Мен ол кісіні осы уақытқа дейін ұстазым деп санаймын.Әлдеқашан өліп кеткен Иван Васильевичті ұмытпаймын, ұмыта алмаймын.
Басқалармен жылдап бірге жүрдім. Қалдырған іздері шамалы. Панфилов бар-жоғы бес-алты ай ішінде терең, тіпті бүкіл өміріме ұмытылмас із қалдырды. Сол себепті творчествомда шама-шарқым жеткенше ол кісінің образын жасауға тырыстым. Иван Васильевич өзінің ақылдылығымен, даналығымен өз образын жасады.
Баукең бір қауым уақыт үнсіз қалып:
– Е, «Жазушы» баспасының директоры Әбілмәжін Жұмабаевқа барғаным есіме түсті, – деді қабағын жазып. – Ол: «Бауке, бізге ашуланғаныңыз орынсыз. Екі томдық таңдамалы шығармалар жинағыңызды биыл, ал «Генерал Панфилов» туралы кітапты келесі жылы шығарайық», – десе бола ма?
– Жоқ! Менің таңдамалы шығармаларымның екі томдығын шығармай-ақ қойыңдар, «Генерал Панфиловты» шығарыңдар.
– Бауке, «буынсыз жерге пышақ ұрғаныңыз» қалай? Біздің де хал-ахуалымызды түсініңіз. Сіздің таңдамалы шығармалар жинағыңыздың екі томдығы тез сатылып кетеді. Баспамызға көмегі үлкен. «Генерал Панфилов» көп автордың естелігі, ол кітаптың өтуі қиын.
– Сенімен мен Алматының Көкбазарында сөйлесіп отырғаным жоқ. Биыл Панфилов дивизиясының құрылғанына 40 жыл толады. Осы айтулы күні Панфиловты құрметтемесек, біз кімбіз?! Мұны түсінбейтін сен қалай «Жазушы» баспасының директоры болып жүрсің?! Бүгіннен бастап директор емессің! – деп айқайладым.
– Бауке, түсіндім, кешіріңіз.
– Қорықпа! «Генерал Панфилов» та сендерге табыс әкеледі.
– Жақсы, Бауке.
– Директорлықта қалу, қалмауың әлі күн тәртібінен түскен жоқ.
– Қазақтың бір қатыны жүз жылда сіздей бір Бауыржан туып берсе, бақыттымыз, – деді Әбілмәжін әзілімді түсініп, көңілдене күліп. – Менің оған ашуланғанымның астарынан сен не түсіндің?
– Ұстазыңызды шынайы сыйлайтыныңызды түсіндім.
«Жауынгер әміршісі – ар-ұят, борыш»
– Соғыс деген не? Ол той, әлде би ме?
– Екеуі де емес.
– Дұрыс. Соғыс – қанды қасап. Алғы шепте жауынгер ойын тек бір-ақ нәрсе билейді. Ол – жеңіс. Соғыста бұдан артық қымбат та, жақын сөз болмайды. Соғыс барлық нәрсені өмір таразысына салады. Өлім мен өмір бетпе-бет келеді. Сонда өзің ойлағын, нағыз қырғын нақ осы жерден басталады. Майдандағы адам оны өз көзімен көреді. Енді сен айтшы, оны көзімен көрген адам жұмсақ бола ала ма? Биязы бола ала ма?
Біле білсең, соғыс қандай қиын болса, соғысушы адамға одан да қиын. Себебі мейлі сен, мейлі мен, не басқа біреу болсын, өмірін қиып өле қоюға бармайды.
Айталық, екеуіміз жауынгерміз. Соғысқанда кім үшін соғысамыз? Отан үшін, ел, жер үшін соғысамыз. Жау толымызды төгіп, ортамызды шайқап, бізді тізе бүктіріп, қол қусыртса, бүкіл еліміздің намысын аяққа баспай ма? Ендеше, ойлап көр, бұл жерде адамның жеке басының ғана намысы емес, ел намысы сенің көз алдыңда тұрады. Ондай адам, сөз жоқ, өзіне де, өзгеге де қатал болады. Сондықтан командир қаталдығы табиғи заңды. Бұл қаталдық емес, қамқорлық, талап қоюшылық. Мұны сен дұрыс түсін.
Әркім әртүрлі ойлайды, оған ерікті де. Соғыста жұмсақ болу – өзіңді өзің тірідей көрге көмумен бірдей. Мысалы, сен командирсің. Командир болғанда жай емес, алдыңғы шептегі соғыс тағдырын шешуге, Отан бұйрығын орындауға міндеттісің. Сонда қалай, ол бұйрықты кіммен, орындайсың? Олар – адам. Олардың тағдыры көп жағдайда саған, сенің ақылың мен қайрат-жігеріңе тікелей байланысты. Егер қайрат-жігерің жеткілікті, ақыл-ойың ұшқыр, айла-әдісің мол болса, онда жауынгерлерің бақытты. Неге олай? Секунд сайын деп асыра айтып, минут сайын деп әсірелеуге бармай-ақ қояйын, ажал сағат сайын аранын ашып қарсы алдыңда тұр.
Жекпе-жек ұрыста тәуекел, батырлық шығады. Алдымен солдат өзін-өзі жеңеді. Қобалжу, қорқу, тағы басқа сезімдерді төмен басып тастайды. Оған бір дәлел – Төлеген Тоқтаров ерлігі. Мен оған жаудың бүйірінен қарсы шабуылға шық деп бұйрық бергем жоқ. Он екі жауынгер айқасқа енген. Міне, инициатива!
– Біздің әскерді жоятын болды. Ең болмаса екпінін басамыз, бүйірінен тиісейік, – дегем.
Қандай мөлдір азаматтық сана?! Қандай азаматтық биік борыш?! Менің Төлегенге риза болатыным – осы! Мысалы, Гастелло өлімге өзін жақсы жағдайдан қиған жоқ. Оның оғы таусылып қалды. Бұрылып қашса, жау қуып жетіп, тұтқынға алады. Көмектесер ешкім жоқ. Былай қараса, үлкен бензин колонкалар тұр екен. «Мейлі, енді осылардың бәрін жағып жіберейін. Пәлен жүз самолеті бензинсіз қалсын, біздің пәлен адамымызды өлтірмесін» деп шешеді. Мен оның қанша фашисті өлтіргенін білмеймін. Жоғарыдағы әрекетімен-ақ көп жаудың көзін жойды, бізге көп пайда келтірді. Біз үшін ол көп нәрсе істеді. Баймағамбетов жетіскенінен жау блиндажын кеудесімен жапқан жоқ. «Мен өлсем өлейін, жолдастарым тірі қалсын» деді. 28 панфиловшылар да бастарын құрбандыққа тікті. Бұл – совет жауынгерлерінің жаппай ерлігі еді! Гастелло, Баймағамбетовтердікі жеке ерлік. Оны сол кезгі жағдай талап етті. Бұл тұстағы жауынгер әміршісі – ар-ұят, борыш.
«Жау болса да»
– Адъютантым Николай Синченко екеуіміз шоқ тоғай ішімен алғы шепке бара жатып, неміс солдаты өлігінің үстінен шықтық. Етпетінен құлапты, жалаңбас. Шашы сап-сары, төңірегіндегі қар қып-қызыл, – деп Баукең шамырқана сөйледі. – Жүзін көрейін, – деп етігімнің тұмсығымен түртіп, өлікті аудардым. Етігіммен аударған себебім, сүйікті генералым Иван Васильевич Панфиловтың, қандыкөйлек серіктерімнің қазасынан туған ыза-кек еді.
Жау солдатының моп-момақан, бейкүнә жүзін, жаңа тебіндеген мұртын көріп, аядым. Синченко қалталарын қарап, бір де құжат таппады. «Бұл сорлы енді аң-құсқа жем болады-ау. Белгісіз солдат дегеніміз осылай тоғай ішінде, қар құрсауында қалғандар ғой», – деп ойлап, адъютантыма штабқа барып, күрек алып келуін бұйырдым. Ол жүгіріп кетіп, біраздан кейін қайта оралды. Екеулеп көр қазып, әлгі солдатты жерледік. Жау болса да, жүзін жасырмай кеткенді өзіме ар санадым...
Өліктің жүзін жасыру адамзат баласының ежелгі асыл борышы десек, Баукеңнің жау өлігін құрметтеп, аң-құсқа жем етпеуі – адамгершіліктің биік шыңы емес пе? Мұндай оқиға адамзат баласы тарихында кездесті ме, кездеспеді ме деген сұрақ төңірегінде ұзақ ойға баттым.
Шындыққа жүгінсек, жау біздің өлігімізді табанымен таптағаны өз алдына, адамдарымызды тірідей өртеді, дарға асты. Осы қанқұйлы, жауызды бар жан-тәнімен жек көрсе де, өлігін жерлемей кетуді бойына ар санаған Баукеңнің «соғысқа халық кінәлі емес, ешбір халық соғысты қаламайды, бұл тіл табыса алмаған басшылардың кінәсінен» деп түсініп, жау өлігін жерлеп кетуі оның қандай ортада, қандай тәрбиеде өскенін әйгілеп тұрған жоқ па?
Израиль тарихшысының лебізі
Интернеттен Ресей президенті Владимир Путинге Израиль тарихшысы «Яд Вашем» ұлттық институтының қызметкері Арон Шнеер қарсы қарап отырып айтқан мына сөздерін оқып, шексіз мақтаныш сезіміне бөлендім.
– Маған өзіндік ерекшелігі бар өкілдік бұйырды. Себебі мен басқа елдің азаматымын, Иерусалимнен келдім. Сол себепті, бір жағынан, Ресейдің ішкі мәселесіне араласқым келмейді, екінші жағынан, Кеңес Одағында болған оқиғаға тоқталмай өте алмаймын.
Халық тарихын, мемлекет тарихын ұмыттырмау – тарихи жадымыздың ең басты және аса маңызды міндеті. Мысалы, 1946 жылы жаңа мемлекет – Израиль мемлекеті дүниеге келді. Сол жылы Александр Бектің «Волоколамское шоссе» кітабы еврей тіліне аударылды. Әскери басшылық тек оқу құралы ғана емес, іске басшылық етсін деп ол кітапты Израиль армиясының әр офицеріне қарумен бірге берді.
Израиль армиясының болашақ бас штабының бастығы Мотогур өзінің естелік кітабында рота командирі кезінде батальон командирі, кейіннен Кеңес Одағының Батыры атанған, тамаша адам Бауыржан Момышұлының сөзімен жауынгерлерін қалай рухтандырғанын жазды. Сарбаздарын сапқа тұрғызып әйгілі кітаптың «Қорқыныш» тарауын оқып, сөзін: «Сен ұрыс даласын тастап кеттім деп ойлайсың ба, сен Москваны жауға қалдырып кеттің», – деген сөзімен аяқтап: «Әскери тәртіппен қолымды шекеме апардым да, бұрылып кеттім. Солдаттарымның мені түсінгеніне сенімді болдым», – дейді.
Міне, басқа соғыстағы, басқа армиядағы ерліктің, қаһармандықтың өнегесін жас Израиль армиясына үлгі еткен тарих сабағы. Мұны жастарымыз оқып, кімдердің ұрпағы екенін мақтан етсін деген оймен қазақшаладым.
Мамытбек Қалдыбай,
бауыржантанушы