Қоғам • 23 Қыркүйек, 2020

Елімізде ноутбуктер нарығы қалай дамып келеді?

372 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ендігі жерде бүгінгінің адамына гаджеттер мен электроника бұйымдары арасынан ноутбуктан асқан қажетті затты табу қиын. Онлайн жұмыссыз да, небәрі бірнеше жыл ішінде ноутбуктер үстелдік дербес компьютерлерді толық ығыстырып шығарды. Қазіргі таңда алуан түрлі кәсіп иелерінің жұмысын, мектептер мен жоғары оқу орындарындағы оқу процесін ноутбуксыз елестету мүмкін емес.

Елімізде ноутбуктер нарығы қалай дамып келеді?

 

Ойын-сауық контенті ретінде тұтынуға келсек, ноутбуктер теледидарлармен табысты бәсекелесіп келеді. Қазіргі заман адамы үшін ноутбуктердің аса қажетті затқа айналғаны сонша, электроника мен тұрмыстық техниканы сатумен айналысатын желілердің куәландыруынша, осы құрылғылардың сатылымы өсе түскен. Төтенше жағ­дай мен карантин жарияланған соң алғаш­қы күндері қашықтан жұмыс істеуге көшкен қызметкерлер, мектеп оқушылары мен студенттер өз үйлерінде жұмыс орнын жайғастыра бастады, олардың ең бірінші және аса қажетті сатып алған заттары ноут­бук болды.

Онлайн сатылымның жоғары серпі­ні­не қарамай, Қазақстанның тұрмыстық техника және электроника нарығында оффлайн дүкендердің үлесі әлі күнге маңызды айырмашылықпен басым түсіп келеді. Алайда клиенттердің басым көпшілігінің карантин кезінде Интернет-дүкендер арқылы сатып алуға көшкеніне қарамай, тұрмыстық техника мен электроника секторының жалпы өсу динамикасы маңызды шамада баяу­лай түсті. «GFK Қазақстан» зерттеу компаниясының деректеріне сәйкес, осы сектордағы тауарлардың барлық топтары бойынша сатылым көлемі 2020 жылғы қаңтар мен шілде аралығында 405,9 млрд теңгені құраса, мұның өзі өткен жылғы осындай кезең ішіндегі көрсеткішпен салыстырғанда, небәрі 1,8%-ға жоғары. Сәуір мен шілде аралығында құлдырау кезеңі сезілді, осы кезеңде жалпы сатылым 207,9 млрд теңгені, құлдырау14%-ды құрады.

Алайда жалпы құлдырау кезеңінде, тұрмыстық техника мен электроника секторында кейбір санаттар, керісінше, айтарлықтай өсе түсті. Мәселен, 2020 жылдың алғашқы жеті айы ішінде ноут­­бук­тер ақшалай тұрғыдан едәуір ұл­ғай­ған. Осы санатта жалпы айналым 35,1 млрд теңгені құрады, мұның өзі өткен жылғы осындай кезең ішіндегі көрсеткішпен салыстырғанда, 55%-ға жоғары. Сөйтіп ақшалай тұрғыдан ең көп сатылатын тауарлар рейтингінде алғашқы жарты жылдық қорытындысы бойынша ноутбуктер кір жуатын машиналарды, тоңазытқыштарды басып озды, тек смартфондар мен теледи­дар­ларға жол беріп, үшінші орынды ие­ленді.

Ноутбук сатып алу кезінде қазақстан­дық­тардың 55%-ға жуығы 200 мың теңгеге дейінгі баға сегментіндегі модель­дерді таңдап отыр. Сатылған ноутбук­тердің 82,1%-дан астамы 15-тен 15,9 дюймге дейінгі дисплей өлшемін иеленді; ноутбуктердің 18,6%-ға жуығы ойынға арналған болатын.

Егер сатылу арналары туралы айтар болсақ, 2019 жылғы қаңтар мен шілде аралығында 89 мың клиент бөлшек сау­да дүкендерінен ноутбук сатып алды, небәрі 18,8 мың клиент онлайн тәртіпте сатып алса, ал 2020 жылы бөлшек сауда дүкендерінен 95 мың ноутбук, онлайн тәртіпте 57,5 мың ноутбук сатып алынды. Сөйтіп 7 ай ішінде ноутбуктардың сатылуы бөлшек сауда дүкендерінде небәрі 6%-ға, ал онлайн тәртіпте 206%-ға өсті. Ноутбук бойынша сатылымның жалпы өсімі сан жағынан 40%-ды, ақша жағынан 55%-ды құрады. Ноутбуктің орташа өсімі 208,9 мың теңгеден 230,2 мың теңгеге дейін, яғни 10%-ға өсті.

Осы санаттағы негізгі өсу факторы карантин кезінде енгізілген шектеу шаралары екендігі аян. Мұның өзі компания­лар мен білім мекемелерінің қашықтан жұмыс істеу режіміне көшуіне әкелді. Көпшілігіміз үшін ноутбук демалысқа немесе іссапарға ғана алып жүретін қосымша құрылғыдан негізгі жұмыс аспабына айналды. Жұмыс істейтін ата-ананы, мектеп оқушылары мен студенттерді қоса алғанда, бір отбасында бірнеше құрылғының болуы артық дүние ретінде қабылданбай, керісінше, өмірлік қажеттілікке айналды.

Evrika компаниясы өкілдерінің пікіріне сүйенсек, осы санаттың серпінді өсуіне қарамай, тұрмыстық техника мен электроника нарығының өкілдері клиенттердің ноутбук сатып алуға деген сұранысын қанағаттандыра алма­ған. Дүкен сөрелерін қажетті тауар­­мен қамтамасыз етуге кедергі келті­­ретін негізгі себептер – әлем на­ры­ғын­да ноутбуктерге деген бұрын-соң­­ды болмаған жоғары сұраныстың орын алуы мен COVID-19-дың таралмауы үшін енгізілген бірқатар шектеу шараларына байланыс­­ты жеткізу тізбе­гінің істен шығуынан туындаған жинақтауыштардың аса тапшылығы болып отыр.

Осы міндетті ше­­шіп, ішкі нарықтағы сұ­ранысты қанағаттандыру мақ­сатында, бөл­шек сауда желілері дайындаушы-за­уыт­­­тан қажетті ноутбуктер санын жет­кізу болжамын ұлғайта бастады. Сондай-ақ тауарларды жеткізудің баламалы арналарын іздестіріп, дүкендердің сөрелеріне дайындаушы-зауыттан тауар жеткізу уақытын қысқарту үшін едәуір қымбат логистикалық шешімдер енгізе бастады.

Дегенмен кәдімгі жұмыс және оқу режіміне оралған соң, осы бір жо­ға­ры серпін құлдырап, орташа сипат алады. Алайда Evrika компания­сы өкіл­де­рінің тұжырымдауынша, ноутбуктер санының болашақта өсе түсуіне арнал­ған алғы­шарт­тар айқын байқалып келеді. Олар карантин кезінде отандық на­рықта қашық­тан жұмыс істеу мен білім алу үшін алғаш рет ноутбук сатып алған клиенттердің жаңа пай­даланушылық базасы қалыптасты деп санайды. Олардың басым бөлігі біршама уақыт өткен соң, өз құрылғыларын жаңарта бастайды, бұл өз кезегінде осы санаттың өсу серпініне оң әсер ететін болады. Сонымен қатар технологиялардың дамуы және экрандары бүгілетін, қуатты аккумуляторларға ие ноутбуктердің көптеп пайда болуы өсудің қосымша факторына айналуы мүмкін. Қуатты аккумуляторға ие ноутбуктер тұрақты қосулы тұра алады және құрылғыны едәуір ұзақ мерзім бойында қуаттандырмай-ақ пайдалануға болады.

Шындығында, COVID-19 кезеңінде қашықтан жұмыс істеу мен білім алу форматы қазіргі таңда үйреншікті жағдайға айналды, мұның өзі біздің көпшілігіміз үшін басым жайтқа айналуы мүмкін. Демек, жуық арадағы уақыт ішінде ноутбук аса қажетті тауар болып қала береді деп нық болжауға болады.

 

АЛМАТЫ