Экономика • 22 Қыркүйек, 2020

Цифрлы майнинг (Қазақстан криптовалюта өндіру ошағына айнала ма?)

1035 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Біз Қазақстанның «мәліметтерді» өңдеу және сақтау жөніндегі халықаралық хабқа айналуына жағдай жасайтын заңдар қабылдадық. Былтырдың өзінде цифрлы майнинг ісіне 80 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды». Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырда Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан үзінді. Мемлекет басшысы елімізге әлемдегі алпауыт цифрлы компанияларды тартып, 5 жыл ішінде осы салаға салынатын инвестиция көлемін 500 млрд теңгеге дейін жеткізу қажеттігін айтты.

Цифрлы майнинг (Қазақстан криптовалюта өндіру ошағына айнала ма?)

Үздік бестікке кіреді

Президенттің бұл бағытқа көңіл аударуы тегін емес. Өйт­кені цифрлы қазбаларды игеру­де инвесторлардың Қа­зақ­стан­ға қызығушылығы басым. Инвес­ти­­циялық климаттың жақсаруы­на энерге­тикалық инфрақұры­лым­ның арзан­дығы әсер етсе керек. Мәселен, криптовалюта өндірісінің әлемдік рейтингінде Қазақстан үздік бестікке кіреді. Атап айтқанда, дүниежүзілік хеш­рейттің (криптовалютаны өнді­ретін қондырғының есептеу қуатының өлшемі) шамамен 6,17%-ы республика аумағында жұмыс істейтін цифрлы ферма­ларға тиесілі. Бұл көрсеткіш үнемі өсіп келеді. Бірінші орынға өн­діріс көлемі 65%-ға жеткен Қы­тай елі жайғасқан. Келесі сатыға АҚШ – 7,24% пен Ресей – 6,9% межелік көрсеткішпен орналасқан. Сәйкесінше Қазақ­стан (6,17%,), Малайзия (4,33%,) және Иран (3,82%) үздік­тер қатарын түйіндеп тұр. Сарап­шы­лардың айтуынша, осы белсен­ділік мұнымен тоқтамай әрі қарай үдей түссе, таяу жылдары еліміз әлемдік көшбасшылардың алдына шығуы мүмкін.

«Қазақстан электр энергия­сы бағасы ең арзан елдердің қа­тарына жатады. Мы­салы, Екібас­тұздағы Мемлекеттік аймақ­тық электр стансасы электр қуатының бір киловатт-сағатын 3 теңгеге өндіреді. Республика аумағында оның құны шамамен 8 теңгеге жуық. Басқа елдерде ол 3 есеге қымбат.

Сәйкесінше, деректерді өңдеу орта­лық­тары және майнингтік фермалар жөнінде айтылғанда электр энергиясы тарифінің ма­ңыз­дылығы арта түседі. Яғни өндірілген электр қуатын майнерлер биткоин және басқа да крипто­валюталар өндірісіне жұмсай­ды. Осылайша, цифрлы активтер қалыптасады. Демек, дерек­терді өңдеу орталықтары мен май­нингтік фермалардың энерге­тикалық ошақтарға неғұрлым жақын орналасқаны тиімді.

Бүгінде Қазақстан әлемдік хеш­рейт­тің үздік бестігіне кіреді. Бұл бағытта әлеуетіміз зор. Егер халықаралық тәжі­ри­бені алып қарасақ, басқа елдерде дерек­тер орталығы биік таулардың маңында, электр энергиясын өндіретін нысан­дарға жақын орналасқанын байқай­сыз.

Неге десеңіз, жасанды салқын­дат­қыштарды орнатудың қажеті шамалы, сондай-ақ өндіріске керек қуатты тасымалдауға шығынданбайсыз. Бұл осы нарықты дамытуға мінсіз жағ­дай. Біздің елімізде де осындай мүмкін­дік­тер қарастырылған. Сол себепті ин­вес­торлар Қазақстанға келіп, өз қара­­жаты есебінен деректер орталы­ғын салып беруге және ұзақ мерзімді келісім­шартқа отыруға дайын», деді «Зерде» ұлттық ақпараттық коммуникация холдингі» АҚ басқарма төрағасы Арман Абдрасилов.

Қазір елімізде криптовалютаны өнді­румен 15-ке жуық ферма айналысады. Оларға шамамен 201,7 млн доллар көле­мінде инвестиция құйылған.

1

 

Заңның жоқтығы көлеңкелі жүйеге жол ашты

Экономистердің пікіріне сүйенсек, Қазақстанның майнингтік өндірістегі жетістіктері оң болғанымен, бұл саланы реттейтін заң жоқтың қасы. Тиісті реформа болмаған соң осы сегментте табыс тауып жүрген азаматтар кірістерін жасырып, «көлеңкелі» жүйенің қалыптасуына жол ашып отыр.

«Қазақстан криптовалюта бағытын­дағы ізденістерді қолға алмаса, әлемдік көштен қалып қалуы мүмкін. Сондық­тан бұл мәселеге де көңіл бөлінуі тиіс. Әрине, эфириум, лайткоин және бит­коин сынды криптовалютардың өсімі мен түсімі арасындағы айырмашылық үлкен болып тұр. Осы жағынан қарастырғанда халыққа бұл тиімсіз. Осыдан бір-екі жыл бұрын биткоинның бағасы 20 мың долларға жеткенде кейбір азаматтар үйін 100 мың долларға сатып, артынан биткоин 6 мың долларға дейін түсіп кеткен еді. Міне, осындай факторларды ескеру қажет. Енді бізде бұл мәселе заңнамалық тұрғыда әлі шешілмеген. Ұлттық банк бұған байланысты нақты ұстанымын айтты. Дәлірек айтқанда, бас қаржы реттеуші орган криптовалюта­ның қолданылуына қарсы екендігін, азаматтар табыстарынан айырылса, бұл олардың өздерінің жауапкершілігі­не жүктелетінін жеткізген еді. Соған қарамастан осыны реттейтін нақты заң болуы керек деп есептеймін. Өйткені бізде бұл салада табыс тауып жүргендер бар. Ферма ашып немесе шетелдегі крип­то­валютаға инвестиция салып, кірі­сін еселейтін азаматтар жоқ емес. Табыс тауып отырғаннан кейін олар салық төлеуі керек. Бірақ бұл кәсіп заңдас­тырылмағандықтан, олар табыс салы­ғын төлемей, ақша айналымында «көлең­келі» жүйе қалыптасып отыр. Сон­дықтан да мемлекет тарапынан ал­дағы бір жылдың ішінде нақты осы мәсе­лені жан-жақты қарастыратын, сон­дай-ақ саладағы ойыншыларға ортақ ере­жені қалыптастыратын және шетелдерден инвестиция тартуға мүмкіндік бере­тін жағ­дайлар жасалуы қажет», деді GSB UIB директоры, экономист Мақсат Халық.

 

«Мәліметтер Швейцариясына» айналуға толық мүмкіндік бар

Алайда бұл пікірмен отандық IT мамандары келіспейді. Олардың ай­туынша, бұл кәсіпкерлік қызметтен гөрі, тек технологиялық процесс ретін­де қарастырылатындықтан, қандай да бір реформалық саясат жүргізу артық болады. Себебі мұнда арнайы компьютерлік қондырғылар есептеу процесін орындайды. Хакерлік және басқа да киберқауіп туындамаған соң реформалық кедергілер тек шаруаның шатқаяқтауына алып келеді деген ойда сарапшылар.

«Цифрлы майнинг отандық энерге­тикалық жүйеге артық жүк түсірмейді. Өйткені бізде энергетикалық профицит байқалуда. Оның көлемі арта түседі деген болжам бар. Десе де, цифрлы қазба­ны игеру стратегиясын экологиялық мәсе­ле­лермен бірге қарастырған абзал. Мәселен, көмір жағып криптовалюта өндіруге жол беріп алмауымыз қажет. Яғни бұл процесс табиғи электр қуат көздерімен байланысты болғаны ләзім. Жалпы алғанда майнингтік қон­дырғылардың деректерді өңдейтін орта­лықтардан еш айырмашылығы жоқ. Осындай арзан электр энергиясымен бірге қолайлы инвестициялық климат арқылы Қазақстан «мәліметтер қорының Швейцариясына» айнала алады», деді А.Абдрасилов.

 

Майнинг өндірісінде Қытай АҚШ-тан озды

Ripple криптовалюталық жобасының негізін қалаушылардың бірі және бұрынғы басшысы – Крис Ларсен The Hill басылымына берген сұхбатында технологиялық жарыста АҚШ Қытайдан ұтылып жатқаны туралы айтты.

Оның айтуынша, биткоин-майнинг­тің кем дегенде 65%-ы Қытайда шоғыр­ланған. Бұл дегеніңіз қытайлық биліктің әлемдік цифрлы кен өндірісін уысында ұстап тұрғанын аңғартады дейді Ларсен.

Сонымен бірге ол ресми Бейжің бит­коин блокчейнінен бөлек, басқа да цифрл­ы активтерді басқарып тұр деп санайды.

Ripple-дің экс-басшысы Қытай билігі биткоин өндірісіндегі көшбасшылығын сақтау үшін «ауқымды энергия» жұмсап жатқанын алға тартып, майнерлердің энергетикалық шығындарына субсидия бөліп отырғанын жеткізді.

Әйтсе де, криптовалюта нарығының тағы бір сарапшысы – Джейсон Лопптың пікі­­ріне сүйенсек, Қытай үкіметінің мың­даған майнерлерді бақылауы мүмкін емес.

Бұған қоса Ларсен өз сұхбатында цифрлы валютаның өзектілігі күн санап артып келе жатқанын айта келе, америкалық конгрессмендерді электрон­ды долларды әзірлеуге шақырды. Себебі қытай­лықтардың цифрлы юаньді шыға­ратын күні алыс емес деді амери­калық криптоинвестор.

Соңында ол Құрама Штаттарда блок­­­­­чейн мен криптовалюталарға көз­қа­­рас­­­­ты түбегейлі өзгертіп, жергілікті ком­­­­­паниялардың осы бағыттағы инно­ва­ция­лық бастамаларын ынталан­дырудың тетік­терін енгізу керектігін айтты.