Аймақтар • 18 Қыркүйек, 2020

Алматыда Сайран автобекетіндегі жүгізушілер жұмыстан кетіп жатыр

801 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сайран автобекетіндегі жолаушы тасымалдаушылар үлкен шығынға батып, жүргізушілер жұмыстан кетіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz Аlmaty.tv телеарнасына сілтеме жасап.

Алматыда Сайран автобекетіндегі жүгізушілер жұмыстан кетіп жатыр

Сайран автобекетінде көлеңкелі кәсібін дөңгелетіп жүрген бәсекелестері бекет маңында жабайы тұрақ жасап, жолаушылардың бәрін кассаға жеткізбей әкетіп жатыр. Салдарынан автобекеттегі заңды тасымалдаушыларға деген сұраныс он есеге төмендеп кеткен. Онсыз да, карантин кезінде шығынға батқан кәсіп иелерінің жан-айқайы орынды.

Вокзалда ресми түрде жұмыс істейтін автобустардың басым бөлігі қаңырап бос тұр. Карантинге дейін күніне 170-200-дей көлікке сұраныс болса, қазір 20-25 автобус әрең толады екен. Шарасы қалмаған жүргізушілер жаппай жұмыстан кетіп жатыр.

Карантиндік шектеулер жеңілдеп, вокзал қайта ашылғанмен жұмысы жанданбай отыр. Автобекет қызметкерлерінің айтуынша заңсыз тасымалдаушылар елдегі төтенше жағдайды да елемей, еш үзіліссіз жұмыс істеп келген. Тиісінше, олардың саны да арта түсіпті. Енді бекет жүргізушілері ресми кассадан түсуі тиіс қомақты қаржыдан қағылып отыр.

"Тасымалдаушылардың мәліметі бойынша жүргізушілер жұмыстан шығып жатыр. Өйткені жұмыс жоқ. Әрине, ол 40 адам тасыған бір бөлек, 4 адам апарған бір бөлек. Оған ГСМ дейміз, соляркіге, бензинге қаншама ақша кетеді. Ол қаражаттың барлығын қайдан табады жолаушы болмаса?", деді "Сайран" автовокзалы тасымалдау бөлімінің басшысы Ерлан Әбілдаев.

Көлеңкелі кәсібін дөңгелетіп жүргендер автовокзал маңынан қудаланатындықтан бекеттің айналасындағы астыртын тұрақтарға орналасып алған.

Мамандардың айтуынша заңсыз қызмет ететіндер жолаушылардың өміріне үлкен қауіп төндіреді. Мәселен, мұндай тасымалдаушыларда талап етілетін лицензиялар мен жүргізушілерге қарастырылған медициналық бақылау сияқты құжаттар атымен жоқ. Онымен қоса, автобустар карантин талаптарына сай болмауы да мүмкін.

"Жолаушы басқа қалаға барамын деп Сайранға келе жатып, тұрақты рейспен жүретін автобусқа емес, заңсыз жүретін автобусқа отырады. Онда қаншалықты санитарлық нормаларға сәйкес екендігін, оның техникалық жағдайы қаншалықты дұрыс екендігін білмей өз басын, өз қауіпсіздігін қатерге төндіреді", деді Қалалық көліктік бақылау инспекциясы бақылау бөлімінің жетекші маманы Ерлан Жүсіпов.

Көліктік бақылау инспекциясы вокзал маңында рейд жүргізгенімен, көлеңкелі кәсіпке тосқауыл қою мүмкін болмай отыр. Карантин басталғалы 31 жүргізушіге хаттама толтырылған. Бірақ, бұл шаралар ешкімді тоқтатқан жоқ. Енді, мамандар автовокзал маңында Сергек камераларын орнатуды ұсынып отыр.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше