Восточный көшесінің бойында бой көтерген жаңа үйге көптен бері баспана кезегінде тұрған тұрмысы төмен отбасылар, кәмелет жасқа толған жетім балалар, мүмкіндігі шектеулілер мен көп балалы отбасылар қоныстанды. Бірақ үй жалдамалы болғандықтан, тұрғындардың ешқайсы пәтерін жекешелендіре алмайды.
Бес қабатты бұл тұрғын үйді "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы аясында жергілікті "Рудныйсоколовқұрылыс" АҚ-ның мамандары тұрғызыпты. Кеншілер қаласында былтыр көп қабатты бір тұрғын үй пайдалануға беріліп еді. Биыл жергілікті құрлысшылардың күшімен тағы бір үй салынып, ел игілігіне тапсырылып отыр.
"Су келіп тұр, жарық бар, көгілдір отын тартылған. Үйдің сапасы жоғары, қабырғалары қызыл кірпіштен көтерілді. Үш жылға кепілдік беріп отырмыз. Рудный тұрғындары үшін баспана тұрғызуды бізге сеніп тапсырған қала басшыларына алғыс айтамын. Біз қостарапты әріптестік шеңберінде әлі талай тұрғын үй тұрғызатын боламыз", деді "Таутұрғынүйқұрылыс" басқармасының басшысы Антон Дергунов.
Құрылыс басқармасы басшысының сөзінше, алдағы жылы Рудныйда тағы бір көп қабатты үйдің құрылысы қолға алынбақ.