Сондай-ақ Бразилия елшісіне халықаралық стандарттарды енгізу бойынша, соның ішінде сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамдарды қорғаудың кешенді жүйесін қалыптастыру, мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары үшін шетелдік юрисдикциялардағы активтерді иеленуге тыйым салу, заңсыз баю үшін жауапкершілік енгізу жөніндегі Антикор қабылдаған шаралар туралы ақпарат берілді.
Өз кезегінде Корреа Барбоза мырза Агенттікке келуінің елші болып тағайындалған кезден бастап Қазақстанда алғаш рет мемлекеттік органға аяқ басуы екенін атап өтіп, өз елінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының институционалдық негіздері туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Бразилияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесіне 5 негізгі субъект кіреді: бас бақылаушы, федералды полиция, федералды есеп палатасы, қоғамдық министрлік және қаржылық қызметті бақылау кеңесі.
Әлемге әйгілі «Ашықтық порталы» ресми мемлекеттік ресурсы Қазақстан тарапының ерекше қызығушылығын тудырды. Онда федералдық бюджет пен штаттар бюджеттері шығыстарының баптары, елдің саясаткерлері мен шенеуніктерінің декларациялары, сондай-ақ азаматтар мен БАҚ-ты қызықтыратын бірқатар өзге қаржылық ақпарат орналастырылған. Елшінің айтуынша, портал бюджет қаражатының жұмсалуын қоғамдық бақылаудың қуатты құралына айналды және оның арқасында мемлекеттік аппараттың шығыстары 25%-ға қысқарды. Ресурс мүмкіндіктерінің мысалы ретінде елші мырза тіпті оның жалақысы осы ресурста орналастырылғанын атап өтті.
Кездесу соңында тараптар құзыретті органдармен қоса, одан әрі ынтымақтастық туралы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзара қолдау көрсету туралы уағдаласты.