Жоба авторы әрі үйлестірушісі Нарқозы Қартжанның айтуынша, университеттегі өзекті мәселелерді анықтауды мақсат еткен жоба бүгінде жұмысын бастап кеткен. «Қазір жобамызды онлайн да, офлайн да өткізіп жатырмыз. Студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының көшбасшылары мен академиялық топ басшыларымен кездесулер өткізіледі. Қазір оқшаулану, карантин кезінде студенттердің күнделікті өмірі туралы еркін форматта диалог, студенттік өзін-өзі басқарудағы топ басшының рөлін жетілдіру, парасаттылық қағидаларын ұстану, студенттердің бойындағы өмірлік маңызы бар дағдыларын шыңдау мақсатында жұмыс атқарылып жатыр. Бұл ретте әр түрлі тренингтер өтті. Жалпы, жобаға офлайн және онлайн форматта университеттің 500-ге жуық студенті қатысып жүр», деді жоба авторы.
ProActive академиясы жұмысының жарқын нәтижелері карантин кезінде ерекше көрінді. Облыста Волонтер мектебін ашып, ондағы жастар төтенше жағдай кезінде аймақ тұрғындарына қолғабыс еткен-ді. «Осы уақытқа дейін жалпы Волонтер мектебі 100-ге жуық волонтер мен 60-қа жуық облыс мектептерінің волонтерлік клуб жетекшілеріне арнап 7 семинар-тренинг өткізді. Бұл еңбек өз нәтижесін берді деп есептеймін. Өйткені төтенше жағдай кезінде еріктілер алдыңғы шепте қызмет етіп, өскен өңіріне пайдасын тигізді.
Университеттің тәрбие жұмыстары жоспарына сәйкес, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасымен бірлесе отырып алғашқы волонтерлік қызметті трансформациялауға бағытталған «Волонтерлікке жол» форумы өтті. Облысымыздың әр ауданынан жиналған 100-ден астам қатысушы Ақтөбе өңіріндегі жаңа волонтерлік қызметтің бағыт-бағдарларын айқындады. Ерекше атап өтетін жайт, өңір жастары «Волонтер жылы» аясында бекітілген 7 волонтерлік бағыт бойынша сарапшылардан кеңес алып, тәжірибесін шыңдады. Сонымен қатар форум кезінде жаңа волонтерлік топтар құрылып, олар еліміздегі шағын гранттардың жеңімпазы атанды. Қатысушылардың барлығы бір ауыздан бұл шараны дәстүрге айналдыру керек деген шешімге келді. Бүгінде алдағы жоспар талқылануда», дейді Нарқозы Қартжан.
Академияның негізгі мақсаты – жастарға заман талабына сай дағдыларды үйрету бойынша университет студенттерімен қатар жас мамандарына арнап «Creativity is a process» жобасын іске қосты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба арқылы Жұбанов университетінде қызмет жолын енді бастаған жас мамандарды диалогтік алаңға шоғырландыру, пікір алмасу арқылы креатив шеберханалар жұмысын жүргізу жоспарланған.
«Бүгінде І курс студенттеріне арналған мүмкіндіктер мен ресурстар тақырыбында вебинарлар сериясы ұйымдастырылуда. Студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының жетекшілеріне «Заман талабына сай көшбасшы: үздік студент болу» тақырыбында онлайн тренинг жоспарлануда. Сонымен қатар республикамыздың батыс өңіріндегі оқу орындарының студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының қашықтан ұйымдастыру тәжірибесімен бөлісуге арналған диалогтік алаң әрі көпір болатын «Студенттік өзін-өзі басқару – жастардың көшбасшылық қасиеттерін дамыту негізі» тақырыбында аймақтық онлайн-семинар өтеді», деді жоба авторы.