Өнер • 25 Қыркүйек, 2020

Стрит-арт еркіндікті сүйеді (Ұлттық музей алдындағы ашық алаңда «Стрит-арт» перфомансы өтті)

449 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Іс-шараның мақсаты – Қазақстанның бейнелеу өнері түрлерінің саналуан­дығын көрсету, соның ішінде граф­фитиді насихаттауға негізделген.

Стрит-арт еркіндікті сүйеді (Ұлттық музей алдындағы ашық алаңда «Стрит-арт» перфомансы өтті)

Стрит-арт өнерінің жаңа мүмкіндіктері көрермендерге тарихи тұлғаларға байланысты қазіргі заман тақырыбын терең ашатын ең маңызды, құнды туындыларды ұсынуымен құнды.

Аталған перфомансқа еліміздің бірқа­тар республикалық және халықаралық байқау­ларының жеңімпаздары, мемлекеттік көрмелердің қатысушылары, суретші-безендірушілер Райымбек Сәкенов пен Айдос Шекер қатысты.

– Стрит-арт – көше стиліндегі сурет. Сондықтан музейдегі суреттерден айыр­машылығы – суретшілер өздерінің ойла­рын кеңінен жеткізуге және өзінің ішіндегі ойды тоқтаусыз, шектеусіз жеткізуге мүмкіндік беретін стиль. Бұл өнер түрі негізінен батыстан келген. Кезінде суретшілерге шектеу қойып, қиын жағдай түскен кезде өздері көшеге шығып, көзқарастарын жеткізу барысында осы стиль пайда болған. Сол себепті еліміздегі біз сияқты жастарды қолдап отырғандарыңызға рахмет айтамыз, – дейді Қазақ Ұлттық университетінің 5-курс студенті А.Шекер.

Жоба аясында Ұлттық музей әлемдік пандемияның әсеріне қарамастан қалалық мәдениетті дамыту мақсатында көркемөнер құралдары арқылы көрермендерге Қазақстан бейнелеу өнерінің түрлерін ұсынды.

Мемлекеттік мәдени жобаларды кеңінен насихаттау және іске асыру аясында Абай Құнан­байұлының 175 жылдығына орай бей­нелеу өнерінің заманауи құралдары перфоманс және граффити арқылы мәде­ниет­тің, тарихтың және өнердің тұтастығын көрсету жоспарланды. Әрі суретшілер хакім Абайдың муралын салуды бастады.

Айта кетейік, музейлер – Қазақстан тарихы мен бүгінгі күннің әлеуметтік мәселелері көрініс тапқан суретшілердің жұмыстарын мәдени ортада насихаттайтын басты алаң. Бүгінгі күні граффитиді мемлекет пен қоғам арасындағы қалалық қатынас құралы ретінде қолданатын елдер саны артып келеді.