Руханият • 18 Қыркүйек, 2020

Иманбектің иірімдері

810 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Құдай тағала бақ беремін десе оқу-тоқуыңа да, мамандық-ман­сабыңа да қарамайды екен ғой. Тынымсыз тірші­лік­­те дарыныңды дамылсыз да­мыт­саң, еңбегіңді екі есе­ле­сең, жі­герің мен жүрегіңді сү­йікті ісі­ңе сүйкей салсаң бол­ғаны күл­лі жаратылыстың жана­ры саған бұ­ры­лары сөзсіз. Оған дәлел – темір жол сала­сында қыз­мет істеп жүрген Иманбектің ән арқылы әлем жұрт­шы­лы­ғына әйгілі болуы.

Иманбектің иірімдері

Imanbek деген лақап атпен танылған таланттың толық аты-жөні – Иманбек Зейкенов. Ол 2000 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. Қазақстанда, Ре­сейде, Украинада Imanbek Music лейблімен белгілі қазақ про­дюсері және хаус-музыка ре­миксері. 2019 жылы Saint Jhn-ның «Roses» әніне өзінің ре­мик­сін жасап, халықаралық дең­гей­де танымал болды.

Қаршадай баланың ән әлеміне қадамы 8 жасында алғаш рет әке­сі сыйлаған гитарадан ба­с­талған. Жо­ғары электроника және ком­му­­никациялар колледжінде оқып жү­ріп, Ақсу теміржол стансасында қатар жұмыс істеген.

Иманбек 17 жасынан бастап ремикс жасауды қолға алады. Ал­ғашқыда ресейлік Effective Records лейблі арқылы атақты америкалық рэпердің «Roses» әні­не ремикс жасаған. Ремикс Saint Jhn қатысуынсыз жасалды, өйткені рэпермен байланы­су әрекеттері сәтсіздікпен аяқ­­та­лып, Иманбек жауап ала ал­ма­ған. Ремикстелген ән бүкіл Еу­ро­падағы, соның ішін­де Бельгия, Ма­жарстан, Нидер­ла­нд, Польша, Үндістан және Швециядағы көп­те­ген чартта көзге түскен және Shazam World-да 3-орынды ие­ленген. Ремикстің сәттілігі мен танымалдылығына сүйене оты­рып, 2016 жылы жазылған түп­нұсқа ән 2019 жылы US Billboard, British Singles Chart және Аустрия, Канада, Дания, Фран­ция, Германия, Ирландия сияқты басқа елдердің чарттарына шыққан. Ол өзінің алғашқы әнін Spinnin Records Drama Re­cor­ds-та шығарды.

Жалпы, ремикс дегеніміз – му­зы­калық шығарманың бас­тап­қы түпнұсқадан ке­йі­ні­рек және қазір­гі заманғы тех­ни­ка­лардың көме­гімен жазылған нұсқасы. Кейде ол түпнұсқа шы­ғар­маның бірнеше бөлігін «араластыру», оны әртүрлі дыбыс­тармен қабаттау, арнайы эффекттер, темп­ті, пернені және басқа эле­мент­­терін өзгерту арқылы жаса­ла­ды.

«Шындығын айту керек, менің музыкалық білімім жоқ. Бірақ әнді жан-жүрегіммен тыңдап, оған ремикс жазамын. Ата-анам әрбір жетістігіме қуанып, тілекші болып жүреді. Ол кісілердің ризашылғы мені шабыттандырады. Маған әртүрлі мемлекеттерден түрлі ұсыныстар түсіп жатады. Көбіне достарыммен, жақындарыммен ақылдасып бір шешім шығарамын. Алғашқы жазған ремиксім өзін-өзі танытты деп айта аламын. Өйткені ол түрлі танымал топтардың бө­лі­суімен кең тарады», дейді Иманбек.

Айтқанға аңыз, естігенге ерте­гі болып көрінгенімен жас да­ры­нның жасап жатқан жаңа­шыл бастамалары жаһанның мой­нын бұрып мойындатқанын алаш перзенті заманның тынысын дөп басқанын аңғартса керек. Шынайы да шымыр шы­ға­рылымдарының ішіндегі шоқ­ты­ғы биігі һәм негізгілеріне мына­лар­­ды жатқызуға болады. Олар: «Take Me» (O'Neill-мен бірге), «Hot» (Parah Dice-пен бірге), «Smoke It Up» (Stephanskiy-мен бірге), «Dope», «Clandestina» (with FILV & Edmofo featuring Emma Peters), «Romantic Dance» (DJ DmimixeR feat. MURANA) және тағы да басқалары.

Иманбектің колледжде са­бақ берген ұстазы Жанаргүл Мей­рам­қы­зы оның оқуда озат, қоғам­дық жұ­мыс­та белсенді болғанын айтты. Өнерге құштар өреннің өмір жолында өзіндік қолтаңбасын қалдыруға табиғи таланты толық жететініне сенім білдірді.

«Оқу жылының басынан бас­тап (2016 жыл) Иманбек өте жігерлі жігіт болып көрінді. Мінез-құлқы мен сөйлеуіне қарап маған қиындық туғызады деп ойладым. Біз сабақтан кейін топпен жиі жиналып, бір-бірімізді жақсы білу үшін сынып сағаттарын өткіздік. Мен олардың ең жақсы топ болғанын қаладым. Уақыт өте колледждің  ең үздік тобы болды. Олардың жадында студенттік өмір ең қызықты және жарқын болса екен деп ойладым. Меніңше, біздің Жоғары электроника және коммуникациялар колледжі ол үшін бәрін жасады. Күн са­йын Иманбек өзгере бас­та­ды, тіпті керісінше өзін тапты деп айтсақ та болады. Мен оның му­зыкаға деген құштарлығын көр­дім, үзіліс кезінде біздің кө­ңі­лімізді көтеріп, дауысымыз­ды өзгертіп, музыка жазып отыратын. Біздің тобымыз әртүрлі концерттерге жауапты болды, музыканы басқару пультіне  мен Иманбекті отырғыздым. Колледждің бар­лық ак­кус­­тикалық жүйесін  қол­данып, жүргізушілердің қаты­суын­сыз концерттер қойдық және дыбыс жолына Иманбек жауап берді, солай төрт жыл да өтіп кетті», деді ұстазы.

Сонымен қатар ол музыка Иманбектің оқу озаты болуына ке­дергі келтірмегенін жеткізді.

«Ол математика, химия, физика пәндерін дәл осы колледж­де өте жақсы игерді. Бұл үшін біздің оқытушыларымызға, өз ісінің шеберлеріне жеке алғыс айтуға болады. Міне, үш жылдан кейін Иманбек үшінші курс­та «Теміржол көлігіндегі тасымалдауды ұйымдастыру және қозғалысты басқару» мамандығы бойынша сигнал беруші болып жұмысқа орналасты. Қазір ол өзінің әуесқой музыкасына көбірек уақыт бөледі. Биыл кол­лед­жді қызыл дипломмен бі­тір­ді. Ата-анасына қолдау көр­сет­кені үшін жеке алғыс айту керек. Өйткені олар Иманбекті нағыз азамат қылып тәрбиелеген. Төртінші сыныптан бастап гитарада ойнады. Оның тәрбиесінде, ол айтқандай, атасы бөлек орын алды. Ол атасын өте жақсы көр­ді және құрметтейді», дейді Ж.Мейрамқызы. 

Айта кететін тағы бір жайт, біздің кейіпкеріміз өткен жы­лы «Қазақстанның 100 жаңа есі­мі» мемлекеттік жобасының же­ңім­па­зы атанып, 24 062 дауыспен «Мәдениет» аталымында бірінші орын­ға ие болған.