Аймақтар • 23 Қыркүйек, 2020

Алмалы аудан

375 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өткен ғасырда алманың «жеті атасы» өсірілген таулы өңірдің дәмі тіл үйірер апортынан дәм татқан аға буын әлі күнге тамсана айтып отырады. Бағбандардың айтуына қарағанда, апортыңыз теңіз деңгейінен 900 метр биікте жақсы өседі. Бұл талапқа Алматы қаласы мен Түлкібас ауданының таулы өңірі ғана жауап бере алады екен. Иә, Түлкібас алмасымен де аты шыққан өңір. Ауданның орналасу аймағы да ерекше. Таулы аймақтың ауа райы қоңыр салқын, алма бау, жеміс ағаштарын өсіруге өте қолайлы.

Алмалы аудан

Қазіргі таңда ауданда 2,5 мың гектар алма бауы бар. Ауданның 2020-2025 жылдарға арналған даму концепциясына сәйкес Түлкі­бастың брендіне айналған ал­маның өнімділігін арттыру көзделіп отыр. Осыған байланысты алма бау көлемін тағы 760 гектарға ұлғайтып, 3 355 гек­­тарға жеткізу жоспарланған. Жиналған өнімді ұзақ уақыт сақтауға бар мүмкіндік жасалған, сыйымдылығы 900 тонна болатын 6 қойма бар.

«Қоймада сақталып, сұрып­талатын алмалар еліміздің бар­лық өңіріне, әсіресе солтүстік об­лыс­тарға, Ресей мемлекетіне жөнелтіледі. Алма өсірумен айналысатын шаруашылықтар қатары да артқан. Соңғы жылдары апорт өсіруге көп көңіл бөлініп келеді. Түпкі мақсатымыз – кезінде аты шыққан Түлкібастың алмасы, оның ішінде апортты қай­тадан ауданның брендіне айналдыру. Сол бағытта жұмыстар ат­қарылып жатыр», дейді аудандық ауыл­шаруашылық бөлімінің сек­тор меңгерушісі Абылай Төлеп­бергенов.

Алма өсіруге ден қойған ша­руа­шылықтың бірі «Кентау» ЖШС 2013 жылдан бері қарқынды алма бауын өсірумен айналысып келеді. Шаруашылықтағы 231 гектар болатын алма баудың 188 гектары қарқынды бау. Мұнда «Рояль Гала», «Фуджи», «Голден делишес», «Стар Кримсон», «Легалина», «Айдарет» сынды алманың 12 түрі өсіріледі. Серік­тестік маусымды жұмыспен 100-120 адамды, ал тұрақты жұ­мыспен 40 адамды қамтып отыр. Жұмысшыларға баудың маңынан барлық жағдай жасалған арнайы жатақхана қарастырылған. Алма көшеттерін сонау Италия, Польша, Түркия сынды мемлекеттерден алатын серіктестік алдағы уақытта өнім көлемін 2,5 мың тоннадан асыруды көздеп отыр.

«Қазіргі таңда, жаздық алма «Галаны» жинап болдық. Әрі қарай, күздік, қыстық алмаларды жинауға кірістік. Қой­мамыздың сыйымдылығы – 2050 тонна. «Maf roda» француз ком­паниясының сұрыптау технологиясымен жұмыс істеудеміз. Негізгі алма өнімдерін әзірге Қазақстан өңірлеріне сатып жатырмыз. Келешекте шетелдерге шығуға ниеттіміз. Бізге Италия, Түркия, Польшадан агрономдар, кеңесшілер келіп тәжірибе ал­масуда. Өзіміздің арнайы оқу орталығымыз бар. Ол жерде жер­гілікті азаматтарды оқытып, үйре­теміз», дейді Кентау ЖШС өндіріс­тік директоры Бақыт Құрманбеков.

Ал Шақпақ ауылдық округіне қарасты «Көктал» шаруа қо­жалығының  230 гектар алма бауы­ның 30 гектары – қарқынды бау. Алманың 14 түрі өсетін қожалықта науқан кезінде 160 адам жұмыс істейді. Сондай-ақ 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бүгінгі таңда шаруа қожалығы 600 тоннадан астам күздік алманы жинап үлгерген. Біз мысал келтірген қос шаруашылық апорттан алғашқы өнім жинай бастады. Иә, 2015-2016 жылдары ауданда 41 шаруа қожалығы алманың апорт сор­тын қайта жаңғыртып, өсіруді қолға алған болатын. Жалпы, аудандағы апортты баудың аумағы – 1210 гектар. Ауданда, сондай-ақ жеміс-жидекті қайта өңдеуге ерекше мән беріліп келеді. Мысалы, «Песня лето» ЖШС, «Нар-сапа» ЖШС өнімдерді терең өңдеп, түрлі тосаптар, шырындар мен сусындар күйінде тұтынушыларға ұсынуда. Ал «Мичурин шарап зауыты» алмадан шарап дайындауда. Осылайша ауданда қалдықсыз технологиямен жұмыс істеу де тиімді жолға қойылған.

Ауданда бір алқаптан 2-3 өнім алу бағытында жұмыс істеп жатқан шаруашылықтар көп. Нәтиже де айтарлықтай. Жалпы, аудан аумағында 155 шаруа қожалығы көктемде 266 гектар жерге бірінші өнім ретінде көкөніс, бұршақ дақылдарын және картоп егіп, 610,2 тонна өнім алған. Бір ғана мысал, «Ерсары» шаруа қожалығы бірінші өнім ретінде ерте көктемде 2 гектар сарымсақ, 3 гектар картоп егіп мау­сым айының орта тұсында жинап алған. Содан соң, 5 гектар жерді қайта өңдеп, 2 гектарына қияр, 3 гектарына ақ желкен егіп, қазіргі таңда еңбегінің жемісін көруде. Бірінші егін сарымсақтан 20 тонна, ал картоптан 75 тонна өнім алып, сарымсақтың килосын 550 теңгеден, картопты 110 теңгеден саудалаған. Ал екінші өнім қиярдан 40-50 тоннадай жинап, егіс алқабынан 100-110 теңгеден, ақ желкеннің бір бумасын 100 теңгеден өткізген. Бүгінде қожалық 15 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ауыл шаруашылығын дамыту, мол өнім жинауда бау-бақша, егістік алқаптарды суару, суды тиімді әрі ысырапсыз пайдалану мәсе­лесі де маңызды. Бұл орайда аудан әкімі Нұрлан Байғұтов тамшылатып, жаңбырлатып суару сынды жаңа технологияларды енгізуге ерекше мән беріліп келе жатқанын айтады. Дегенмен ағын сумен қамту да маңызын жоғалтқан жоқ. Ауданда көп жылдан бері қордаланған ағынды су мәселесі кезең-кезеңімен шешімін табуда. 2022 жылға дейін аудан аумағындағы 13 су нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 7 015 гектар суармалы жер қайта айналымға қосылады. Ал биыл 13 су нысанының 7-еуінде темір бетонмен қаптау жұмыстары жүргізіліп, жалпы ұзындығы 69,1 шақырым болатын «Құлый», «Танта», «Қызыл», «Боз», «Ұзын», «Бесқасқа», «Бала Құлан» магис­тральды каналдары 5064 гектар ауыл шаруашылығы бағытындағы жерді ағынды сумен қамтымақ. Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 9 800 метр «Боз» каналына 309 млн теңге бөлінген, жыл соңына дейін толық аяқтау жоспарланып отыр.

 

Түркістан облысы