Саясат • 25 Қыркүйек, 2020

Мүдделі елдердің министрлері кездесті

65 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің төрағалығымен онлайн режімде Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер тобының (ТШЖДЕ) жыл сайынғы министрлік отырысы өтті.

Мүдделі елдердің министрлері кездесті

 

Кездесуге қатысушыларға БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші сессиясының Төрағасы Волкан Бозкир, БҰҰ-ның Ең осал дамушы елдер үшін Жоғары өкілі Фекитамоелоа Утоикаману сөз сөйледі.

Отырысты ашқан министр пандемиядан неғұрлым зардап шеккен осал елдердің осы тобы халықаралық әріптестер мен донорлар тарапынан барабар қолдауды талап ететінін атап өтті. Қазақстан 2020-2021 жылдарға арналған ТШЖДЕ тобының жаһандық төрағасы бола отырып, топ елдерінің мүдделерін барлық тиісті алаңдарда қорғауды және ілгерілетуді жалғастырады.

Кездесу қорытындысы бойынша топ елдерінің проблемаларын, оның ішінде әлемдік нарықтардан алыстығымен және транзиттік елдерге тәуелділігімен байланысты проблемаларды шешудегі прогресті жеделдету жөніндегі Жол картасы қабылданды. Қазақстан төраға­лығының бастамасымен жасалған құжат 2024 жылға дейінгі кезеңде осы мін­деттерді жедел іске асыру үшін барлық мүд­делі тараптардың күш-жігерін бірік­тіруге ықпал ететін болады.

Іс-шараға 200-ден астам делегат, оның ішінде ТШЖДЕ  қатарына кіретін 32 елдің және серіктес елдердің сыртқы сая­си ведомстволарының басшылары, халықаралық ұйымдар мен БҰҰ агент­тіктерінің басшылары, соның ішінде ЭСКАТО, ЕЭК, БҰҰ ӨДҰ, ХЭБО, ДКҰ, ЮНЕП және т.б. қатысты.