Медицина • 28 Қыркүйек, 2020

Хирургтар ер адамның асқазанынан 25 см арматура алды

387 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ер адам бүгін ғана хирургтарға асқазанында 2,5 жылдан бері арматура жүргенін айтып жүгініпті. Жедел жәрдем дәрігерлері үшін денедегі бөтен затты шығару күрделі операция емес. 54 минут ішінде операциялық бригада тапсырманы сәтті орындап шықты, деп хабарлайды Egemen.kz

Хирургтар ер адамның асқазанынан 25 см арматура алды

"Бүгін, 28 қыркүйек күні пациент ауруханаға эпигастрий аймағындағы өткір ауырсыну шағымымен келді. Пациенттің айтуынша, екі жыл бұрын ол тергеу изоляторында болған, сол жерде арматураны жұтып қойған. Рентгенологиялық диагностика нәтижесінде пациенттің айтқаны расталып, ер адамға дереу лапаротомия, гастротомия, денедегі бөгде затты алу үшін ота жасалынды. Операция сәтті өтіп, науқас палатаға ауыстырылды",  деді №4 Қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөлімшесінің хирургі Темірхан Қожахметов.

Дәрігерлер 2 жылдан астам уақыт бойы асқазандағы металл зат қиындық тудырмағанына таң қалып, бұрын-соңды болмаған оқиға деп отыр. Себебі бөтен зат ішкі денеден басқа жерге ауыспай немесе асқазанның қабырғасына зақым келтірмеген. Перфорация және қысым жаралары мұндай жағдайларда жиі кездесетін асқынулар. Перфорация деп бөтен заттың асқазан-он екі елі ішектің құрамына еніп, бос іш қуысына енуін айтады.

Айта кетейік, операциялық бригада құрамында хирург – Қожахметов Темірхан Көлібайұлы, ассистент – Мұқашев Бағлан, анестезиологтар – Кисебаев Дамир және Уставицкая Светлана, операциялық мейірбике – Язовская Оксана, санитар – Қамалова Мадина болды.