Суретті түсірген Ерлан Омар, EQ
– Түрлі талдаулар жүргізілді, соның нәтижесіне сүйене отырып, орта есеппен «көлеңкелі» бизнестің көлемі 20-30 пайыз деуге болады. Ол негізінен сауда саласында шоғырланған. Бұл салада бизнес 10-15 жыл бойы тіркелмеуі мүмкін. «Көлеңкелі» экономиканың барлық себебі белгілі. Сондықтан Үкіметтің оған қарсы күресуге арналған ауқымды жоспары бар, – деді А.Мырзахметов.
Басқарма төрағасы айтқандай, «базар экономикасы» да «көлеңкелі» нарыққа жатады. Бір жағынан тұтынушыға базардағы тауардың құны арзан болып көрінеді. Әрине, тиісті салығы төленбегендіктен тауардың құны арзан болатыны түсінікті. Ал түптеп келгенде бұл Үкіметке де, тұтынушыға да үлкен залал келтіреді. Себебі бұл тауарлар тиісінше сертификаттан өтпеген, яғни сапасы күмәнді.
Брифинг барысында А.Мырзахметов «көлеңкелі» экономикамен күрес шараларына тоқталып өтті.
– Оны жою үшін қолма-қол қаражатты азайту керек. Барлығы банктегі есепшоты арқылы жүргізіліп, тұтынушы мен кәсіпкер арасындағы қарым-қатынас карталық немесе цифрлы жүйеге көшуі қажет. Сондықтан осы тұрғыда Ұлттық банктің де шешімі қабылданды. Цифрландырудың дамуы «көлеңкелі» экономикаға тосқауыл қоюға ықпал етеді. Үкіметтің бұл бағыттағы жоспарын қолдаймыз. Біз де кәсіпкерлердің толық цифрлық тізіміне көшіп жатырмыз. Қазан айының аяғында съезд өтіп, онда нақты шараларды таныстырамыз, – деді А.Мырзахметов.
Оның пікірінше, елімізде бизнесті реттеудің жаңа жүйесін жасауға бір жыл уақыт кетеді. Жаңа жүйені жасау барысында Грузияның, Балтық елдерінің тәжірибесі негізге алынады.
– Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында барлық процесті қағаздан цифрға көшіруді міндеттеді. Заман талаптарына жауап беретін жаңа жүйені жасауға бір жыл берілді. Бұл ұзақ уақыттан бері айтылып келе жатқан өте өзекті әрі күрделі проблема. Оның шешімін табу бизнесті дамытуға үлкен серпін береді, – деді ол.
Брифингте ол коронавирус пандемиясына байланысты отандық бизнес секторы қиын жағдайға ұшырағанын жеткізді. Атап айтқанда, 800 мың кәсіпкер күрделі проблемамен бетпе-бет келіп, 500 мыңы қызметін тоқтатуға мәжбүр болған.
– 200 мыңға тарта кәсіпкер әлі жұмысын толыққанды жүргізе алмай отыр. Мәселен, қоғамдық тамақтану нысандарына жұмыс істеуге рұқсат берілгенімен, мейрамхана, дәмхана және асханалардың 20 пайызы қайтадан ашылған жоқ. Олар шектеу шараларына байланысты жұмысын қарқынды түрде жүргізе алмағандықтан, шыққан шығындарын да өтей алмайды, – деді палата төрағасы.
Соның салдарынан биылғы 8 айда қызмет көрсету саласындағы жұмыс 6,1 пайызға құлдырап, ІЖӨ 3 пайызға төмендеген. Пандемиядан бірінші кезекте қызмет көрсету саласы зардап шекті. Кинотеатрлар, фуд-корттар, ойын салалары мен қоғамдық тамақтану нысандары үлкен шығынға батты.
«Атамекен» палатасы саладағы ахуалды білу үшін арнайы сауалдама жүргізген. Қорытындысында кәсіпкерлердің 10 пайызы банкрот болуға жақын тұрғаны анықталды. Сауалдамаға қатысушылардың 30 пайызы қызметкерлер штатын қысқартуға кіріскелі отырғанын айтыпты.
– Бизнестің жағдайы мәз емес, Үкімет ұсынған шараларды белсенді түрде пайдаланбаса болмайды, – деген А.Мырзахметов коронавирустың екінші толқыны келген жағдайда бизнеске әлеуметтік төлем арқылы жасалатын көмекті ұлғайту керек деп санайды. Айталық, АҚШ билігі бизнесмендерді нарықта сақтап қалу үшін оларға нөл пайыздық мөлшерлемемен қарыз берді. Бір айта кетерлігі, қарыз алған кәсіпкер карантин кезінде штаттағы қызметкерлерінің 80 пайызын қысқарудан сақтап қалса, оның берешегі толық кешіріледі. Қазақстан да басқа мемлекеттердің тәжірибесіне сүйеніп, бизнеске 0-2 пайыздық мөлшерлемемен 1-1,5 жылға несие бергені жөн. Егер кәсіпорын жұмысын тоқтатпаса, жұмысшыларының 80-90 пайызын сақтап қалса, клиенттердің аздығына байланысты табыс таба алмаса, онда несиесін кешіру керек.
А.Мырзахметовтің пайымдауынша, коронавирустың екінші толқыны келген жағдайдың өзінде локдаунға кетудің қажеті жоқ. Егер тағы бір-екі ай локдаун болса, бұл экономика үшін тым ауыр тиетінін айтқан ол Үкіметті карантин жарияланса да кәсіпорындардың жұмысын толық тоқтатпауға шақырды.
Екі жылдан бері елімізде ауылшаруашылық саласына берілетін субсидия «Қолдау» порталы арқылы жүргізіле бастаған-ды. Соңғы уақытта бұл жүйенің тиімсіз және түсініксіз жақтары туралы пікірлер жиілеп кетті. А.Мырзахметов осыған орай:
– «Қолдау» ақпараттық жүйесіне қатысты мәселе көп. Біз бұл проблемалармен жақсы таныспыз және проблемаларды үнемі көтеріп келеміз. «Қолдау» қағазбастылықтан арылуға, ашық жұмыс істеуге, жерді цифрландыруға көмектесуі керек еді. Өкінішке қарай, дайындықсыз, қанатқақты жобаларсыз, мамандардың пікірімен санаспай, тез енгізілген кез келген жобада олқылық көп болады. Мұндай олқылықтар 2019 жылдан басталды, бізге фермерлерден көп шағым түсті. Екіншіден, интернет жоқ жерлер елімізде аз емес. Әсіресе ауылдық елді мекендердің үштен бірі интернетсіз отыр. Сол себепті фермерлер субсидия алу үшін аудан орталықтарына барып, өтінімді сол жақтан беруге мәжбүр. Үшіншіден, ақпараттық жүйені қолдану формуласы өте күрделі. Ең бастысы, бұл мемлекеттік қызмет, мемлекеттің фермерлерге көрсетіп отырған қолдауы емес пе еді?! Бірақ ақылы болып шыға келді. Сол себепті фермерлердің ашуын туғызып отыр, олардың ашулануы орынды, – деді. «Атамекен» палатасы «Қолдау» ақпараттық жүйесі қолданатын компаниялармен келіссөз жүргізуге тырысқанымен, одан еш нәтиже шықпаған.
А.Мырзахметов бұл мемлекеттің қолға алған шарасы болғандықтан, жүйенің шығыны да бюджеттен өтелуі керек деп санайды. Салық төлеп отырған фермерлерге бұл шығынның қатысы болмауы керек.
– Егер «Қолдау» бұл мәселені шеше алмаса, біз басқа жол ұсынамыз. Ауыл шаруашылығы министрлігінің басқа да жүйелері, айталық egov бар. Мен бұл жағдайды Премьер-Министрге баяндадым. Үкімет басшысы Табиғи монополияларды реттеу комитетіне тапсырды, зерттеу жүріп жатыр. Біз бір ай көлемінде проблеманың түйіні тарқатылады деп үміттенеміз. Үкімет басшысы 15 қазанға дейін мәселені шешуді тапсырды, – деді ол.