Қоғам • 24 Қыркүйек, 2020

Тұрақты диалогтың төркіні

201 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімен етене жақын араласып, кем-кетігін түгендеп, халқының батасын алған биліктің көсегесі көгеретіні, соның арқасында мемлекеттің де дәулеті артып, басқалармен бәсеке барысында оқ бойы озық болатыны бесенеден белгілі. Билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалог орнату әзірге Қазақ билігінің алдына қойған мұрат-мақсаты ғана...

Тұрақты диалогтың төркіні

Жақында газетімізде Жамбыл облы­сын­да­ғы меншікті тілшіміз Хамит Есаманның «Үйге газ кіргізу құны неліктен 1 млн теңгеден жоғары?» (17.09.2020 деген мақаласы жарық көрді. Сөйтсе, кезінде «Қордай-Шу» жоғары қысымды газ құбырының тұсауын Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі кесіп,  Шу ауданының тұрғындарын қуанышқа бөлепті. Елбасы қуаныштың ақыры проблемаға ұласарын қайдан білсін?! Сөздің тоқетері, аудан орталығы Төле би ауылының тұр­ғын­да­ры бес жылдан бері сол табиғи газдың қызығын көре алмай келеді. «Париев» ЖШС газбен қамту үшін 2015 жылы   әр үйге 380 мың теңге қойса, 2016 жылы 570 мың теңгеге көтереді, бүгінде 1 миллион теңгеге жеткен. Бес жыл ішінде ауыл тұрғындарының 30 пайызы ғана газбен қамтылған. Өйткені жоғарыдағы соманы төлеуді  ауыл тұрғындарының қалтасы көтермейді. Төлебиліктер енді аталған проблеманы шешу үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап отыр.

Сонда дейміз-ау, аудан көлеміндегі шешілуі тиіс мәселеге Президент араласуы керек пе? Мемлекет басшысы сенім білдіріп тағайындаған облыс әкімі жергілікті халықтың түйткілді проблемасын  шеше алмай ма? Әлде «Париев» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты проблеманың түйінін тарқатуға жергілікті басшылардың, құқық қорғау органдарының өкілеттігі жүрмей ме?

Айтпақшы, атыраулық тілшіміз Жолдасбек Көшербайұлының «Көп басшы ма, әлде көшбасшы ма?» (9.09.2020) мақаласында жазғанындай Қызылқоға ауданының Сағыз ауылдық округіне қарасты Қоңыраулы, Кенбай ауылдарына асфальт, табиғи газдың жоқтығын айтпағанда, ауыл тұрғындары әлі күнге дейін артезиан құдығынан су ішіп отырған көрінеді. Елді мекендерге әкімдер ат ізін салмаған. Ауылдағылар өңірден сайланған Парламент депутаттарын танымайды да екен. Нұр-Сұлтандағы биліктің қоғаммен тығыз байланыс орнатып, «халықтың үнін есту» дегені жергілікті әкімдіктерге әлі жетпегені ме?

Жергілікті әкімдіктер демекші, Кеңес Одағы тұсында әзілге бергісіз бір тәмсіл болатын ел аузында. «Заң дегеніңді Мәскеуде қабылдайды, ол бас қаланың өзінде толық  орындалмайды екен. Заң Алматыда жартылай орындалса, облыс орталықтарында шала-жансар күйінде жүзеге асады». Тәуелсіз Қазақстанда мемлекеттің бюрократиялық басқару машинасы байырғы қалпында жұмыс істейтін секілді. Астанада  қабылданған заңдар, жарлықтар, қаулылар тоғызыншы территорияның түкпір-түкпіріне жетем дегенше діңкелеп, иммунитеті әлсіреп, жадап-жүдеп жететін тәрізді ме, қалай? Болдырған құжаттың күш-қуаты болушы ма еді, толықтай жүзеге аспайтыны сол. Осы тәмсілді астанадағы керенау кеңседе қызмет ететіндердің ескергені абзал-ау. Әйтпесе,  жоғарыда қабылданған шешімдерді орындауға жергілікті әкімдіктердің ниеті түзу ғой. Әлде жоғарыдағылар тапсырманы бергенде аудандағылардың  мүмкіндігін ескермей ме?

Жалпы, елорда төрінде құзырлы орындарда қызмет ететіндер  халыққа қызмет етудің алуан түрлі әдіс-тәсілін ойластырады ғой.  Қайтсек халқымыздың қажетіне жараймыз, тұрмысын қалай жеңілдетеміз деген ойдан туған қызмет көрсету түрлері шетінен. Мәселен, сервистік қызмет халықпен байланысты жақсы жолға қоюы тиіс. Бірақ оны жергілікті әкімдіктердің жете түсінбейтіні реформаның толыққанды жүзеге асуына кедергі келтіреді емес пе. Мәселен,  Павлодар облысындағы Аққулы, Тереңкөл, Ақтоғай, Железин және Успен аудандарындағы сервистік әкімдіктер талапқа сай келмейтін ғимараттарда орналасқан көрінеді. Ал Баянауыл сервистік әкімдігі бір күн ғана ашылып, кейіннен жабылып қалған. Астанада қабылданған құжаттардың аймақтарда өз деңгейінде орындалмағаны халықтың көңіл күйіне, әлеуметтік жағдайына, жалпы билікке деген көзқарасына әсер ететіні түсінікті. Олай болса, «халық үніне құлақ асудың» басты шарты  қабылданған шешімді, берген уәдені  толыққанды орындау болмақшы...