Технология • 22 Қыркүйек, 2020

«Ақылды» медицинаның артықшылықтары

567 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Фармацевтика мен медицинадағы жетістіктер миллиондаған адамның өмірін сақтап қалды. Соңғы онжыл­дықта медицина саласы маман даярлауда және заманауи техни­ка­лық құралдарды жасауда үлкен жетістіктерге жетті деп айтуға болады. Ғалымдар мен дәрігерлер адам өмірін сақтау мен жақсарту үшін емдеудің, диагностиканың, алдын алудың жаңа әдістерін ашып жатыр. Солардың кейбіріне тоқталсақ.

«Ақылды» медицинаның артықшылықтары

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

 

«Ақылды» ингалятор

Ингалятор демікпені емдеудің негізгі әдісі,  дұрыс қабылдаған жағдайда па­циент­тердің 90 пайызына көмектеседі. Алайда зерттеулер көрсеткендей, науқастардың 50 пайызы ғана ингаляторды дұрыс пайдаланады екен. Демікпеге шалдыққан науқастардың жағдайларын жақсарту үшін Bluetooth көмегімен «ақылды» ингалятор жасалды. Шағын құрылғы ингаляторға бе­кітіліп, әр дозаның күні мен уақытын және оның дұрыс енгізілгенін бақылап отырады. Содан кейін бұл деректер пациенттің смартфонына жіберіледі. Клиникалық зерттеулер аталған ингаляторды қолданған кезде ингалятор ішіндегі сұйықтық қарапайым ингалятормен салыстырғанда аз жұмсалатынын көрсетті.

 

Хирург робот

Робот денсаулық сақтау саласына 1980 жылдардан келе бастады.  Бірақ 2019 жылдан бастап қана медици­на­да роботтарды пайдалану кең етек алды. Роботтың көмегімен жасалған хирур­гиялық операция инфекцияларға аз сезім­тал болады және қарапайым операцияға қара­ғанда тез жазылады екен. Роботтар нау­қасқа қажетті протезді асқан дәлдікпен еш қиын­дықсыз жасай алады. Бұл процесс бола­шақта хирургтерді робот алмастырады деген пікір тудырғанымен, «құлтемірді» хирург­тердің жұмысын жеңілдету үшін және жұ­мыс сапасын жақсарту үшін ғана қолдануға болады.

 

Мидың сымсыз сенсоры

2016 жылы америкалық зерттеушілер уақыт өте келе еритін және хирургиялық жолмен алып тастамай-ақ адамның миына имплантацияланатын сымсыз, көп функция­лы сенсор ойлап тапты.

Мұндай зерттеулер адам миы жарақат­тан­­ғанда немесе ота жасалғаннан кейін нау­­қас­тың жай-күйін бақылап отыру үшін қажет.

 

Телемедицина

Мобильді интернеттің таралуы мен бей­неконференциялар технологиясындағы жетістіктер телекоммуникацияны 2019 жылы медициналық технологияның маңыз­ды бағыттарының біріне айналдырды. Ұялы құрылғы мен екіжақты камераны қолдана отырып провайдерлер пациенттермен қашықта жеке кездесулер өткізе алады. Бұл әдетте ауылдық жерлерде тұра­тын науқастар мен ауруханаға белгілі себеп­термен бара алмайтын науқастарға өте қолайлы.

Денсаулықты бақылайтын құрылғылар, айталық, сіздің жүрек соғысыңызды, қан қысымыңызды және қанның оттектенуін тексере алады. Веб-қосымшалар мен қо­сым­шалар науқастардың сұрауларын реттеп, провайдерлер мен науқастардың уақы­тын және энергиясын үнемдейді. Тіпті қа­рапайым телемедициналық сапарлар адам­дардың өмірін құтқаруы мүмкін. Олар та­сымалдау, тіл және география сияқты кедер­гілерді жеңуге себеп болады.

 

Блокчейн технологиясы

Дүние жүзінде деректердің бұзылуы жы­лына денсаулық сақтау саласына орташа есеппен 3,86 млн доллар көлемінде шы­ғын әкеледі. Мәселені шешу үшін ғалымдар блокчейн технологиясын пайдалануды ұсынып отыр. Қазіргі таңда криптографиялық жүйе не­гі­­зінде құрылған блокчейн технология­сы аса көлемді ақпаратты сақтайды. Бұл деректерді қауіпсіз сақтап қана қоймай, делдалдар­ды жояды және жеткізушілер мен науқастардың шы­ғынын үнемдейді. Блокчейн сонымен бір­ге алаяқтықтың пайда болу мүмкіндігін азайта алады.

Мұның бәрін шешуге көмегі тиген ең алғашқы блокчейндердің бірі – ALLIVE, ол шифрланған денсаулық профилін және тіпті жасанды интеллект дәрігерлерді қам­титын бүкіл денсаулық экожүйеден тұрады. Ғалымдар болашақта осындай жүйелерді көбейтуді жоспарлап отыр.

 

Иммундық терапия

Иммундық терапия бүгінгі таңда ме­дици­надағы қалыптасқан анықтамаларды өз­гертуде. Оның басты қолданылу аясы – қатерлі ісікпен ауыратын науқастың жа­су­­­ша­ларына генетикалық өзгеріс енгізу. Хи­мия­лық терапиядан айырмашылығы, иммундық терапия сау клеткаларды жоймайды. Иммундық жүйені өзгерте отырып, технология қатерлі ісік жасушаларын анықтауға және жоюға, ісіктің өсуін тежеуге бағытталған.

Бірлескен терапиямен және жасанды Т-жасушалармен біріктірілген жаңа емдеу технологиясы идеал терапия болып саналады. Ол соңғы онжылдықта медицина саласына айтарлықтай өзгеріс пен жаңалықтар әкелді.

 

3D баспа

3D баспамен шығарылған әлемдегі алғашқы объект –  көзді жууға арналған сапасы төмен шыныаяқтың үлгісі. Содан бері 3D баспа көп өзгерді. Енді медициналық құрылғыларды науқастың нақты сипаттамаларына дәл сәйкестендіруге және олардың табиғи анатомиясымен үйлесімді етуге болады. Науқастың денесіне қажетті имплантаттар, протездер мен құрылғыларды, олар дәл икемделіп, бапталған кезде ала алады.

3D баспа сапасын одан әрі жақсарту үшін биопринтингті дамыту қолға алынуда. Ғалымдар қан тамырларын, синтетикалық аналық бездерді, тіпті ұйқы безін де жасай алды. Содан кейін бұл жасанды мүшелер пациенттің денесінде бастапқы ақауларды ауыстыру үшін енгізіледі. Технологияның дамуы жыл сайын трансплантацияға тәуелді миллиондаған пациенттердің сұранысын өтейді.