Саясат • 21 Қыркүйек, 2020

Жергілікті билік өзге елдерде қалай сайланады?

550 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында жергілікті өзін өзі басқаруды дамытудың кезі келгенін, соған сәйкес жаңа тұжырымдама әзірлеу мен жергілікті басшылардың құзыреті мен жауапкершілігін арттырудың қажеттілігіне тоқталды. Сондай-ақ Президент алдағы уақытта ауыл әкімдерін тікелей сайлауды ұсынды. Бұл тәжірибе бірқатар шет мемлекетте әлдеқашан қолданысқа енген. Осы орайда аймақ басшыларын халқы сайлайтын мемлекеттердің тәжірибесіне шолу жасап көрген едік.

Жергілікті билік өзге елдерде қалай сайланады?

 

Жергілікті өзін-өзі басқару азаматтарға мемлекеттік басқаруға араласуға, шешім шығаруға мүмкіндік беру азаматтық қоғам институтының айнымас бөлігіне, тіпті негізіне айналғаны анық. Тұрғындарға басшысын сайлау мүмкіндігін беру, басқару ісіне араластыру арқылы олардың сая­си белсенділігін арттырады. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан ғылымға, ұлттық салт-дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құруды мақсат еткен еді. Алаш қозғалысының көсемі үлгі еткен Жапонияның саяси жүйесін негізге алмасақ та, өзін өзі басқару моделіне назар салсақ.

Жапониядағы жергілікті бас­қару органдары 1947 жылы қа­былданған Жергілікті автономия туралы заң негізінде жұмыс істейді. Құжат бойынша аталған құрылымдарға азаматтарға сапалы ме­дициналық қызмет көрсету, қоғам­дық тәртіпті қамтамасыз ету, жаңа муниципалды құрылымдар ашу, са­палы білім беру, салық жинау мен әлеуметтік қорғау жүктелген. Басқару жүйесі пре­фек­тура мен муниципалитет деген екі дең­гейден тұрады. Префек­ту­ралар мен астананы губернатор­лар, муниципалитеттерді мэрлер, ауылдарды старосталар бас­қа­рады. Олар 4 жылға сайланады. Қай басшыны да сол аймақтың тұрғындары тікелей сайлау ар­қылы таңдайды. Ал басшыны таңдауға сол елді мекенде 3 айдан астам уақыт тұрған кез келген 20 жастан асқан азамат қатыса алады. Жергілікті мәслихат депутаттарына үміткерлер 25 жасқа толуы керек, ал губернаторлыққа 35 жасқа толған азаматтар үміткер бола алады. Жаңа сайланған басшы­мен қатар жергілікті депутаттар да сайланады. Яғни аймақ бас­шы­сымен қатар жергілікті заң шыға­руға қатысушы, атқарушы билік те ауысады.

Күншығыс елінде жергілікті атқарушы биліктің жоғарғы дең­гейі саналатын префектуралар саны – 47. Ол жүйе Мейдзи билігі ке­зінде жасақталған, содан бері өз­геріс­сіз. Елдегі префектуралардың фор­мальды мүмкіндіктері бір­дей болғанымен, іс жүзінде әр аймақтың әлеуеті әртүрлі. Бұл аймақ­тың экономикалық дамуы­мен бай­ланысты.

Сайланатын басшының міндет­теріне тоқталсақ, губернатор бас­қарып отырған аймақтың бюджетін жоспарлау, оны игеру мен орындауды қадағалайды. Салық пен айыппұлдар көлемін белгілейді. Халықтың салық төлеуі де соған жүктелген. Сонымен қатар префектура жиналысына заң жобаларын ұсынады. Аймақ мүлігі, оны сату немесе сатып алу да құзырында. Префектураға қарасты ұйым, аппарат қызметкерлерін жұмыстан босатып, құзырындағыларға тапсырмалар жүктей алады.

Губернатор заң шығару үрді­сіне де араласады. Оның кеңес­те мақұлданған заңнамалық акті­лер­дің күшін тоқтатуға вето қою құқығы бар. Әлбетте, заң шығарушы орган бұл талаппен келіспей, заң­ды қабылдай алады. Дегенмен заң­на­малық актінің дұрыстығына дәлел керек. Губернатор өзімен келіс­пеген заң қабылдауға қатысу­шы органды сотқа беруге құ­қығы бар. Сот шешім шығар­май­ынша құжаттың заңдық күші тоқтатылады. Сенімсіздік біл­дірген жағдайда губернатор 10 күннің ішінде қайтадан сайлау өткі­зіп, жаңа кеңес жинауы керек.

1940 жылы Кеңес Одағы­ның қатарына қосылып, 1990 жыл­дың 4 мамырында одақтан шыға­тынын мәлімдеген Латвия мем­лекеті бү­гінде озық елдердің біріне айналды. Еуропа одағындағы мемлекет болған соң одақтас ел­дер­­дің демократиялық саясатына ұқ­­­сас. Яғни жергілікті өзін өзі бас­­­қару өркениетті жолға қойыл­ған.

Латвия да елді мекеннің мәр­те­бесі мен әлеуетіне сай басқару жүйесін екі жүйеде қа­рас­тырады. Бірінше деңгейдегі аймаққа 490 ауылдық округ, 69 аудан мен 7 қалалық муниципалитет кірсе, екіншісіне 26 аймақтық билік органы мен республикалық маңы­зы бар 7 қала кіреді. Мем­ле­кет­тегі жергілікті басқару жүйесі Еуро­паның жергілікті басқару хартиясына негізделген. Халық төрт жыл сайын наурыз айының екінші жексенбісінде жергілікті атқарушы органдардың, яғни қалалық дума, аудандық кеңес пен ауылдық муниципалды кеңес бас­шылары сайлауына қатысады. Ал қала не ауыл басшылығынан үміт­кер 21 жасқа толуы тиіс. Кемінде 1 жыл Латвияда тіркелген болуы шарт.

Жергілікті өзін өзі басқару органдарына жергілікті бюджеттің игерілуі, нормативтік актілерді қабылдау және оның орындалуын қадағалау, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту міндеттелген. Алайда жергілікті халық мемлекетте әлі де орыс­тіл­ділердің көп болуына байланысты аймақ басына әділ, екі қауым­ға да ортақ басшыны таңдау қиынға соғатынын айтады. «Бізде басшымызды сайлау мүм­кіндігі бар. Алайда сол аймақ­тың халқына байланысты екі ортаға да бірдей басшыны таңдау қиынға соғады. Орыстілділер көп шоғыр­ланған аймаққа орыс тіліне басымдық беретін басшы келеді. Бұл жергілікті этностың дискриминациясына әкеледі. Олардың мүддесі көп жағдайда еленбей қалады. Жалпы, халық өзін өзі басқаруға келгенде белсенді. Тарап­тардың тартысы, бәлкім, өз мүд­­десін қорғау үшін белсенді болу­ға итермелейтін шығар», дейді Ри­га қаласының тұрғыны Ро­ман Михайлов.

Тарихтан Африка құрлы­ғын­дағы мемлекеттердің біразы бодан ел болғанын білеміз. 150 жылдан астам уақыт Ұлыбританияның отары болған Оңтүстік Африка Республикасы 1960-жылдардың соңында егемендік алды. Африка құр­лығындағы экономикасы озық ел саналатын әрі G20-ға мүше жалғыз африкалық елдің бас­қа­ру жүйесі – парламенттік. Конс­ти­ту­цияға сәйкес, халық өзі тұ­рып жатқан елді мекеннің бас­шы­сын сайлайды. Бұл мемлекет­те де муниципалды жүйе қалыптас­қан. 1994 жылғы саяси жүйенің рекон­­струкциясынан кейін жаңа ереже бойынша әр әкімші­лік-ау­мақты аймақ басшысына жергі­лікті экономиканы басқарып, инфра­құрылымды дамыту, халыққа қызмет ету тапсырылды.

ОАР-да жергілікті басқаруға ерекше көңіл бөлінген, бірқатар мәселені өз алдына шешу қарас­ты­рылған. Үкімет пен провинция басшылары елді мекен басшы­ларына заңмен бекітілген функ­цияларын атқаруға кедергі келтір­меуі керек, керісінше жергілікті биліктің әлеуетін көтеру жолға қойылған. ОАР Парламенті Ұлт­тық жиналыс пен Ұлттық провинциялар кеңесі деп аталатын екі палатадан тұрады. Жалпы, Оңтүстік Африка Республикасында 9 провинция бар. Олардың басшылары 5 жылға сайланады. Ал провинциядан Ұлттық кеңеске 30-80 өкіл сайланады. Онымен қоса ОАР Африка құрлығындағы «ақ нәсіл­ділер» көп шоғырланған аймаққа жатады. Ұлыбритания бодандығына дейін Португалия, Нидерланд отары болу не этностардың тартысы себеп болса керек, ОАР халқы саясатқа келгенде шешім қабылдауға, оң өзгерістерге ашық дейді сарапшылар. Халық саны да жыл са­йын өсуде. Мәселен, 1996 жылғы санақ бойынша елде 40,5 млн тұрғын болса, 5 жылда 44,8 млн-ға жеткен. 2013 жылы шамамен 53 млн азамат тіркелген.

Жергілікті басқарудың кенже қалуына ауыл аймақ бюд­же­тінің жай-күйі қандай себеп­ші болса, азаматтардың саяси  бел­сенділігінің төмен болуы да демократияның орнығуын кешеуіл­детеді. Тұр­ғын­дардың заңды білмеуі, әкім­дік қызмет­керлерінің шешім шы­ғарудағы қауқарсыздығын кей кезде жергілікті деңгейде шешілетін мәсе­лелерді халықтың Президент Әкімшілігі сынды жоғарғы орган­дарға жолдауынан байқауға бола­ды. Жергілікті өзін өзі басқару­дың дұрыс механизмдері жолға қойылмағаны да анық. Әкім­дер сайланатын болса, үміткер­лер арасында тартыс пен бәсеке пайда болатыны сөзсіз. Ал халық сайлауалды бағдарламаны талап етуді үйренсе һәм саяси сауа­тын арттырып, «есеп беретін Үкі­мет­ті» өз жерінде-ақ талап етсе, елді мекендердің алға басуы уто­пия­дан шындыққа айналатыны сөз­сіз. Жоғарыда біз сөз еткен елдер тәжірибесі осыны айғақтай-
ды.