Аурухана хирургы Абылай Баймахановтың айтуынша, бойжеткен асқазанының эпигастрий аймағы ауырып ауруханаға түскен. Оған фиброгастродуоденоскопия (ФГДС), компьютерлік томография жасалған. Нәтижесінде оның асқазанында шаштың жұмарланған түйнегі (трихобезоар) бары анықталған. Безоар адамдар арасында өте кездеседі, ол көбінде күйсейтін жануарларда болады. Науқас өзінің асқазанында шаш барын мүлде білмеген.
"Бүгін пациентке жоспарлы ота жасалды. Лапаротомия, гастротомия, отасы кезінде асқазан пішінін қайталап тұрған трихобезоар анықталды. Бұл түйнек асқазанның 70 пайыз ауданын алып тұрған. Бойжеткеннің өзі шаш жегенін мойындамай тұр. Алайда бұл бірнеше жылдар бойы қалыптасқан түйнек. Оның салмағы 1 келіге жетіп қалған соң асқазанның пішіні созылған", - деді аурухана хирургы Абылай Баймаханов.
Оның айтуынша, тәжірибеде трихобезоар өте сирек кездеседі. Одан келетін қауіп өте жоғары. Конкремент асқазан-ішек жолымен қозғалу кезінде асқазанның бітелуіне немесе асқазанның тесілуіне алып келуі мүмкін болды. Абырой болғанда науқас медициналық көмекке уақытында жүгінген.
Сондай-ақ хирург-дәрігер, ассистент Дәурен Жуматаев тырнақ тістеу немесе шаш шайнап жұту психологиялық әдет екенін айтады.
"Балалардың әдеттеріне ерте жастан назар аудару керек. Сондай - ақ, шаш ағзаға тамақпен бірге кетіп, жылдар бойы массаға жиналуы мүмкін", - деді Дәурен Жуматаев.
Айта кетейік, мұндай жағдай көп жағдайда 30 жасқа дейінгі қыз балаларда кездеседі. Аурудың басталуы әдетте симптомсыз болады. Жұмарланған түйнек өсіп келе жатқанда, іш ауырып, ауырлық сезімі пайда болады, жүрек айну, құсу, тәбеттің төмендеуі, темір тапшылығының анемиясы дамиды.