Ұлттық мақсатқа қол жеткізу жолында ұлт зиялыларының бас қосуының нәтижесі болған мазмұнды петициялардың бірі Қарқаралы петициясы болды. Бұл петиция 1905 жылдың 25 маусымында қабылданған. Оның маңызды ерекшелігі шындықты жан-жақты көрсетуі, ұсынған талаптары және көп адамның қол қоюы еді.
Қарқаралы петициясы Ресей министрлер кеңесінің төрағасына бағытталған. Оның негізгі бөлімдерінде патша өкіметінің Қазақстанды рухани отарлауы көрсетілген. 11 бөлімнен тұратын петицияда дін қызметкерлерін босату, діни басқарма құру, білім беруге рұқсат ету, газет шығару, ісқағаздарын ана тілінде жүргізу, қазақтардан сайланған депутаттардың заң шығару жиналыстарына қатынасуы жөнінде талаптар қойған.
Жоғарыдағы петицияның мазмұнымен М.Тынышпаевтың дін мәселесі жөніндегі талабы да сай келеді. Оның пікірінше:
«а) изъятие всех духовно-религиозных дел киргизов из ведения различных административных учреждений и передача их особому киргизскому духовному собранию с киргизскими муфтием во главе и независимость муфтия от каких бы тон и было административных учреждений, миссионерских обществ; в) постройка мечетей, молитвенных домов, медресе без всякого разрешения со сороны русских властей; с) отмена цензуры на духовные книги на киргизском, арабском и татарском языках; д) передача метрических книг ведомству киргизского духовного управления; е) открытые возраждения и прения с миссионерами без содействия последним администрации».
Ұлт зиялылары қазақтарды христиан дініне (православиеге) шоқындыруға түбегейлі қарсы болды. 1912 жылы Ә.Бөкейхан мемлекеттік Думаның мүшелеріне жазған ашық хатында «переселенческое Управление озабочено не одной раздачей казенной земли в Киргизской степи лицам «всех сословий», ...а также подготовкой киргизского народа к восприятию православно-христианского вероучения» – деп жазған. Бұл мәселе бұдан бұрын 1902 жылы қазақтың сауатты адамдары құрастырған петицияда орын алған еді. Кейінірек бұл жөнінде Ә.Бөкейханов өзінің «Қырғыздар» деген мақаласында былай деп жазады: «В этой первой киргизской прокламации, авторы на арабском и киргизском языках призывали детей Алаша подняться, как один человек, против посягательств русского правительства на религию – ислам и против попытки обратить киргизский народ в «крестьян» и православную веру». Ислам дінін қыспаққа алудағы үкіметтің бұдан кейінгі шаралары қазақтардың дініне қатысты патша саясатының қандай екендігін тағы бір мәрте дәлелдеп берді.
1916 жыл мен 1917 жылдың бірінші жартысында облыстарда қазақ съездері өткізілді. 1916 жылы Жетісу облыстық қазақ съезі сәуірдің 12-сі мен 13-і аралығында Верный (Алматы) қаласында ұйымдастырылды.
Жетісулықтар рухани-дін мәселесі жөнінде басқаларға ұқсамайтын ерекше шешім қабылдады. Жетісу қазақ съезі делегаттары біріншіден, мұсылман дінін православиемен теңестіру үшін Петроградта мұсылмандардың діни басқармасын құру қажет деп тапты, екіншіден, съезд қарарында: «...далалық Орал, Торғай, Ақмола, Семей және Жетісу облыстарына ортақ «ерекше діни жиналыс» құрылсын және ол «Қазақстан» деп аталсын», делінді. Құжаттан келтірілген үзіндіден көрініп тұрғандай, діни мәселелерге байланысты алынған Жетісу съезі қарарында қазақ жерінен территориялық құрылым қалыптастырып, оны Қазақстан деп атауды ұсынған. Сонымен қатар қарарда айтылған ұлттық (қазақстандық) діни басқарма құру идеясы қазақ облыстарын татар және башқұрт мүфтиаттарынан шығарып алу арқылы қазақ халқының рухани-діни топтасуына мүмкіндіктер туғызуға қызмет етті. Жетісулықтар шіркеуді мемлекеттен бөлу үшін дауыс берген жоқ, діннің қоғамда көрнекті орын алуын қолдады.
Петроградтағы Қазан төңкерісінен кейін, Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату процесі жүріп жатқан кезде «Қазақ» газетінің 1917 жылы қарашаның 21-інде шыққан 251-санында ұлт зиялылары – Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Е.Ғұмаров және т.б. дайындаған «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасы жарық көрді. Он баптан тұратын бұл маңызды жобада қазақ халқына дербестік әперуді көздеген ұлттық-мемлекеттік құрылыс туралы, демократиялық қоғамға тән адамның негізгі құқықтары мен бостандықтары туралы, қоғам дамуындағы өзге де күрделі мәселелерге арналған ережелермен қатар, дін ісі жөніндегі ойлары да бар. Нақты көрсетсек бағдарламадағы 4-бапта дінге қатынасты мәселе қарастырылады. Бап «Дін ісі» деп аталып, онда «Дін ісі мемлекет ісінен айырылулы болуы. Дін біткенге тең құқық. Дін ұстауға ерік, кіру, шығу жағына бостандық... Мүфтилік қазақта өз алдына болуы... Неке, талақ, жаназа, балаға ат қою сияқты істер моллада болуы, жесір дауы сотта қаралуы» көтерілді.
Көлемі жағынан шағын, мазмұны жағынан терең осы бағдарлама жобасы 1917 жылғы қараша айының 12-18-і аралығында өткен Құрылтай съезі сайлауында Алаш партиясының үлкен табысқа жетуін қамтамасыз етті.
Отарлаушы Ресей қазақ халқының жері мен оның табиғи байлығының айтарлықтай бөлігіне иелік етіп қана қоймай, олар қазақтарды рухани жағынан да отарлауға белсене кірісті. Яғни, халықты тілінен, ұлттық болмысынан, дінінен айыру мақсатындағы іс-шараларын да жүзеге асыра бастады.
Бұл мәселе жөнінде ұлт зиялысының бірі Міржақып Дулатұлы 1907 жылы жазған «Қазағым менің, елім менің» атты мақаласында ашық та ашына жазған еді: «...Ең алдымен қазақ халқы – Россияға тәуелді халық... оның ешқандай правосының жоқтығы ыза мен кек тудырады. Халықтан жиналатын салық қаражатының көп бөлігі халыққа тіпті керек емес нәрселерге жұмсалады... Өздеріңіз көз жазбай байқап отырғандай... чиновниктер, урядниктер кедей қазақтарды ұрып-соғып малдарын тартып, ойына не келсе соны істеді...
Енді чиновниктер біздің дінімізге, атадан мұра болып келе жатқан әдет-ғұрыптарымызға, біздің молдаларға ғана тиісті неке мәселелеріне араласа бастады, діни кітаптарды тұтқынға алды...» Бұдан отарлаушылар қазақтың жерін ғана алып қоймай, дін мен ділімізден де айыру саясатын жүргізгендігі байқалады. Бұдан әрі М.Дулатұлы «Әйтеуір ата-бабам мұсылман» деген дүрмекті қоятын кезең келді дей отырып, ол «Қазақтың көп жерінде мешіті жоқ, жоғына себеп болған миссионер поп», деп көрсетеді.
Міржақып Дулатұлы мұның басты себептері патша өкіметінің саясатына байланысты дей отырып, сонымен қатар басты кінә өзімізден, яғни жаңа заманға қазақтардың икемделе алмауынан деп реніш білдіреді. Ол 1909 жылы шыққан «Оян, қазақ» жинағында:
«Көзіңді аш, оян қазақ,
көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты
Жер кетті, дін нашарлап,
хал харам боп,
Қазағым, енді жату жарамасты»,
дейді.
Сол кезде бүкіл қазақ даласына лезде тараған атақты өлеңінде М.Дулатұлы қазақтарды жер кетіп, дін нашарлап, адамгершілік тапталып жатқан кезде ұйқыдан оянып, басын көтеріп, жан-жағына қарап, мақсатсыз уақыт өткізбеуге шақырады. Екіншіден, бұл өлең өзінің мазмұны жағынан қазақтардың Ресей саясатына қарсылығын көрсетуге бағытталған.
Бостандық күресінде өшпестей іс қалдырған зиялының бірі Мұстафа Шоқай болды.
ХХ ғасыр шежіресі Ресейде өткен халықтық төңкерістен бастау алатыны белгілі. 1905-1907 жылдары революция жеңілгенімен, оның өзіндік үлесі – Ресейде парламенттік сайлаудың енгізілуі болды. Мемлекеттік Дума жөніндегі патша манифесі басқа «бұратаналармен» бірге қазақ еліне де депутаттық сайлау құқын берді. Бірақ Николай ІІ заң шығарушы парламент ұнамай, оны екі рет таратып жіберді. Ал 1907 жылы тіпті Қазақ, Түркістан өлкелерінен депутат сайланбайтынын ресми мәлімдеп, қазақтарды саяси құқықтан айырды. Бұл қазақтарды Ресейдің жүргізетін саясатынан аулақ ету, оларға саясатын білдірмеу айласы болатын. Үшінші, төртінші мемлекеттік Думаларға қазақтар қатыстырылмағанымен, олар Мемлекеттік Думаның мұсылмандар фракциясы арқылы құжаттар өткізуді қадағалады. М.Шоқай осы фракцияның ұйымдастыру алқасының хатшысы болды. Мұның өзі қазақ зиялыларының саяси күресте діни фактордың маңызын жақсы түсінгендігінің айғағы еді.
М.Шоқай түркі халықтарын азаттық жолындағы күресте біріктіруге, ынтымақтастыруға тырысты. «Мұны ұлтшылдық та, пантүріктік те, панисламдық та емес, интернационалдық, патриоттық әрекет деп түсінуіміз керек», дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Ә.Тәкенов.
Жалпы, М.Шоқайдың Түркістан автономиясын құру бағытын оның исламға деген құрметі, ілтипатымен де байланыстыруға болады. Ислам мен ұлттық идеяны ұштастыра отырып, ілгерілеудің ұтымдылығын паш еткен. Бұл ретте М.Шоқайдың мұсылман дінінің адамгершілік-рухани және саяси мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану арқылы, туысқан түркі мұсылман халықтарының бірлігіне қол жеткізіп азаттыққа жету екендігін «Ұлы Түркістан» газетіндегі «Жасасын Түркілік және ислам» деген ұранынан да байқауға болады.
Петроградтағы Қазан төңкерісінің жеңісі кеңестердің түркі халқына – мұсылмандарға жағымсыз жаңаша көзқарасын қалыптастырды. «Мұсылмандарды үкімет басшылығына араластыруға болмайды. Өйткені олар таптық тұрғыдан пісіп-жетілген жоқ» деп шешті. Осындай саяси дағдарыс барысында М.Шоқай эмигрант болуға мәжбүр болды. Шет жерде жүрсе де, ол алаштықтардың жолын қолдай отырып, күллі мұсылманды азаттыққа үндеді.
Қазақ зиялыларының дін жөніндегі ойларын қорытындылай келе айтарымыз, олар қазақ елін отарлық езгіден құтқару және ұлтымызды өркениетке жеткізуде дінді ұлтымыздың мәдениетінің, болмысының басты бөлшегі ретінде түсініп және оны қорғауға аянбай атсалысқандарын көреміз. Бұл мәселе бүгінгі еркін қазақ елінің алдында тұрған асыл міндеттің бірі екені анық.
Бақтығали ШӘПИЕВ,
философия ғылымдарының кандидаты, доцент