Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
– Серік Маратұлы, бүгінгі күні әлемді алаңдатып отырған пандемия қазақ спортына қалай әсер етуде және аталған саланы алда қандай өзгерістер күтіп тұр?
– Әрине, пандемия әлемдік экономиканың барлық саласына салқынын тигізді. Коронавирустық инфекцияның алдын алу мақсатында Халықаралық Олимпиада комитеті, Жапония үкіметі және Токио-2020 Ұйымдастыру комитетінің бірлескен шешімімен Олимпия ойындары келесі жылға шегерілді. Сонымен қатар бірнеше халықаралық жарыс өткізілмей қалды.
Қазіргі кезде алдымызда тұрған ең басты мәселе – бұқаралық спортты дамыту. Біздің министрлік Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау мақсатында: Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту жөнінде 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарды әзірлеп, бекітті. Бұл жоспар 31-тармақтан және 5 негізгі бағыттан тұрады. Бұл бағыттар: нормативтік-құқықтық қамтамасыз ету; мектептік һәм студенттік спорт; спорттық жүйелерді кеңейту; СӨС насихаттау және тарату; спорттық-бұқаралық іс-шаралар.
Жоғарыдағы жоспар саламатты өмір салтын насихаттауды көздейді. Сонымен қатар қоғам өміріне дене шынықтыру мен спортты енгізу; бұқараның дене шынықтырумен айналысуы және саламатты өмір салтына ұмтылысын қалыптастыру; халықтың барлық жас санаттары арасында дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту; балаларға арналан спорттық инфрақұрылымға қол жеткізу, т.б. іс-шараларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Бұқаралық спортты дамыту, сондай-ақ дене шынықтыру мен кәсіби спортпен шұғылданатындардың санын арттыру мақсатында жасалып отырған кешенді жоспарда бұқаралық спорт бойынша заң жобасын қолданысқа енгізу көзделген. Жекелей айтар болсақ, дене шынықтыру мен спорт бойынша сабақтан тыс пәндер өткізгені үшін мұғалімдерге қосымша ақы төлеу; білім берудің барлық деңгейлі дене тәрбиесі сабақтарында ұлттық спорт түрлерін міндетті компонент ретінде оқыту; бұқараны спорт нұсқаушыларымен қамтамасыз ету; өңірлерде дәрігерлік дене шынықтыру диспансерлердің жұмысын ұйымдастыру көзделеді.
Аталған құжат негізінде барлық жас санаттары дене шынықтырумен жүйелі түрде айналысатын болулары керек. Яғни жоспар бойынша 2025 жылға қарай барлық тұрғынның кемінде 40%-ы немесе 7,5 млн адам бұқаралық спортпен шұғылдануы қажет. Бұл көрсеткіш 2019 жылы 30,6%-ды немесе 5,7 млн адамды құрағанын ескерсек, жоғарыдағы өсім 1,8 млн-ға көбейтілмек. Қазіргі таңда бұл құжат Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр.
– Президент Жолдауында экономиканың барлық саласын реформалау қажет екені айтылды. Бұл науқан еліміз спортына қалай әсер етуде?
– Әрине, бұл науқаннан қазақ спорты тыс қалмайды. Орын алған экономикалық жағдайда шығындарды қысқарту мәселесі күн тәртібіне шықты. Мемлекет басшысы бюджет шығындарын азайту мақсатында бірнеше рет мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік секторды қысқарту қажеттілігін атап айтқаны белгілі.
Бұрындары біздің министрлік республикалық Олимпиадалық даярлау орталықтарының сақталып қалуын, олардың қысқартуға ұшырамау мәселесін қозғап, жыл сайын Үкіметке бірнеше дүркін негіздеулер жасайтын еді. Өкінішке қарай, биыл тек біздің ғана емес, бүкіл әлемнің жоспары түгелдей дерлік өзгерді. Коронавирус індеті өміріміздің барлық саласына әсер етіп, жаңа форматта жұмыс істеуге итермеледі. Енді еліміздің дене шынықтыру және спорт саласы осы жаңа өзгерістерге сай жұмыс істеуі тиіс.
– Алда спорт саласын қандай өзгерістер күтіп тұр?
– Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасын орындау мақсатында министрлік республикалық Олимпиадалық даярлау орталықтарының жұмысын оңтайландыруды қолға алады. Осылайша, бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған 9 орталық 3 орталық болып біріктіріледі.
Атап айтқанда, біріншісі – Щучинск қаласындағы Олимпиадалық даярлау орталығы. Бұл теңдессіз спорттық нысанда шаңғы-биатлон трассасы, 3000 орынға арналған шаңғы стадионы, шаңғымен секіру трамплиндері, дәрігерлік орталық, 200 адамға шақталған 4 жұлдызды қонақүй, дайындық залы, бокс, ауыр атлетика, ойын залы мен бассейн бар.
Екіншісі – Нұр-Сұлтан қаласындағы Олимпиадалық даярлау орталығы. Елордада еліміздің спорттық әлеуеті шоғырланған, сонымен қатар бұл жерде халықаралық талаптарға сай келетін велотрек бар. Дәл осы спорт нысаны жанынан орталық ашу жоспарлануда. Велотрек – көпфункциялы спорттық объект. Оны бокс рингіне, дзюдо татамиі, гимнастикалық кілем, баскетбол не волейбол алаңына айналдыруға болады. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласында жеңіл атлетика манежі салынады. Бұл нысан Дүниежүзілік жеңіл атлетика ассоциациясының барлық талабына сай болады. Жуық арада бұл объект те аталған орталықтың басқаруына берілуі мүмкін.
Үшіншісі – Алматы қаласындағы Олимпиадалық даярлау орталығы. Өйткені, бұл қала – еліміздегі ең ірі мегаполис. Сондықтан оңтүстік астанада спорттық оқу-жаттығу жиындары көп өтеді. Айта кетсек, Алматы облысында Олимпиадалық даярлау базасы салынып жатыр, болашақта оны Олимпиадалық даярлау орталығының қарамағына береміз деген жоспар бар.
– Жоғарыдағы оңтайландыруға ұшыраған орталықтардың мамандары жұмыссыз қалып қоймай ма?
– Олай болмайды. Бірден айта кетейін, спортшылар мен жаттықтырушылар оңтайландыруға ұшырамайды. Әкімшілік-басқару персоналы орталықтандыру жүйесі бойынша қысқартылады. Осылайша, орталықтарды біріктіру арқылы 125 штаттық бірлікті қысқартуды жоспарлап отырмыз.
– Үнемделген қаражат қайда жұмсалады?
– Шамамен үнемдеу қаржысы жылдық есеп бойынша 500 млн теңгені құрап отыр. Яғни әкімшілік-басқару персоналдарын оңтайландырудан үнемделген бұл қаражат спортшыларды даярлауға, спорттық-бұқаралық шаралардың күнтізбесін кеңейтуге, жабдықтар сатып алуға, жалпы материалдық-техникалық базаны жақсартуға жұмсалады. Ел Президентінің тапсырмасы аясында орталықтарды оңтайландыру арқылы ұлттық құрама командалардың құрамына мықты спорттық резервті дайындап, болашақ Олимпиада чемпиондарын шығара аламыз.
Әңгімелескен
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»