Руханият • 28 Қыркүйек, 2020

Иманның бір жұлдызы

1168 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қасиетті Құран Кәрімнің әуелгі сүресі, әуелгі аятының әуелгі сөзі «Әлхамдүліллә», яғни Құранды толығымен қамтитын алғашқы «Фатиха» сүресінің бірінші аяты «Әлхамдүліллә Рәббил ғәләмин» деп басталады. Бұл арайлы таңның атысын, шырайлы күннің батысын, әрбір демнің тынысын, әр қозғалыстың қимылын қуаттандыратын сөз. Бұл сөзді білмейтін, яки өмірінде естімеген мұсылман жоқ шығар. Білмеген мұсылманды табу қиын болар.

Иманның бір жұлдызы

«Әлхамдүліллә» сөзінің аудармасы «Аллаға шүкір». Түбірі «Хамд» яғни мақтау-мадақтау деген мағынаны береді. Тек, бұл сөз Жаратушыға ғана қол­данылатын термин, яғни біреудің жақ­сы­лығына рахмет делінгендей, барша ризық иесі Аллаға айтылатын мадақ сөз. Әлемдегі барша мұсылман елдеріне ортақ кәлима. Тіпті араб ел­дерінде яхудейлер, яғни еврейлер және хрис­тиан өкілдері де бұл сөзді ара жік қолданады. Мағынасы жағынан олардың «Аллилуйя» сөзіне жақын, орыс тілділер «Слава Богу!» дейді.

Асылында, Аллаға шүкір сөзі – шынайы мұсылманның алғашқы «атар оғы». Әлдеқандай жетістікке жеткенде не көз-аяғы қуған мақсаты орындалғанда яки қуанғанда, дертінен айыққанда, қиналыстан шыққанда, қарны лық тойғанда ғана емес, ешбір жағдайсыз тілінің табиғи болмысына айналдырса, әбден құба-құп болар еді. Мұсылман Аллаға шүкірлік айтса, оның мәңгілігін ұмытпайды, айтпаса шайтан сілтеген қанағат­сыздыққа, тойымсыздық пен аш­көздікке ереді. Негізінде, мұсылманның Тәңіріне шүкірлік етуі – иманның бір жұлдызын жандыруы. Себебі шүкір айту ғибадат. Мұнымен Алланы риза етеді, алғысын білдіреді, екі дү­ниесінің бақыты, қиындықты жеңуіне қуат, ризы­ғын көбейтеді. Тек, бұл сөзді тіл­мен сылдыратып суша ағыза салмай, жан-тәнімен сезініп, жүрегі қабылдауы тиіс. Ал жүректегі шүкірлік тілдің ұшымен сырт­қа шығып, амалға айналса, рухы мен тәнінің бақытын табады. Алайда, осы ғажайып сөздің құнын әлі күнге баға­ламайтын қаймана қазақтар бар. Осыншама нығметтің шексіз санына жете алмайтын адам баласына не деу­ге болады? Алланың бергеніне де, бер­мегеніне де шүкір еткен қандай жақс­ы. Осы өмірге келудің өзі Алланың қалауын­дағы ұлы нәсіп. Тегінде, мұны да көтере алмай, кей әлсіз пенделер ой-санасын бұрқыратып, өмірін өздері үзіп жатуы осы шүкірліктің болмауынан.

...Таң сәріде шырылдаған қоңыраудан оянасыз, дауысын естіп тұрсыз. Жылы төсектен тұруға, жастықтан басыңызды көтеруге ерініп жатырсыз. Ойлаңызшы, бейбіт елде, өз шаңырағыңызда, мамық көр­пенің астында, сау күйіңізде оянды­ңыз. Өміріңіздің тағы бір таңын көру нәсіп болды. Нақ осы тұста Аллаға шүкір етіп, әлхамдүлілләні айтыңыз, ерін­беңіз. Бұл сөзден жаңылмаңыз, еш­қашан ұмытпаңыз, жаттап алыңыз, нәпсі­ден жығылмаңыз. Жай ғана айтып қоя салмай, іштей жүрегіңізбен Аллаға имені­ңіз. Бұл тірі екеніңіз, кіші өлім төсегі­нен аман-есен тұрғаныңызды білдіретін белгіңіз, Ұлы Алланы дәріптегеніңіз! Өйткені дәл осы таңды атырмай, көз­дерін ашпастан, жатқан орнынан тұра алмай, мәңгілік ұйқыға кеткен жандар баршылық. Ал сіз аман-сау ояндыңыз! «Сен біле білсең, әрбір дем алған тыны­сың үшін, Алла тағалаға екі рет шүкір ету сөзі мойныңа қарыз. Өйткені сенің әрбір алған демің – өмір, әрбір берген тынысың – өлім екенін, соңында Алланың құзырында саған бе­ріл­ген нығметтің есебін беретініңді ұмытпа» деген ғалымның сөзінде таным бар.

Таң арайланды, мазалаған ештеңе жоқ. Терең тыныс алып, емін-еркін керіл­діңіз. Бір сәтке болсын, аяқ алысы­ңызды жобалап үлгердіңіз. Енді ойла­ңызшы, аурухананың жан сақтау бөлі­мінде екі дүниенің ортасындағы нау­қас­тардың қазіргі күйін. Өліммен күресу кімнің қолынан келген, амалсыз сынақ­қа көніп жатыр. Жақындары жандарын шүберекке түйіп, аурухананы торуылдап, науқастың хал-жағдайын білу­ге есігіне телміруде. Ал сіз өзге жан­ның қол көмегінсіз өз төсегіңізден кеу­де­ңіз­ді көтердіңіз. Екі аяғыңызды тік­теп, ор­ны­­ңыздан тұрдыңыз, жерді бас­ты­ңыз. Құдай берген он екі мүшеңіз сау. Білі­ңіз, қолымнан демеп отырғыза ма деп, төсекте баласы мен келініне қарай­лап, ішінен шыққан өз баласына өзі жәу­тең­деген жандар барын. Немесе жата-жата жауырыны, отыра-отыра жамбасы жауыр болып тесілген, басын көтерсе жата алмайтын, жатса отыра алмайтын, сүлдері сүрленген адамдар мұндайды істей алмайды. Ал сіз екі аяғыңызбен әжетке бардыңыз... Әжетханадан оң аяқ­пен аттап шыққан соң, ардақты Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың «Аллам! Менің денемде маған азап беретін, мені қинайтын, мені мазалайтын нәрсені денемнен шығарып тастап, маған жақсы хәл бергенің үшін, Аллам саған шүкірлер болсын» деген дұғасын іштей оқыдыңыз ба? Немесе Аллаға шүкірлік айттыңыз ба? Біле білсеңіз, бүйірлерін тесіп, түтікше салып, ыдыспен жүретіндер қаншама? Олар ештеңеге қарамастан, жол бойына тоқтай қалып, кейде дәрет ұсатады. Себебі нәжістің қинауына шыдамайды. Ал ішіп-жегенін немесе сыртқа жіберіп қойғанын білмей, ес-тұсынан айрылған меңіреу не болмаса айықпас дертке шалдығып, темір төсекке таңылғандар ше? Ол жандардың арманы айтпаса да түсінікті болар? Ал сіз дәреттен кейін, беті-қолыңызды жудыңыз, содан соң «Аллам! Мына суды тазалаушы етіп жаратқаның үшін саған шүкірлер болсын» деген дұғаның оқылатынын біл­діңіз бе? Мұны да Алла елшісі (с.ғ.с) үйреткен! Сол су болмаса, қай көңі­лі­ңіз­бен дастарқанға отырар едіңіз? Біле білсеңіз, дәретке барғанда тетігін бір басып, нәжісті шұр еткізіп шайып жіберетін бес литр суды сонау Африка елдерінде ішуге зар, әр тамшысы арман! Сонда да Аллаға шүкірлік айту сізге арзымай ма?

Терезеден ішке төгілген күн шуағы­на еліктеген екі көзіңіз даланы бақы­ла­­ды. Сырттан табиғат пен жүргін­ші­лер­ді көрдіңіз. Алысқа көз тастады­ңыз, арманға берілдіңіз. Енді қараңыз, көз­дері мүлдем көрмейтін, таяғын жерге ұрғылап, жүрер жолында біреудің жете­гіне мұқтаж соқыр жандар мұндайды көре алмайды. Бір кезде әсем құстардың шиқылы, жасыл жапырақтардың сыбдыры, самал желдің лебі, ұзын көшенің шуы­­лына құлағыңыз елең етті. Ал өмі­рін­­де ешқандай дыбысты, анасының аяу­­лы сөзін, перзенттерінің күлкісін ес­ті­­­меген, әйелінің, күйеуінің, үй-іші­нің сөзін ұқпайтын құлағының мүкісі бар са­ңырау, сөйлеу қабілетінен айырыл­ған мы­лқау пенделер, қол арбаға таңыл­ған мү­­ге­дектер ше? Қалай ойлайсыз, олар­дың күні қалай басталады, немен аяқталады?

Дастарқаныңызға қарадыңыз. Ыстық буы бұқыраған еттен, жұпар иісі аңқыған бауыр­сақтан, бал тамған күлшеден, шай тарт­қызар құрттан жаныңыз жайнап сала береді. Сонау ғасырдағы Алла ел­­ші­сінің (с.ғ.с) немесе кешегі өткен ата-бабаңыздың алдында мұндай дәмділер мен тәттілер­дің бірі болған емес. Олардың алдында болмаған дас­тар­қанда отырсыз, олар жемеген асты жеуге даярсыз. Алдыңызда үзілген не қат­қан нанның сынығы да жоқ, болса да жемес едіңіз. Қазақта мұндайды «Іш­кені алдында, ішпегені артында» дейді. Әлемнің пайғамбары Мұхаммед (с.ғ.с)-ның неке дастарханында қой мен ешкінің терісі жайылып, құрма мен су ғана қойылған. «Бір нан, яки бір тіс­тем ет жоқ еді» деп жеткізеді сахабалары. Немесе кешегі ата-әжелеріміздің таға­мы құр­ғаған нан мен сарғайған май еді ғой. Бір тістем қант та болмаған. Ал осы дас­тар­қаныңыздағы дәмге әртүрлі рең мен дәм берген Алла емес пе? Сонда аштық пен шөлдікті көрмесін деген Жаратушыңа шүкірлік айту сізге соншалықты қиын ба?

Жалғыз едіңіз, жаныңызға жұп берді, одан өрбітіп ұрпақ берді. Ал өмірінде жұпсыз, уақытын жалғыздықпен өткі­зетін жандар ше? Жалғыздық тек Жара­ту­шыға ғана жарасымды. Жұп құрса да, жылдар бойына сәбидің иісіне зар, пер­зентсіз жүргендер қаншама? Ал сіз немере көрдіңіз, көрмесеңіз алдағы уақытта бұйыртса көресіз, солардың қызығына қуанып, шыжығына күйінетін боласыз. Сізді Алла ардақтап, өміріңізге мейірімін төкті, құрметтеп жұбайыңызды жар етті, қамқорлықпен несібеңізді молайтты, жанашырлықпен ұрпағыңызды көрсетті. Сонда да, осы шалқыған бақыт үшін шүкірлік айтуға Алла лайықты емес пе әлде бір сөзді оған қимайсыз ба?

«Дін екі бөліктен тұрады. Бірі шүкір, екінші жартысы сабыр» деген ұлағат­ты хадис бар. Тоқетері, Аллаға шүкір­лік айту ұятыңызды оятады, ниеті­ңіз­ді құлшындырады, тәубеңе келті­реді, сабырлыққа тәрбиелейді, қанағат­ты­лыққа үйретеді. Зұлымнан алыстата­ды, әділеттікке жақындатады, мейірім­ді­лік­ке бағыттайды, барды бағалатады, өмір­дің әр сәтіне дұрыс бағдар береді. Ен­деше, әрбір таңда көзіңізді ашқанда, терең дем алғанда, орныңыздан тұрғанда, ай­на­ланы барлағанда, аяғыңызды бас­қан­да, қолыңызбен қимылдағанда, жү­ре­гіңізді тыңдағанда, ойыңызды сап­та­ғанда, әсіресе түшкіргенде тіліңіз осы бір көркем сөзді айтудан мақұрым қалма­сын. Шүкірлік сіздің қуатыңыз!

 

Нұрлан қажы БАЙЖІГІТҰЛЫ,

дінтанушы имам

Соңғы жаңалықтар

Көлікпен дәулет құраған

Қоғам • Бүгін, 10:40

Әлжанның алтын медалі

Таным • Бүгін, 10:20

Ақылды келіншек

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 10:00