Таным • 24 Қыркүйек, 2020

Алтын Орда тарихының беймәлім беттері

1320 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

(Соңы. Басы 181-нөмірде)

 

Алтын Орда тарихының беймәлім беттері

 

Тоқтай ханның ұлы Елбасардың қайтыс болуы және  Өзбек ханның исламды қабылдауы туралы

Алтын Орда тарихындағы ислам дінінің ықпалы болған келесі бір аса маңызды оқиғаға – Тоқтай ханның ұлы, әрі мұрагері Елбасардың (Илбасар, Илбасмыш, Елбасмыш) мұсылмандығы мен оның әкесінен бұрын кенеттен қайтыс болуы, Өзбек ханның билікке келуі мен оның исламды Алтын Ордада ресми дін етуі  жатады. Тоқтай ханның Алтын Ордадағы билік құрған кезеңі жазба дерек мәліметтерінде біршама жақсы баяндалады.

Араб тарихшылары Эльбирзали (1339-1414), Эддзехеби (1274-1349), Ибнкесир (1299-1373) өз еңбектерінде Тоқтай хан және оның жүргізген саясаты жөнінде  мәліметтер қалдырады. Оның ішінде Тоқтай ханның діншілдігі туралы: «...дінсіз болды, пұтқа және жұлдыздарға табынды, ламаларды жақын тартты, әртүрлі дінді ұстағандардың ішінде  мұсылмандарға ерекше  құрмет көрсетіп отырды», делінеді.

Бұл мәліметтерден  Сарайда,  тақта отырған хан төңірегіндегі әмірлер мен нойандардың, бектердің арасында әртүрлі діндер мен діни бағытты ұстанғандарын байқауға болады. Олар Өзбек хан билікке келгенге дейін Алтын Орда астанасы Сарайда ханға әртүрлі шешім қабылдар кезде өз ұсыныстарын  өткізуге күш салып  отырады. Олар арасында болашақ тақ үміткерін анықтауға, оны отырғызуға байланысты кейде ашық, кейде жабық түрде күрестер жүріп жатты. Тоқтай ханның мұрагері Елбасар осы күрестердің нәтижесінде о дүниелік болды деуге негіз бар. Тағы да бұл жерде діни фактор басты себеп болады.

Осының бәрін талдау үшін Тоқтай ханның ұлдары туралы мәліметтерді қарастыралық. Жалғыз ғана араб тарихшысы Ибндукмак: «Тоқтай қайтыс болып, артында ұл да, қыз да қалдырмады», – деп жазады. Ал бізге белгілі араб тарихшыларының мәліметтері мен Өтеміс қажының мәліметтерінде Тоқтай ханның – Ильбасар, Ирбысар, Ильбыхадыр, әмір Ильбасар, Эль-Басар атты ұлының болғандығы айтылады. Рашид ад-Дин Тоқтай ханның: «Ябарыш, Иксар, Тукла-бука» атты, ал мәліметтері оған тәуелді Қадырғали Жалайыри  бойынша Тоқтай ханның – «Йабарыш, Иқсар, Түклү-Бұқа» есімді үш ұлдары болған. Анонимді «Муизз ал-Ансаб» дерегінің мәліметінде «Тукель-Бука, Балуш және Ильбасар» есімді Тоқтай ханның үш ұлының есімі кездеседі. Дерек мәліметтерін саралай келе, біз Тоқтай ханның үш ұлы болған және оның бірі – Алтын Орда тарихында  көмескіленген орны бар – Елбасар есімді ұл дейміз.

Деректерде аз болса да Елбасар туралы мәліметтерді кездестіруге болады. Араб тарихшысы Эльбирзали (1339-1414) ол туралы былай деп жазады: «Оның (Тоқтай ханның – Б.К.) ұлы болды, одан артық көріктіні  ешкім көрмеді; ол ислам жолында болды, түсінбесе де Құранның оқылуын тыңдағанды ұнататын, әкесінен соң таққа келісімен исламнан басқа ешбір дінді бұл елде қалдырмаймын деп санайтын». Ал келесі бір араб тарихшысы Эннувейри (1279-1333) Елбасардың «Тоқтай хан тұсында әскер басы міндетін атқарғанын айтады. Тағы бір араб тарихшысы Элайни (1361-1451) Елбасарды «әмір» титулымен жазып, «Ол әкесінің қолында әскерге басшылық жасауға, соғысты жүргізуге және ұрыстарды басқаруға тәрбиеленді», – деп хабарлайды. Одан әрі ол Елбасарды 1310 жылы қайтыс болғанын айтады.

XIII ғасырдың соңы мен XIV ғасыр­дың басында Алтын Орданың ішкі саяси өмірін айқындаған билеуші топ арасында  біртұтастық болмады. Олардың өздері саяси, экономикалық, діни ұстанымдары бойынша жіктелді.      

Тек діни көзқарастары бойынша Батый ханнан тараған билеуші әулет өкілдері мен оның жақын туыстары, бүкіл Жошының 14 ұлынан тараған сұлтандардың ұрпақтары, сондай-ақ мемлекеттік қызметтегі әмірлер мен бектер арасында ислам дінінен басқа өзге де діндерді: шамандықты, бақсылықты, тәңіршілдікті, пұтқа табынушылықты ұстанушылардың бар болып,  олардың  да бірнеше топқа бөлінгенін көруге болады.  Және де олардың  исламнан басқа өзге діндер мен діни сенімдерді ұстанып қана қоймай, өздерінің діни сенімдері негіз болған  белгілі бір саяси күштерге  ие болғанын  байқаймыз. Сонымен бірге дерек мәліметтерінде айтылғандай, жаңа бір ханның таққа отыруы  билеуші әулеттің өзге діни бағыттағы өкілдері мен олардың жақтастарының күштеп өлтірілуінің басты себептерінің біріне жатады.

М.Г.Сафаргалиев осы кезеңде Алтын Ордада шамандықты ұстаған далалық ақсүйектер тобы, қалалық саудагерлер мен дін басыларымен тығыз байланыс­та болып, исламды ту еткен феодалдық ақсүйектер тобы болғанын айтады.
Оның көрсетуі бойынша Елбасар ақ­сүйектердің алғашқы тобына арқа сүйе­ген.

Елбасардың  әскер қолбасшысы және хан өсиеті бойынша тақ мұрагері бола тұра кенеттен қайтыс болып кетуі көп ойларға жетелейді. Оның билікке келмей жатып-ақ, дерек мәліметінде айтылғандай «исламнан басқа өзге діннің бәрін елден қуатындығы туралы ойларының болуы» – оның әкесінен екі жыл ерте қайтыс болуына алып келген  деуге болады. Сарайда исламнан басқа өзге діни бағытты ұстанатындар алдын ала қимылдап, Елбасар сияқты тұлғаларды таққа келтірмеуге күш салған. Біз бұл арада Сарайдағы саяси мәні зор оқиғадан діни фактордың орын алып тұрғанын көріп тұрмыз.

Дегенмен де, Елбасар жүзеге асыра алмаған идеяны  Тоқта ханнан кейін Сарай тағын күшпен иеленген Өзбек хан жүзеге асырады. Ол Елбасардың жіберген қателігін қайталамау үшін би­лікке келісімен алғашқы қадамдарын басқаша бастайды.

Өзбек ханның шығу тегін барлық авторлар бірдей былайша көрсетеді: Шыңғыс хан, одан Жошы хан, одан Батый хан, одан Тоған (Тұқан), одан Меңгу Темір хан, одан Тоғырыл, ал одан Өзбек хан. Араб авторлары Өзбек ханды былайша суреттейді: «...Бұл жас жігіт өте келбетті де келісті, өте ақылды, тамаша мінезді, исламды жақсы ұстанған және батыл, ержүрек болатын». Оның билікке келуі оңай болған жоқ. Тоқтай хан қайтыс болғаннан кейін Батый ұрпақтары ішінде тақты иеленуге үміттенгендер саны жетерлік еді. Сондай-ақ хан сарайы маңындағы әртүрлі лауазымдағы бектер мен әмірлердің дін мәселесіне келгенде Өзбекке  ішкі наразылықтары қатты болатын. Ол жөнінде дерек мәліметі былай деп баяндайды: «...Әмірлердің Өзбекке жау болуына мынадай жағдай себеп болды. Өзбек үнемі олардан  дінге сенуді және ислам дінін қабылдауды талап етіп отырды, оларды соған итермеледі. Ал әмірлер болса оған былай жауап беретін: «Сен бізден бағыну мен тәуелді болуды талап ет, ал біздің қандай сеніміміз бен қай дінге кіретінімізде шаруаң болмасын. Біз қалайша Шыңғыс ханның заңы мен жарғысынан бас тартып, арабтардың дініне өтеміз». Өзбек өз дегенінде тұрып алды, ал әмірлер болса, оған қарсы жау болып, теріс айналды, оның көзін жоюға тырысты». Бұл келтірілген дерек мәліметтері ішкі Алтын Орданың саяси өмірінде діни факторлардың алдыңғы қатарға шыққандығын нақты көрсетеді. 

Мұсылмандық топқа қарсы болған­дардың ішінде әмір Құтлық Темір деген кісі «Патшалық Тоқтайдың ұлына тиесілі, бірақ алдымен Өзбекті тұтқындау керек, өйткені ол біздің жауымыз, сосын ғана Тоқтайдың ұлын отырғызуға болады – дейді. Әмірлер осындай ұйғарыммен келіседі». Өзбек те Сарайда жалғыз болмаған, оның діни ұстанымы мен бағытын қолдайтындар бірлесе отыра астыртын қимылға көшеді.  Тоқтай ханның тұсында мемлекеттегі барлық істерді басқаратын, яғни беклербек лауазымындағы тағы бір Құтлық Темір деген әмір Сарайда мұсылмандық топты басқарған секілді. Тоқтай ханның қазасынан кейін әр топ өз адамдарын таққа отырғызу үшін әрекеттерге көшкен кезде,  Әмір Құтлық Темір Тоқта ханның үлкен хатындарының бірі, бұрынғы Тоғырылдың әйелімен бірлесе отыра қимылдап, таққа Өзбекті отырғызу қажет деп шешеді.  «Шыңғыс-намеде» бұл әйелдің есімі – Байалин-келін делініп, Өзбектің анасы деп айтылады. Араб тарихшысы Ибндукмактың (1308-1388) мәліметі бойынша әмір Құтлық Темір Өзбекті таққа отырғызбай тұрып, одан болашақта  исламды қолдайтындығы туралы уәдесін алады. Осылайша, Тоқта ханнан кейін Алтын Ордадағы тақ мұрагері жөнінде бір-біріне қарама-қарсы екі топ пайда болып, әр топ өз адамын отырғызу үшін ашық күреске шыға бастайды.

Өзбек өзін қолдайтын топтың көмегі арқасында өзіне қарсы ұйымдастырылған қастандықтан аман құтылып шығады. Тез арада  әскерін жиып,  қарсы топты жеңі­ліске ұшыратады да,  тақты иеленеді. Сөйтіп, Өзбек хан өте күрделі және шие­ле­ніскен қиын жағдайда жақтас­тарының көмегімен Алтын Орда тағын ие­ленеді.

Таққа отырысымен Өзбек хан алдыменен өзіне қарсы болған топты қырғынға ұшыратады. Дерек мәліметіне жүгінсек, Тоқтай ханның тағы бір ұлы мен оның жанындағы 120 Шыңғыс хан әулетінің өкілдері өлтірілген екен. Хайдер Рази болса, Өзбек хан  Тоқтай ханның 2 ұлын және жошылық 20 сұлтанды өлтірді деп жазады. Ал Өтеміс қажының дерегінде Өзбек хан Жошының он жеті ұлынан тараған ұрпақтарды жиып, оларды Исатай мен Алатай есімді қият тайпасының бектеріне бөліп берді делінеді. Қалай болса да, Өзбек хан билікке келісімен ең бірінші болып, өзіне қарсы болған саяси топты, яғни Алтын Ордада исламның таралуына қарсы,  мұсылмандықты қолдамайтын күштерден құралған саяси топты тас-талқан етіп жеңіліске ұшыратады.  Өзбек хан болса, Елбасардың қателігіне бой алдырмай, тақты иеленгеннен кейін барып, исламның Алтын Ордада орнығуына кедергі жасап отырған күштерді талқан­дайды да, исламның орнығуына толық жол ашады.

Тарихшылар Ибнхальдунның­  (1332-1406),  Эласадидің (1377-1446/1448) жазулары бойынша Өзбек хан өзін билікке әкелген  саяси топтың жетекшісіне берген  уәдесіне  сай, билікке келісімен Сарайда үлкен мешіт салдырады және әр жұма сайын намазға барып тұрады. Оның бұл әрекетіне түрік тайпаларының бір бөлігі қарсы болып, Өзбек ханды тақтан тайдырмақ болады. Билігін нығайтып алғаннан кейін Өзбек хан тағы да өзіне қарсы топтың екі жетекшісін және оларды қолдаушы бірнеше әмірлерді өлім жазасына кеседі. Осылайша, Өзбек хан Алтын Ордада исламды басқа діндерге қарағанда жоғары көтеру жолында алғашқы  қадамдарын сәтті жүргізеді. Алғашқы қадамы – бұрынғы діни сенімдерінен айырылғысы келмеген шың­ғыстық ұрпақтардың қарсылығын жеңу болса, екінші сәтті қадамына –  исламға қарсы кейбір түрік тайпалары басшыларының кедергілерін жою болды. Сөйтіп, дін басыларының исламды еркін уағыздауына кең жол ашылады.

Дерек мәліметтерінде Өзбек ханның билікке келгеннен кейін 8 жыл өткенде исламды қабылдағандығы туралы айтылады. Біз бұл жерде дерек мәліметіне сын көзбен қарай келе, Өзбектің исламды қабылдаған жылы туралы ондағы мәліметті қате берілген деп санаймыз. Өйткені бұған дейінгі араб және парсы тілдеріндегі дерек мәліметтерінің бәрі дерлік Өзбек ханды тақты иеленгенге дейін мұсылман болғандығын жазған болатын. Дегенмен де, билікке келгеннен кейінгі  8 жыл ішінде Өзбек хан Сарай қаласында және бүкіл Алтын Ордада үлкен жетістіктерге қол жеткізеді. Шыңғыс ұрпақтары мен түркілік этнотоптар басшыларының саяси және діни мәселе бойынша қарсылықтары толығымен жеңіліс табады, сол арқылы орталық атқарушы билікті нығайтады. Өзбек ханның толық жеңісімен ислам бағытындағы күштер де толық үстемдікке жетеді. Енді тек оны заңдастыру ғана қалады.

Өзбек хан 8 жылдан кейін, хижра бо­йынша 720 жылы, (12.II.1320-30.I.1321) түрікше тауық жылы, сол дәуірдегі шейхтар мен мұсылмандардың   шейхы, қасиетті  Зеңгі – Ата (Зеңгі Баба) мен  ең жоғары атақ-дәрежеге ие, адасқандарға дұрыс жол көрсетуші, сейдтердің же­текшісі Сейіт-Атаның басшылығымен мұсылман болады. Қасиетті Сейіт-Ата оған Сұлтан-Мұхаммед Өзбек хан деп жаңа мұсылман есімін береді. Сонымен сол күні халықтың көп бөлігі мұсылман болады. Осындай өте маңызды оқиғаға жергілікті халық арасында зор беделі бар әрі  тарихи тұлға, әрі  рухани көсемдердің  қатысуы халық санасы мен жадында мәңгі сақталып қалады. Сол кезден бас­тап ислам діні Алтын Орданың негізгі және басты дініне айналып, халықтың басым бөлігі мұсылмандықты қабылдайды. Тарихшы Хайдер Разидың  жазуынша
«...Хижраның 722 жылы (20.I.1322- 9.I.1323) оның (Өзбек ханның-Б.К.) қарсыластары қалмады. Одан кейін Жошы ұлысы Өзбек ұлысы деп аталады».

Осылайша, біз жоғарыда атап өтке­німіздей, ислам факторы XIV ғасырдың басындағы Алтын Орданың ішкі саяси өмірінде жетекші орынға ие болады.Тоқтай ханның ұлы – Елбасардың кенеттен қайтыс болуында басқа да себептермен қатар, діни фактор жатты. Тақты иеленбей жатып, өзінің діни бағыттағы бағдарламасын айтуы – оның кенеттен қайтыс болуына келеді. Ал Өзбек хан мұндай қателікке жол бермей, тақ­ты иеленгеннен кейін алдымен, өз би­лігін нығайтады да, тақ төңірегіндегі қарсыластарының көзін жояды. Содан кейін ғана барып бүкіл Алтын Ордада исламды негізгі дін деп жариялайды.

 

Қорытынды

Енді осы жұмыста қарастырылған мәселелер бойынша жалпы қорытынды жасалық.

Алтын Орда тарихының алғашқы кезеңіндегі саяси оқиғалардың себеп­теріне саяси, экономикалық факторлармен қатар, діни факторлардың да әсер еткені, кейбір мәселелерде жанама, ал кейбір мәселелерде басты әсер еткені ақиқат. Бұл мәселелер күні бүгінге дейін тарих ғылымында қарастырылмай келді. Оған себеп – патшалы Ресей кезеңіндегі тарихнамада деректердің толық еместігінен, жетімсіздігінен  діни факторлар назардан тыс қалдырылса, кеңестік тарихнамада бұл мәселелер арнайы түрде  белгілі себептерге байланысты қарастырылмады.

Кеңестік кезең мен қазіргі кезеңде тарих ғылымында ғылыми айналымға енгізілген көптеген ортағасырлық дерек мәліметтері біз қарастырған мәселе бойынша Алтын Орда тарихының алғашқы кезеңіндегі саяси маңызы ерекше оқиғалардың себептерін анықтауға, оның ішінде діни факторлардың да ықпалы болғандығын дәлелдейді. Бер­ке ханның жастайынан ислам дініне өтіп, мұсылман болуы – Алтын Орда тағына христиан діні жағындағы Батый ханның мұрагері Сартақтың, одан кейін Ұлақшының отыруына жол бергізбейді. Билікке өзі келгеннен кейін Алтын Орданың билеуші  әулеті мен басқарушы тобы арасында, халық арасында ислам дінінің таралуына кең жол ашады. Соның нәтижесінде біз білетін Алтын Орда тарихы қалыптасты.

XIII ғасыр соңында Алтын Орда тарихындағы ең басты саяси оқиға – Тоқтай хан мен ұлыс билеушісі Ноғай арасындағы соғыс болса, оның жалпы саяси себептері белгілі. Ал оның бас­талуына жанама түрде болса да түрткі болған, тағы да ислам дінінің әсері. Жас отауда бірі – мұсылман, екіншісі – пұтқа табынғандықтан пайда болған қайшылықтар отбасылық, одан әрі  әулетаралық қайшылықтарға әкеп соқтырады да, ол ішкі саяси өмірге әсер етеді.

XIV ғасыр басында Тоқтай хан мұрагері, әскер басы Елбасардың  кенеттен қайтыс болуының астарында оның ұстанған діни бағыты мен жүзеге асырар идеялары, яғни билікке келгеннен кейін Алтын Ордада тек исламды ғана қалдырамын деген жоспарлары жатты. Әрине, қарсы бағыттағылар оның билікке келуін күтіп отырмай, өздері қарсы әрекеттер ұйымдастырады. Елбасардың қайтыс болуының себебін біз осылай деп білеміз.

Ал Өзбек ханның билікке келуі Сарай маңындағы әртүрлі топтар ара­сындағы күрестердің нәтижесінде жү­зеге асады. Бұл жерде ислам факторы алдыңғы қатарда тұрды. Ол Елбасардың қателігін жасамай, алдымен билігін нығайтты, содан кейін барып саяси, діни қарсыластарын жеңді. Арада сегіз жылдан кейін бүкіл Алтын Ордада исламды ресми дін етіп жариялады.

Көріп отырғанымыздай, Алтын Орда тарихында басқа да факторлармен қатар ислам факторы да көптеген саяси оқиғалардың себептерін анық түсінуге мүмкіндіктер береді. Болашақта дерек мәліметтері негізінде барлық оқиғалардың себептерін анықтауда оған әсер еткен барлық факторларды бірдей қарастырғанда ғана нағыз шынайы тарихи білімдерге қол жеткізетін боламыз.       

        

Берекет КӘРІБАЕВ,

 ҰҒА академигі,

 Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры,

тарих ғылымдарының докторы