетінің төрінен лайықты орын алды. Ұлтымыздың мерейін тасытып, мәртебесін көтерді, мәдениетінің даңқын аспандатты, төрткүл әлемге қазақ деген халықтың талайлы тарихын, тұрлаулы тағдырын, қадір-қасиетін паш етті.
«Абай жолында» ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамының тыныс-тіршілігі, салт-санасы кеңінен қамтылып, сан қырлы тұтас галерея жасалған. Халқымыздың этнографиялық, діни, рухани, мәдени дәстүрлері: жаз жайлауға, қыс қыстауға көшу, құдалыққа бару, той атқару, ас беру, түрлі сайлау, дау-шарлар, сондай-ақ жеті ағайынды жұт, аң, құс аулау мен табиғат көріністері, т.б. бәрі-бәрі көркем көрініс тапқан. Қазақ байтағындағы жылдың төрт мезгілі қалай әсем суреттелген десеңізші!
Романдағы басты тұлға – ақын Абай. «Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өсіп», «мыңмен жалғыз алысқан» дала данышпанының бейнесі тұтас бір халықтың рухани, адами символы, келбеті болып көрініс береді. Шығармада Абайдың сөзі мен ісі бір жерден шығып отырады – өлеңдерінде заман мұңы мен халық қамын терең толғаған ұлы ақын, әрбір әрекетінде қалың ел қазақтың болашағын кеңінен ойлаған үлкен ойшыл ретінде танылады. Бұл тұрғыда М.Әуезов Абайдың көркем бейнесін жасауға ақынның өз өлеңдерінің көп көмегі тигенін аса ілтипатпен жазады. Сұңғыла суреткер ұлы ақынның шыншыл шығармаларын туғызған жағдай мен себептер табиғатына терең бойлау арқылы оның өмір жолына қанығады. Абай халық құрметінде қаншалықты биік деңгейде тұрса, жазушы оның көркем бейнесін соншалықты жоғары дәрежеде береді.
Романның басындағы қаладан ауылға асығып келе жатқан бала шәкірт пен эпопеяның соңындағы «ұлы кеуденің ыстық демі тоқтап, шөл даланы жарып аққан дариядай, игілік өмір үзіліп, зәулім өскен алып шынар құлап, өмірден Абай кеткенге» дейінгі арадағы қырық бес жыл – Абайдың адам, азамат, ақын, қайраткер ретінде жүріп өткен соқтықпалы, соқталы, ауыр, алмағайып өмір жолы. Бірінші кітапта Абай азамат ретінде қалыптасады. Екінші кітаптан бастап ел адамы, өнер шебері – шын мәніндегі азамат ақын болып шыңдалады. Абай ақындығының түп қазығы – туған топырағындағы аса бай халықтық ауыз әдебиеті, көзі көрген Барлас, Байкөкше, Шөже ақындардың, Біржан салдардың ықылас, ықпалы, Шығыстың жеті жұлдызының, Пушкин, Лермонтов бастаған орыс классиктерінің шығармашылығы, одан қалды түрлі жағдайда танысып, дос-жар болып кеткен орыс достарымен ортақ әңгіме, тағысын тағылар. Бұл тұрғыда да, Абайдың өмір жолын, сан қырлы ақындық, сазгерлік, ойшылдық өнерінің терең тылсымын, қыр-сырын, сол заманды, сол ортаны, қоғамдық қарым-қатынастарды терең түсіну үшін де М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының баға жетпес танымдық, тағылымдық мән-маңызы зор.
М.Әуезов Абай бейнесін сол кезеңдегі тарихи процестермен, халық өмірімен тығыз байланыста суреттейді. Отаршылдық жымысқы саясаттың ауыр зардаптарын, әлеуметтік теңсіздіктерді, елдің тұрмыс-тіршілігіндегі қарама-қайшылықтарды баса баяндайды. М.Әуезов кітапқа арқау еткен оқиғалар мен кұбылыстар тарихи процестің даму тенденциясын дәл тауып, халық өмірінің негізгі салаларын қамтиды. Алғашқы кітаптарда ру тартысы көп көрініс берсе, кейінгі кітаптарда әлеуметтік теңсіздікке негізделген күрестер баса баяндалады.
Абай – қиян түкпірде жатып-ақ барынша оқып-тоқыған терең зият білім иесі, парасат-пайымы ерек адам, сайын сахараны, қараңғы қауымды қамаудан, тығырықтан шығару жолында ақындықты күш-қуат тұтып, жамандық, жауыздық атаулымен жалғыз күрескен жұмбақ жан. Міне, осы негізде классик жазушы М.Әуезов Абайдың ақындық табиғатын азаматтық қайрат-қажырымен берік сабақтастыра отырып, оның тұлғасын бір ұлттың данасы, бір халықтың данышпаны дәрежесіне көтерді. Ұлы ақын, ғұлама ойшыл, халық қайраткерінің мәңгі өлмес, өшпес, асыл бейнесін сомдады.
«Абай жолы» романын түрлі, бір-біріне ұқсамайтын кейіпкерлердің, характерлердің галереясы десе де болады. Бұл ретте Абайдан кейінгі орында тұрған тұлға – Құнанбай Өскенбайұлы. Әрі-беріден соң Құнанбай – басты кейіпкерлердің бірегейі. Қарап отырсаңыз, ұзақ романның басынан аяғына дейін, тіпті ол қайтыс болып кеткен соң да, Құнанбай саясаты жүріп отырады. Айталық, роман оның түпкі, терең астарлы ой-мақсатының бір қыры болып табылатын Қодар-Қамқа қазасынан бастау алса, төртінші томда, Абай жазықсыз жапа шегіп, соққыға жығылған соң, оның намысын жыртқан ел жақсыларының жиынынан да Құнанбайдың төрт немересі – Шұбар, Мағауия, Кәкітай, Әзімбай төртеуі бірге қайтып келе жатады. Міне, осының өзі Құнанбай өлсе де, құнанбайшылықтың өлмегенін, оның рухы мықты екенін білдіреді емес пе?! Абайдың өзі: «Ол сыпатты қазақта дүниеге ешкім келмепті» деп жырлаған тарихи тұлға, би, аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлы туралы М.Әуезов: «Құнанбайдың кім екенін білмесек, Абайдың кім болғанын білу қиын, бұлар заманның туындысы... Ақын Абайдың алдыңғы аталарындай емес, Құнанбай жайында ел жадында қалған аңыз әңгіме аса көп. Себебі, Құнанбай өз тұсындағы ел билеушілердің көбінен қатал, салмақты болады. Ақыл-ой да, қажыр-қайрат та, өмір, билік батылдығы да және халыққа батқан қатты кесек іс-қимылдары да бұның атын көпке мәлім еткен», – деп жазады.
Міне, осы бір басы қарама-қайшылыққа толы – шетсіз-шексіз билік, байлық иесі, азулы да ақылды, ашуы мен қайратын бірдей ұстай білетін дала қайраткері, бір сөзбен, романдағы Қаратай бидің тілімен айтқанда, «мырза, шешен, жақсы Құнанбайдың» күрделі образы эпопеяда бар қырынан ашып көрсетілген. «Адамның қай мінезі қасиеті болса, сол мінезі міні де болады. Жақсылық – кісінің айнымас табандылығында» деп білетін, өмірде ұстаған нәрсесін берік ұстанатын би Құнанбай ұстасқанын ықтырып, жауласқанын жеңбей тынбайтын қайтпас қайсар, мызғымас тұлға. Оның аға сұлтан болып жүріп, қарулы қақтығысқа жол беріп, сонысы үшін ұлықтығынан айырылып, тіпті істі болатын жолы асқан айлакерлікпен «істің» бір бөлігін өртеп, жойып жіберіп, сонау Омбыдан ақталып қайтатын ерлігі қандай?! Әкесінің алысқанын жықпай, есесі кеткеннен кек алмай қоймайтын қырыстығын, бірбеттілігін айттық. Ал ол өмірден көшкен соң оның артында қалған бар жер дауы, ел дауына «мұрагер» болып қалған баласының, Абайдың бұл ретте бірде жеңіп, бірде жеңілгені, тіпті ақыр соңында соққыға да жығылғаны, жүрегі дертті болып, ерте дүние салатыны да көп жайды аңғартса керек. Қат-қабат шың сияқты, жан бойламас терең түкпірі бар Құнанбай бейнесін М.Әуезов романда бар кемшілік, артықшылығымен толық, тұтас, жан-жақты сомдаған.
Тәуелсіздік алғалы бергі кезеңде бұрында жағымсыз кейіпкер ретінде қабылданып келген Құнанбай Өскенбайұлы жайындағы бар шындықты жария етуге, әке мен бала арасындағы рухани байланыстардың көзін аршуға қатысты көптеген жұмыстар атқарылды. Оның өмірі мен қайраткерлігіне арналған жекелеген материалдар тұрмақ, бірнеше кітап та басылып шықты. Бейбіт Сапаралының «Құнанбай қажы», Тұрсын Жұртбайдың «Құнанбай» кітаптары осыған мысал. Биылғы Абай жылының басында әйгілі «Өнегелі адамдар өмірі» (ЖЗЛ) сериясымен Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың «Құнанбай» атты монографиясы жарық көрді. Е.Сыдықовтың игі бастамасымен дүниеге келген «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының бағдарламасы аясында заңгер ғалым Нұрлан Дулатбековтің «Құнанбай Өскенбаев ісі» де жеке кітап болып шықты. Міне, осы еңбектердің барлығы – Е.Сыдықов әділ атап өткендей, түптеп келгенде, ұлы Әуезов сомдаған Құнанбай образына жетпейді, соған қосымша ретіндегі дүниелер. Біз де осы пікірге ықыласпен қолымызды қоямыз. Жасалу шеберлігі жөнінен Құнанбай образы – бүкіл дүниежүзілік әдебиет әлемінде сирек кездесетін кесек тұлға.
Ашығын айтқанда, белгілі ғалым Т.Нұртазин жазғандай: «Егер Абай Құнанбайдай шонжардың баласы болмай, Жұман қырттың баласы болса, Абай болып шықпас еді. Надандықпен күресуге, «Мыңмен жалғыз алысуға» да шамасы келмес еді...»
Романда Құнанбайдың, бұл бір есептен Абайдың да өскен ортасы, қоршаған қауымы да барынша көркем көрініс берген. Әр рудың басы, әр ауылдың ақсақал-қарасақалдары – Бөжей, Байдалы, Байсал, Қаратай, Сүйіндік, т.б. Өз маңындағы осыған қарсы топ – бірге туған туыс-бауыр Майбасар, Ызғұтты, Жақып, Құдайберді, Мырзахан... Олар келе-келе, Абай заманында Тәкежан, Оспан, Жиренше, Оразбай, Шұбар, Әзімбайларға ауысады. Жазушы қалың қауым және жекелеген адамдардың мінез-құлқы, іс-әрекеті арқылы сол кесірлі заманның кескін-келбетін өте шебер бейнелейді.
Романдағы әйел-аналар, қыз-келіншектер бейнесі – өз алдына бөлек тақырып. Зере, Ұлжандай абыралы әжелер мен ардақты аналар, Ділдә, Әйгерім, Тоғжан, Салтанат, Қуандық, Керімбала, Балбаладай ғашық жар, ару қыздар бейнесі тұрмақ, сөз арасында сары кемпір, қара қатын, қызыл шырайлы келіншек түрінде аталатын қосалқы кейіпкерлердің өзі оқырман жадында жақсы жатталып қалады. Тіпті аяқ асты «барлаушы» рөлін атқарып кететін Иіс кемпірдің де өзіндік орны бар.
Қазақ қоғамының, ел iшiнің қадым замандардан бергі бір «сәні» қу тілді, сыңар жақ небір айтқыштар, күлкi, мысқыл, қылжақтың шеберлері екені белгілі ғой. Романдағы «Жазыла-жазыла қожа-молдадан да ұят болды, ендi өлмеске болмас!» деп кеткен Тонтай нағашыдан бастап, «Бағана ұлыжарықта «отырып» алғаным қандай ақыл болған!..» деген бір ауыз сөзінің өзі мәтел болып кеткен белгілі мылжың Жұман қырттың түрлі, қилы әңгімелері, сырт пішіні өте салмақты, аз сөйлейтін, аса тыныш, момын адам сияқты, бірақ бірді бірге ұрындырып, алдауға, төбелестіріп қоюға келгенде алдына жан салмайтын Қалдыбайдың, өзінің түрлі жаңғалақ іс-әрекеттерін әңгімелегенде беті бүлк етпей, томсарып отырып айтатын, Абайдың бағалауынша: «Өзгеше күлдіргі, өзі бір Алдаркөсе тәрізді тамаша адам» Дәулеткелді хикаялары – романның ажарын ашқан, бояуын қалыңдатып тұрған аса сергек, ширақ, шырайлы тәмсілдер. Жан жабырқап, көңіл орта тартқан сәттері, басқасы басқа, Жұман қырттың әңгімелерін бір шолып шығыңызшы, ойыңыз сейіліп, күлкіге қарық болып қаларыңызға мен кепіл!
Ұлы шығарма қашанда өзінің мәңгі көкейкестілігімен ұлы, құнды. Осы орайда «Абай жолы» романындағы асқақ рух пен алғыр ой, өркениет көшінен кенжелеп қалған қараңғы қазақ даласының өзіне тән мұң-мұқтажы, осыған қатысты әлеуметтік астары мол қилы қияметтер қазіргі заманның ең өткір мәселелерімен де тереңнен тамырласып жатқаны таң қалдырады.
Жалпы, менің шағын кітап қорымда, біраз жылдардан бері бас жағымда тұратын киіз кітаптар санатында осы ұлы «Абай жолы» жоқ! Оны саналы түрде тапсырып, «тығып» тастағанмын. Өйткені «Абай жолы» көз, қол жетер жерде тұрса, еріксіз соны алып, әр жерін бір оқи беретін әдетім бар. Басқа, тың, кезегін күтіп тұрған кітаптар жайына қалады. Ертеректе әзіл-шыны аралас, «Мен «Абай жолын» оқып жүрген жоқпын, жаттап жүрмін», деуші едім...
«Абай жолы» туралы қысқа сөзімізді әулие Әбіштің, Әбіш Кекілбаевтың мына сөздерімен түйіндегіміз келеді:
«Абай жолы» эпопеясы – қазақ әдебиеті қайраткерлерін алға шақыратын, болашағына бағыт сілтейтін жарық жұлдыз. Сөздің сиқырын меңгерем деген, көркем шығарманың қасиетін қолмен ұстағандай терең ұғынғысы келген, шеберлік шыңдаймын деген дарынды жас қауым үшін ғажайып әдеби үлгі, әдеби мектеп».
Жомарт ОСПАН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі