Өнер • 18 Қыркүйек, 2020

Пойызда туған ән

1241 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түркістанда ылғи ыңылдап, әндетіп жүретін жан бар. Жақсы ән туса екен деген ізденістен туындаған ыңылға бейтаныс жандар түсінбей таңдана қарар. Бірақ... ыңылдап жүретін ағамыз әлдебiреулер сияқты алдын ала жоспарлап, тапсырмамен ән жазған емес. Ән жоспарсыз, жүрек әмiрiмен тууы тиiс деп есептейді. Содан да болар, ол шығарған ән аз. Ел айтпаған ән – ән емес дейді. «Қанша әнiңiз бар?» деген сұраққа ел iшiнде айтылып жүрген әндерiн ғана есепке алып, жауап береді.

Пойызда туған ән

 

Иә, біз бүгінде болашақ жур­­на­листерге тәлім-тәрбие беріп жүр­­ген ұлағатты ұстаз, түркіс­тандық сазгер Бекжігіт Сер­дәлі туралы әңгімелеп отырмыз. Ұс­­таздығы жөнінде ұзақ әңгі­мелеуге лайықты, ұстанымынан айнымайтын, көзқарасын ашық білдіріп, пікірін қаймықпай айтатын азаматтың жүректен шыққан әндерін де ел жоғары бағалайды. Солардың бірі де бірегейі «Жас жұбайлар» әнінің шығу тарихы да қызық.

– Студенттік шақ. Курстас дос Құлтөлеу үйленiп, бүкiл топ мұ­ғалiмдердiң көзiне түспей, «Жез­қазған, қайдасың?!» деп тар­тып кеттік. Жүрдек пойыз. Вагон толы студентпіз. Үстел үс­тiнде дастарқан етіп жайған «Ле­ниншiл жастың» (қазiргi «Жас Алаш») қиындысы жатыр. Қиындыда – жарасымды екі жұп­ты бейнелеген фотоэтюд. Оған жазылған екi шумақ өлең. Авторы көрсетiлмеген. «Су­реттi түсiрген Р.Ханалиев» деп қана тұр. Газет бетiндегi суретте бейнеленген бозбала мен бой­жеткеннiң сезiмдерiн дәл көр­сетiп, дөп басқан жыр жолдары маған қатты ұнады. Курстас құр­былардың бірі «Тойға апара жат­қан сыйлығымыз қайда?» деп қалмасы бар ма? Соңғы тиы­нына дейін билетке жұм­саған студентте қайбір сыйлық болсын. Ой­ланып қалдық. Манағы өлең еске түсті. Оңашада әуен ту­ды. Әлгi екi шумақты салып айтып көрiп едiм, әп-әдемi ән дү­ниеге келгендей болды. Тойға асығып, көңiлдерi алабұртып келе жатқан курстастарға тыңда­тып көрiп едiм, бәрiне ұнай кетті. Жезқазғанға барғанша қосы­ла шырқап, жаттап та алдық. «Сен­дерге әрдайым орын бар, Ақ отау төрiне қоныңдар»...

«Жас жұбайлар» атты жаңа әндi сәлден кейiн бүкiл вагон, ал Жезқазғандағы тойдан соң бүкiл ауыл айтып кеттi. Кейiн ол студент жастардың аузынан тастамайтын сүйiктi әнiне айналды. Тыңдаушының да тыңдаушысы бар ғой. «Ой, бауырым, әнiң ән-ақ екен, бiрақ сөзiн кiм жазған?» деп қадала сұрап қоймайтындар да табылды. Расында да, әдемi әнге себепкер болған қос шумақ кiмдiкi екен? Өлең авторын «Лениншiл жастың» редакциясынан сұрап едiк, ешкiм бiлмедi. Бірде ҚазМУ қалашығындағы бесiншi жатақханаға «Лениншiл жастың» жiгiттерi кездесуге ша­қырылады. Болашақ журналистер мен осы шақ журналистерi бiр-бiрiне түрлi сұрақтар қойып, сұхбаттасып, сырласты. Кеш со­ңында журфактың студенттерi қо­нақтарға арнап ән айтады. Сол баяғы «Жас жұбайлар». Ән аяқтала бергенде «Лениншiл жастың» сол кездегi әдебиет бөлi­мiнiң меңгерушiсi, кезінде Президент Әкімшілігінде жауапты қызметтер атқарған ақын Өте­ген Оралбаев орнынан атып тұрып: «Бұл мен ғой! Менiң өле­ңiм ғой!» деп айғай салды. Тама­ша әннiң қос авторы арада екi жыл өткенде осылай табысқан едік, – деп еске алады сол бір күндерді Бекжігіт Сердәлі.

Оның көп әндері жол үстінде пойызда, не автобуста туған. Ал­ды­мен әуенді ыңыл­дап дом­быраға не магнитофонға түсiреді. Автобус ішінде көкейге келіп, үйде маг­нитофонға жазылған әуеннің бірі «Неге, неге?» әні. Бүгінде журналистік не фило­ло­гиялық салада ғана емес, жа­ра­тылыс­тану ғылымы мен мә­дениет саласында да аянбай тер тө­гіп келе жатқан профессор, ком­­позитор, Түркістан және Кен­тау қала­ларының құрметті аза­маты, 100-ден астам ғылыми мақа­ланың, 20-дан астам оқу құ­ралдарының авторы Бекжігіт Сер­дәлінің жуырда «Неге, неге?» әніне Қырғызстан, Өзбекстан, Армения және Қазақстанның жас әншілерінің қатысуымен түсірілген бейне­баянның тұсауы кесілді.

Соңғы жаңалықтар