Мектеп директоры Қабыл Ғұбашевтің мәлім етуінше, заманауи білім ордасында оқушылар 9-сыныпқа дейін оқиды. Өткен оқу жылының төртінші тоқсанында интернеттің болмауынан қиындық кездесіпті. Бір сыныпта екі, ең көбі алты оқушыдан оқиды. Мұнда 16 педагог жұмыс істейді. Бірақ орыс тілі мен химия пәнінің мұғалімі жетіспейді. Екі мұғалім 40-45 шақырымдағы Тұщықұдық округінен келіп дәріс береді. Тағы біреуі 50 шақырым қашықтықта орналасқан Нарын ауылынан келеді.
– Оқушылар санының аздығына байланысты сабақ штаттық режімде өтіп жатыр. Мектептің роботтехника, биология, көркем еңбек сыныптары соңғы үлгідегі жабдықтармен қамтылды. Қазір ұлдар еңбек пәнінде станокта жұмыс істеуге машықтанады. Ал қыздар іс машинкасын пайдаланып, бетперде тігуді үйреніп жүр, – дейді директор Қ.Ғұбашев.
Оның айтуынша, қызылүйлік оқушылар бір айға жетпейтін уақытта 100-ге жуық бетперде тігіп үлгеріпті. Оларға көркем еңбек пәнінің мұғалімі Майдагүл Хайруллина дәріс береді.
– Мектептегі тігіншілік, аспаздық мамандыққа арналған құрал-жабдықтар оқушылардың мамандық таңдауына септігін тигізеді. Қазір 8-9 сыныпта оқитын қыздардың арасында тігіншілік мамандықты меңгеруге ниет білдіргендер бар. Олар бос уақытында көйлек, кеудеше тігудің қыр-сырын сұраудан жалықпайды, – дейді М.Хайруллина.
Қазір 30 отбасы мекен еткен Қызылүйдің әлі күнге шешімін таппаған мәселесі шаш етектен деуге болады. Біріншіден, елді мекенге табиғи газ желісі тартылған жоқ. Осындағы негізгі мектепті ширек ғасырдан бері басқаратын Қ.Ғұбашевтің айтуына қарағанда, бұл мәселе жыл сайын көтеріледі. Табиғи газ желісін тартудың жобасы жасалып, сараптамадан өткізіліпті. Алайда тұрғындардың «көгілдір отын» игілігін қашан көрері белгісіз болып отыр.
– Рас, біздің ауылға ауыз су жеткізетін құбыр тартылды. Бірақ біз әлі күнге малдың тезегін жағып отырмыз. Басқа амалымыз жоқ. Бұл әсіресе қыста қиындық тудырады. Табиғи газдың желісін күте-күте көзіміз талып, тағатымыз таусылатын болды. Жолдың жоқтығы тағы бар. Осы мәселелер шешімін тапса, Қызылүйге көшіп келуге ниеттілер көп, – дейді Қабыл Ғұбашев.
Екіншіден, Қызылүйдегі отбасыларда интернет желісі жоқ. Бұдан бірнеше жыл бұрын ауыл ортасына «Қазақтелеком» 20-25 метрлік мұнараны орнатқан екен. Бірақ оның еш пайдасы болмай тұр. Интернет желісі мектептің екі кабинетіне ғана қосылыпты.
– Интернеттің қиындығын айтпағанда, мобильді байланыс желісімен сөйлесудің өзі әбігерге түсіреді. Біреумен сөйлесу үшін мобильді телефонымызды жоғарыға іліп қойып, даусын шығару әдісін қолданамыз. Кейде мүлдем сөйлесе алмайтын кезіміз болады, – дейді Қ.Ғұбашев.
Тағы бір ауыл интернеттің игілігінен шет қалып отыр. Бұл – Томан елді мекені. Мұнда 1970 жылы іргетасы қаланған бастауыш мектеп бар. Оған күрделі жөндеу жүргізілгенін жоққа шығаруға болмайды. Темір жол бойында орналасқан ауылдың 1-4 сыныптарда оқитын 33 оқушысы сөмкесін арқалап, күн сайын мектепке келеді. Өйткені қашықтан білім алудың реті жоқ.
– Біздің ауылда 481 тұрғын бар. Тұрғындардың күнделікті тұрмысына қажетті ауыз су, табиғи газ желісін пайдаланып отыр. Осы кезге дейін ауылда интернет жоқ еді. Жақында «КазТранстелеком» арқылы ауылымыздың жартысына интернет желісі тартылды. Қазанның 1-іне дейін интернеттің толықтай іске қосылуын күтіп отырмыз, – дейді бастауыш мектептің меңгерушісі Жанаргүл Жанғалиева.
Оның айтуынша, биыл бастауыш мектепте ІТ-сынып толық жабдықталыпты. Бірақ әзірге оны толық пайдаланудың мүмкіндігі болмай тұр. Себебі мектепке интернет желісі тартылмаған.
– Ауылдың оқушылары 5-сыныптан кейін әр жақтағы ағайынын жағалап кетеді. Бірі Атырау қаласына, енді бірі аудан орталығындағы мектеп-интернатқа, не өзге ауылдарға барады. Бұл оқушылардың білім сапасына кері әсер етеді. Себебі бұрын үйінен жыраққа ұзап шықпаған балалар ата-анасын сағынары даусыз. Осыған орай ауылдағы білім ордасын негізгі мектепке айналдыру қажет секілді. Бұл балалардың ата-анасының жанында алаңсыз білім алуына жол ашар еді, – дейді Ж.Жанғалиева.
Атырау облысы,
Исатай ауданы