Жинағы бар, зейнет жасына жеткен азаматтар салымының 50 пайызына дейін пайдалана алады. Қазір еліміздегі 178,4 мың зейнеткердің жинағын пайдалануға мүмкіндігі бар. Бұл санатқа құқық қорғау саласының зейнеткерлері де кіреді. Бұл санаттағы азаматтардың мемлекеттен алып отырған зейнетақысы, базалық зейнетақы және БЖЗҚ алған төлемдерді қосқан кезде оның зейнетке шыққан кездегі табысының кемінде 40 пайызынан төмен болмауы керек. Қазір Қазақстанда бұл көрсеткіш – 63 пайыз. Зейнетақы аннуитетін ресімдеп, сақтандыру қорына аударғаннан кейін БЖЗҚ-да жинағы қалғандар – шамамен 13,3 мың адам.
– Осылайша қазіргі уақытта 721 мың азамат зейнетақы қорындағы жинағының бір бөлігін мақсатты түрде пайдалана алады, – деді Б.Нұрымбетов.
Содан бері бұл мәселе қоғамда қызу талқылануда. Ел ішінде «Қуануға әлі ерте, оның игілігін аз адамдар ғана көреді» деген сыңайдағы пікір бар.
Беталыс айқындалды
Қарсы топ күмәндануға себеп болатын фактор ретінде зейнетақы қорындағы жинағының бір бөлігін ала алатындар аз екенін, жинағы тиісті шекке жеткендердің басым көпшілігі тұрғын үй мен денсаулық сақтау мәселелерін әлдеқашан шешіп қойғанын алға тартады. Сарапшылар ақиқаттың өзегі пікірталастарда ашылатынын айтудан жалыққан емес. Биліктің бұл қадамға неліктен дәл қазір, дағдарыс белең алып тұрғанда барғаны Жолдаудың «Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты – басты басымдық» бөлімінде бұл мақсатқа жету баспана мәселесімен тығыз байланысты екені ашып айтылды. Нарық жағдайында азаматтар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігі олардың кірісіне және осы мәселені өз бетінше шешуге қабілеттілігіне тәуелді.
Бұл шешім ұзақ талқылаулардан кейін қабылданғаны түсінікті. Зейнетақы салымдары туралы мәселе көтеріле бастағаннан БЖЗҚ-ның инвестициялық әлеуеті зейнетақы жинақтарының біраз бөлігінен айырылғанына байланысты зардап шекпей ме деген сауал туындаған болатын. Бірақ жоба авторлары жылға жуық созылған талқылаудан кейін салымшының жас ерекшелігіне қарап мұның да тетігін тауып, бұл мәселеге қайта-қайта орала берудің қажеті жоғын дәлелдеп шықты. Сонымен, зейнетақыны тұрғын үй және медициналық қызметтер нарығымен, сондай-ақ қор нарығымен тікелей интеграциялаудың алғашқы маңызды қадамы келесі жылы басталады.
Рас, осыған дейін мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорымен бірге жеке зейнетақы қорлары да нарықта қатар жұмыс істеді. Ұлттық банк салымшылардың инвестициялық портфельдің әр түрін таңдау мүмкіндігі туралы көп айтты. Бірақ іс жүзінде өзгерістерге аса құлықты болмағанын көзіміз көрді. Жыл басында 30 жасқа толған ерлерге жеткілікті шек 6,7 млн теңгені, ал әйелдерге 9,6 млн теңгені құрады. Алайда министр Б.Нұрымбетов жеткілікті шектің көлемін қайта қарауға уәде берген болатын.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында бұл орайда алғашқы қадам жасалғанын айтып, жарнаны пайдаланушылардың ауқымы артатынын жеткізді. Бірақ мәселе әлі күрделі екенін ел сезіп отыр. Оның шешімі Үкіметтің ақша-несие саясатын қаншалықты дәйекті жүргізуіне байланысты. Дәл қазіргі жағдайда зейнетке шығу жасын төмендету мүмкін емес. Халықтың қартаю үдерісі әлемді алаңдата бастады. Қазақстанда мұндай проблема туындамағанымен, алдағы жылдары халықтың қартаю үдерісі әсіресе, солтүстік облыстарда біршама жылдамдауы әбден мүмкін. Сарапшылар мемлекет бала санын көбейтуді ынталандыратын қосымша шаралар қабылдамаса, алдағы онжылдықтарда біздің ел де халқы қартая бастаған мемлекеттердің қатарына қосылатынын айтып жүр.
Даулы мәселеге нүкте қойылды
Мемлекет басшысы жыл соңына дейін барлық қажетті нормативтік-құқықтық актілерді қабылдауды және зейнетақы салымдарының бөлігін мақсатты жұмсауға дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырғаны белгілі. Қаржыгер Бейсенбек Зиябековтің пікірінше, іріктеліп шыққан 700 мың салымшының көрсеткішін тұрақты жұмыс істейтін азаматтар үшін қолжетімді деуге болмайды. Бұл көрсеткіш, БЖЗҚ салымшыларының шамамен 6,6 пайызы ғана. Бірақ Үкіметке ендігі жерде кері шегінуге жол жоқ. Мемлекет басшысының тапсырмасы кәсіби мамандардың ғана емес, тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен терең зерделеуді талап етеді. Қарсы тарап қандай дәлелді алға тартатыны да назарға алынуы тиіс. Осы күнге дейін жұмыс істеп келген БЖЗҚ жүйеге өзгеріс енгізу арқылы оның жұмысын жар жағасына жетелегенін Үкімет те сезіп отыр. Қаржыгердің түсіндіруінше, бір ретпен шектесе, қоғам мұны көз алдау үшін уақытша шара деп қабылдайды. Ал жыл сайын жүргізсе, зейнет жарнасын шешіп алуға мүмкіндігі барлар салымын жеткілікті шектен асырмауға тырысады. Бұл жерде БЖЗҚ ғана емес, салымшы да ұтылады.
БЖЗҚ таратқан дереккөздерге сенсек, қазіргі қолданыстағы зейнетақының 10-15 пайызы ғана зейнетақы қорынан аударылып отыр. Қалған 80 пайызға жуығы мемлекет есебінен төленеді. Егер осы мәселе реттелмесе, алдағы зейнет жасына жақындап қалған азаматтарды зейнетақымен қамтамасыз ету бюджетке салмақ салуы әбден мүмкін. Б.Зиябеков екінші мәселе инвестициялық табыс төмендігіне байланысты екенін айтады. Зейнетақы активтерін басқаруды жетілдіру мәселесі де мемлекетті алаңдатуы тиіс. Осы саладағы басқару менеджментінің әлсіздігі мемлекетті жеткілікті шектен асатын сомаға 10 пайыздық салық төлетуге мәжбүрлеп отыр.
Соңғы бес-алты жылда зейнетақы қоры аясында жинақталған инвестициялық табыс шамамен 56 пайызды құрайды. Осы аралықтағы инфляция 65-70 пайыздың арасында. Демек, зейнетақы салымдарының кірістілігі инфляцияны жаба алмайды. Сарапшылар ақша-несие саясатын реттеу қордағы инвестициялық табыстың құнын қалпына келтірудің бірден бір жолы деп санайды. Ақша-несие саясаты жақсарса, инфляцияның үлесі азайып, зейнетақы қорындағы жинақтың құнсыздануына жол берілмейді.
Елімізде жыл сайын шамамен 2,5-2,7 млн адам зейнетақы жарнасын тұрақты түрде төлейді. Ал Статистика комитетінің дерегінше, республикада 8-8,5 млн адам жұмыспен қамтылған.
– Ел ішінде жиған-терген салымын алғысы келетін азаматтар көп. Олар мұның себебін қордың жұмысына сенбейтінімен түсіндіргісі келеді. Өткенге қайта оралу мүмкін емес. Бірақ тәуекел де жоғары. Біз мұны 1 реттік акциямен шектемей, жыл сайынғы қалыпты дәстүрге айналдырсақ, БЖЗҚ-ға деген сенім қалыпқа келеді. Былтырғы есеп бойынша тек 1 пайыз салымшының мүмкіндігі болса, биылғы көрсеткіш 6 пайыздан асып тұр. Келер жылы бұл көрсеткіш 12, содан кейін 18, 20 пайыз болуы мүмкін, – дейді Б.Зиябеков.
Қаржыгер бұл реформа бірінші кезекте көлеңкелі экономиканың ықпалын әлсіретуге бағытталғанына назар аудару қажеттігін ескертті. Біздің елде ШОБ қана емес, ұлттық компаниялар да акцияларын, облигацияларын шығаруға дайын емес. Басым көпшілігі ашық транспарентті салық заңдарын сақтайды. Табыстарын жасырып, азайтып көрсетіп, «өз заңдарымен» өмір сүреді. Экономиканың микро деңгейі жұмыс істемесе, БЖЗҚ да дұрыс жұмыс істемейтіні халықаралық тәжірибеден белгілі.
– Егер осы жолы табандылық көрсетсек, азаматтар БЖЗҚ-дағы салымының жеткіліктілік шегінің қолжетімділігіне мүдделі болады. Бұл ШОБ үшін ынталандырушы фактор болуы тиіс, – дейді Б.Зиябеков.
Алаңдауға негіз бар ма?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Нұрымбетовтің айтуынша, бұл мәселеде алаңдауға негіз жоқ. Жоғарыда айтылғандай, жинақ бірден және толықтай алынбайды, сондықтан БЖЗҚ инвестициялық портфелі үшін соншалықты шығындар болмайды. Себебі салымшының жасы ұлғайған сайын шекті сома мөлшері де артып отырады. Үкіметтің ұстанымы салымның жеткіліктілік шегіне жету деңгейінде тұрақты жұмыс істейтін азаматтар үшін қолжетімді.
Бюрократиялық шырмауықтың шырғалаңынан әбден шаршаған қазақстандықтар үшін зейнетақы жинақтарын пайдаланудың мұндай нақты схемасы таңғаларлықтай көрінгені рас. Мемлекет басшысының келесі жылдан бастап осы реформаны бастау туралы нақты тапсырмасынан кейін шенеуніктердің шегінер жері қалмады. Себебі осыдан 1 жыл бұрынғы есептеу бойынша салымшылардың 1 пайызының ғана зейнет салымдарын алуға мүмкіндігі болса, биылғы көрсеткіш 6 пайыздан сәл асты. Бұл фактор реформаны мемлекеттік деңгейде жүзеге асырудың мүмкін еместігін көрсетеді: Себебі қордағы орташа есепшот 1 млн теңгеге де жетпейді. Ал салымшылардың 54 пайызының жиған-тергені 500 мың теңгеден де аспайды екен.
Сарапшылар БЖЗҚ мен оның басқару менеджментіне деген көзқарасты өзгертуге себеп болатын тетіктер жеткілікті екенін айтады. БЖЗҚ активтері Ұлттық банктің құзыретінде, активтерін де бас банк басқарды. Б.Зиябеков осы тұста БЖЗҚ мен Ұлттық банк арасындағы байланыстың ашықтығына қол жеткізу қажеттігін айтады.
– БЖЗҚ өзге жекеменшіктегі қорлар сияқты активтерді басқарғаны үшін комиссия алуға міндетті емес. Бұл салымшылар жинағының инвестициялық өсіміне кері әсерін тигізеді. Екіншісі – инвестициялық декларацияны өзгерту. Бұл фактор қорға екінші деңгейлі банктердің бағалы қағаздарын сатып алуға, сонымен қатар рейтингтері А-дан төмен елдерге күмәнді инвестициялар салудан бас тартуға мүмкіндік береді. Басқаша айтқанда, инвестиция салу, акция сатып алу құқын өзінде қалдырады. Қазір экономиканың инвесторы – Ұлттық қор мен ҚХР екені белгілі. Экономикасы енді дамып келе жатқан елдерге инвестиция салудың қаупі жоғары. Зейнетақы салымдары табыстылығы мол салаларға бағытталғаны дұрыс, – дейді Б.Зиябеков.
Қаржыгер Ерлан Ибрагим салымшыларға жинақтарын өз бетінше басқару құқығын беру халықаралық тәжірибеде бар екенін айтады. Салымшылар жеке жинақтарын жай мемлекеттік облигациялар портфеліне салу құқығын алса, яғни осы ақшаны өз еліне дамыту үшін қарызға берсе, онда өздері көп жеңілдіктерге ие болар еді. Бірақ біздегі зейнетақы жүйесінің инвестициялық тартымдылығы қандай екенін және оның экономиканың нақты көрсеткішімен сәйкес келетінін көріп отырмыз. Басқаша айтқанда, экономикадағы нақты көрсеткішіміз қандай болса, зейнетақы жүйеміз де сондай болып шықты.
Зейнетақы салымының шекті дәлізінен асып тұрған 1,4 трлн теңге ішкі нарық үшін аса тартымды емес екенін айтқан сарапшы жүйедегі өзгеріс 45-тен асып кеткен толқын емес, кейінгі 20-30 жас арасындағы толқын үшін үшін ынталандырушы фактор болуы тиіс деп үміттенеді.
– 25-30 жастағы азамат алдағы онжылдықтарда қордағы жиған-тергенін өзі басқара алатынына сенеді. Мемлекет бұл ретте қырықтан асқан салымшылардың тәуекелін өз жауапкершілігіне алып, жастарға жол ашып отыр. Сол себепті бұл тетікті алдағы уақытта жетілдіріп, уақыт ағымына сай жаңартып отыруға тиіспіз, – дейді Е.Ибрагим.
Қаржыгер салымшы үшін жинағының инвестициялық тартымдылығы туралы мәліметті және ол қаржыны өзі басқаруға құқы барын білу маңызды екенін, сонымен бір мезгілде мемлекет кепілдік берген ең төменгі зейнетақы, яғни сақтандыру зейнетақысы міндетті түрде және кез келген жағдайда сақталуы керектігін де ескертіп өтті.
– Облигациялар портфеліне салынған жеке зейнетақы шотындағы ақшаның бір бөлігі де мемлекет кепілдендірген кіріс болады. Мемлекет облигация сатып алушыларды ынталандырады, бұл табиғи жағдай. Қаржы министрлігі бұл ақшаны аукцион жүйесі арқылы қарызға алады, шетелдік инвесторлар немесе резиденттер компаниялар мен банктер мемлекеттік қарызға ақша салады, – дейді ол.
Е.Ибрагим бұл қаржы елдің дамуына жұмсалатынын айтады. Егер жүйе дұрыс жұмыс істесе, жас кезінде ел экономикасына инвестор болған азамат зейнет жасына жеткенде оның дивидендін алуы тиіс.
АЛМАТЫ