Қоғам • 24 Қыркүйек, 2020

Балаларды кибербуллингтен қорғау маңызды - сенатор

852 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Нариман Төреғалиев вице-спикер Н.Әбдіров және өзге де сенаторлар бастаған депутаттық топтың атынан Премьер-Министрге сауал жолдады. Онда жасөспірімдерді кибербуллингтен қорғау шараларының қажет екені айтылған. Бұл тақырып соңғы уақытта БАҚ-та қызу талқылануда. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында кибербуллинг мәселесіне айрықша назар аударған болатын, деп хабарлайды Egemen.kz.

Балаларды кибербуллингтен қорғау маңызды - сенатор

Депутаттың айтуынша әлемдік статистика бойынша адам күніне 6-7 сағат интернетте отырады. Сондықтан кибербуллингтің құрбаны кез келген адам болуы мүмкін. Алайда, зардап шеккендер мен олардың қудалаушыларының негізгі жасы 11-16 жас аралығындағы жасөспірімдер, демек еліміздегі жасөспірімдердің 12%-ға жуығы осы кибербуллингтен зардап шегіп отырғанын жеткізді.

Депутат "Әлеуметтік желілер арқылы таралған ойындар "Көк кит", "Тыныш үй", "Қызыл жапалақ", "Мені сағат 04:20-да оят" т.б. дүние жүзін дүрліктіп қана қоймай енді осындай ойындар қазақ тілінде пайда бола бастағаны қоғамды алаңдатуда. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сәйкес Арыс қаласының  тұрғыны "Вконтакте" әлеуметтік желісі және "Telegram" мессенджері арқылы балаларды суицидтік сипаттағы ойындарға тартқаны  анықталды. Сондықтан дәл қазіргі қоғам үшін адамның құқықтарын, соның ішінде балалардың құқықтарын қорғау, оларды буллинг пен кибербуллингтен сақтау маңызды", - деді.

Депутат балаларды интернетте қорлаудан қорғауға қатысты әлемдік тәжірибелерден мысал келтірді. "Әлемде көптеген елдер, интернет-платформалардың қауіпсіздік деңгейін арттыру, заңнама бойынша жұмыс істеу және балаларды, олардың ата-аналарын кибербуллингтен қорғау мақсатында тиісті заңдарды қабылдауда. Германияда кибербуллинг ұйымдастырған азаматтар  10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін болса, Ресейде Қылмыстық Кодекс пен Әкімшілік Кодекске түзетулер енгізу қолдау тапты", - деді Нариман Төреғалиев.

Депутат кибербуллингтің алдын алу үшін бірқатар нақты шараны қабылдау қажет екенін айтты.

"Біріншіден, буллинг пен кибербуллингке тосқауыл қою үшін интернеттегі парақшалар мен мессенджерлердегі топтарға мониторингті күшейту, мектептер мен оқу орындарында "Кибербуллингтің зардаптары" тақырыбындағы тәрбие сағаттарын өткізу, арнайы мамандарды дайындау,  мұғалімдер мен ата-аналарға түсіндірме жұмыстарын жүргізу, информатика пәніне кибербуллингке қарсы қосымша сабақтар енгізу керек; екіншіден, балалардың интернеттегі қауіпсіздігі мен қорғалуын қамтамасыз ететін Ұлттық жоба әзірлеу қажет; үшіншіден, жекелеген мемлекеттерде кибербуллингті қылмыстық әрекет ретінде қарастыратын заңдар қолданылатынын ескере отырып, осы елдердің заңнамасын зерделеу, сондай-ақ Қазақстанда бар практиканы талдау қажет", - деді сенатор.